"Есепшісі - Қазақстан азаматы". Бұлғарияда басқыншыларға тауар тасыған қылмыстық топ ұсталды

Dalanews 11 окт. 2023 07:35 919

Бұлғарияның қауіпсіздік агенттігі Украинадағы ресейлік арнайы күштер үшін санкциялық тауарларды заңсыз тасымалдаған 12 адамды қамауға алды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ұсталғандардың арасында бұлғарлар, ресейліктер, беларустер мен Албания азаматы бар.

«Компанияның иесі Грузияда туған грек азаматы, есепшісі қазақстандық, менеджерлер және логистикаға жауапты адамдар ресейліктер. Топта белорус пен албан азаматы да бар», - деді Бұлғарияның барлау қызметінің (SANS) басшысы Пламен Төнчев.

SANS агенттігінің хабарлауынша, қылмыстық топ Украинадағы ресейлік арнайы бөлімшелерге – Ресей гвардиясына, әскери барлау қызметіне, Вагнер мен шешен содырларына арналған тауарларды экспорттаумен айналысқан.

Тінту кезінде оптикалық көздеуіштер мен дүрбілер табылды. Қылмыстық топ бұдан бөлек бағдарламалық өнімдерді, авиациялық радиоқабылдағыштар мен баллистикалық есептегіштерді Бұлғария жерінен жібергені туралы деректер бар.

Ел билігі бұл өнімдер Ресейдің тұрақты армиясына емес, Украина аумағында соғысып жатқан арнайы жасақтарға арналған деп мәлімдеді.


Тергеу барысында жиналған мәліметтерге сәйкес, күдіктілер жұмыс істеген компания шамамен 2 миллион еуроға бағаланған тауар сатып алған. Тауар Пловдив қаласында жүк көлігіне тиеліп, кейін София әуежайы арқылы Украинадағы басқыншылар басып алған аймақтарға жөнелтілген.

Күдіктілердің кейбірі Ресейге ұшпас бұрын София әуежайында ұсталды, куәгерлерден жауап алу жалғасуда.

Қылмыстық топ Еуроодақ аймағындағы Ресейге экспорттауға тыйым салынған тауарларды сатып алған, бұларға Ұлыбритания, Швейцария, Сербия, Сингапур және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі сыбайластары көмектескен.

«Еуроодақ пен НАТО мүшесі ретінде Бұлғария Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін Ресей Федерациясына салынған санкцияларды сақтауға міндеттеме алды», - дейді бұл орайда Бас прокурордың орынбасары Мария Павлова.

Елдің барлау басқармасының басшысы Пламен Тончевтың мәлім еткеніндей қылмыстық топты құрықтауға Еуропадағы бірнеше мемлекеттің қауіпсіздік қызметі атсалысқан.

"Операция София әуежайында басталды, алдымен топтың бес мүшесі ұсталды.  Украинадағы соғыс пен Таяу Шығыстағы оқиғаларды ескере отырып, істі барынша құпия әрі мұқият жүргізуге тырыстық», - деді Тончев.

https://dalanews.kz/sadak/93825-kiikter-shamadan-tys-kobeyip-ketti-shar

Рекомендовать
Последние новости