«Esentai Mall-дан несиеге алады»: қаржыгер бай блогерлердің былығын әшкереледі

Көркем Алдабергенова 21 апр. 2025 12:48 2065

Қаржыгер Күнекей Нұрлан Жанар Байсемізге берген сұхбатында ғылыми диссертациясы аясында Қазақстандағы кейбір блогерлердің елді қымбат заттарды несиеге алып алдауы туралы зерттеу жүргізгенін айтты. Ол бұл әрекеттердің қоғамға зиянды екенін нақты мысалдармен келтіріп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржыгердің айтуынша, халықтың ішкі қаржылық тұрақсыздығы мен сенімсіздігі – жалған өмір салтын көрсететін блогерлер, әртістер мен инфобизнесмендердің көбеюіне себеп болып отыр.

«Қазір адамдардың ішкі тұрақсыздығынан хайп қуғандар көбейді. Олар жұртты әсерлеу үшін өз өмірлерін әдейі әдемілеп көрсетеді. Мен өз блогымда “блогерлер сіздің қаржылық шешімдеріңізге әсер ете ме?” деген сауалнама жүргіздім. Респонденттердің 60%-ы “иә, кәдімгідей әсер етеді” деп жауап берді. Ал менің аудиториям – ойланатын аудитория», – дейді Күнекей.

Қаржыгер диссертациясы аясында блогерлердің қымбат тауарларды жалға алып, жалған өмір салтын көрсететіні туралы нақты деректерді жинағанын айтты.

«Жылдам байып кету, бизнес-класс ұшақпен ұшу, бренд киім кию — бәрі де әсер етудің мысалы. Мысалы, малшы адам бизнес-класспен ұшпас бұрын “маған шынымен бұл билет керек пе?” деп ойлануы керек. Мұғалім Gucci аяқ киімін алғысы келсе, алдымен “бұл туфли менің өмірімді жақсарта ма?” деп өзіне сұрақ қойсын. Ал блогерлер “Esentai Mall-ға” барып, халықтың назарын аудару үшін несиеге қымбат киімдер алып, автосалондардан көліктер мен қызыл бантиктерді жалға алады. Бұл — мен зерттеген нақты деректер», — дейді ол.

Күнекейдің айтуынша, қаржылық тұрақтылыққа кемінде 3–4 жыл қажырлы еңбекпен ғана жетуге болады. Ал кейбір блогерлер «мен сияқты бай болғың келсе, 9 мың теңгеге курсыма жазыл» деп жалған уәделермен жұртты адастырады.

«Cartier-дің әшекейін бөліп төлеуге алу – бұл шектен шыққандық. Бұл халыққа өтірік айтып, олардың сенімін пайдалану. Шын мәнінде, адам ішкі тұрақтылыққа ие болмаса, сыртқы факторлардың ықпалымен дұрыс шешім қабылдай алмайды», – дейді Күнекей Нұрлан.


Рекомендовать
Последние новости