"Ескі Қазақстанның өкілдері орнынан айырылғысы келмейді". Депутат былықтың бетін ашты

Сағыныш Сардарова 19 февр. 2024 11:53 2688

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек "Қасқа жол" YouTube-арнасына берген сұхбатында Қазақстанның миллиондаған гектар ұлан байтақ жері жеке адамдарға заңсыз өтіп кеткенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, бір мемлекеттердің 30 пайыз көлемін алатын жер Қазақстанда тек бір компанияның қолында.

"10 миллион жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. 10 миллион бостан-бос жер емес. Қарағанды облысында 1 миллион гектар жер бір ЖШС-ның қолында. Көбі "қарапайымнан жерді аласыздар да, үлкен дөкейлерден алмайсыздар" дейді. Бұл жұмыс енді басталды. Бүкіл әкімдіктің бақылау функцияларын жер ресурсын басқару комитетіне енді ғана қайтарды. Оған арыз жаздық. Сөйтіп, жеңіске жетіп, толық өкілеттілікті бердік", - дейді Базарбек.

2022 жылы қыркүйектен бастап Қазақстанда жер саласына қатысты мораторий алынып тасталған. Депутат осы кезде 5 мың субъектіге тексеріс ашылғанын жеткізді. Ал былтыр 10 миллион жер қайтарылған.

"Онымен шектелмейміз. Қанша жер заңсыз кетіп қалғанын білмейміз. 30 жылда берілген жерлер. Жер кодексі нормаларына қарамай, ағасы, көкесі, Жәкесі, інісі, бауыры, анау олигархтың, мына прокурордың, анау әкімнің туған-туыстарына, тамырларына бере берген. Енді әділдікті қалпына келтіріп жатырмыз. Әп сәтте бәрін алып қою мүмкін емес.

Ескі Қазақстанның өкілдері барлық жерде отыр, айырылғысы келмейді. Олигархтың артында сол ауданның прокуроры отыр. Ол "иә, иә, олигархтардан жерді аламыз" дейді. Эфир біткеннен кейін олигархты шақырып алып, "сенің жеріңді тексерейін деп жатыр, мына жерді ананың атына рәсімдеп жібер, мен саған жолдарын көрсетіп отырамын" дейді.

Билікте қазір Ескі Қазақстанның өкілдері бар. Олар прокуратурада отыр, облыстық әкімдікте отыр, министрлікте отыр. Сондықтан Ескі Қазақстанның өкілдерінен тазартуымыз керек", - деді депутат.


Рекомендовать
Последние новости