Қазақстандағы құрылыс алаңдарында STALFORM белгісі бар ауыр металл құрылымдар жиі кездесіп жүр. Бұл компания соңғы жылдары опалубка мен құрылысқа арналған тіреуіш жүйелерді өндірушілер арасында өз орнын тапты. STALFORM жүйелері тұрғын үйлер, көпірлер, тіпті кеме жасау мен концерт алаңдарындағы сахналарды құрастыру кезінде де қолданылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Опалубка» деген бір қарағанда құрғақ сөздің артында не жатыр? STALFORM шығаратын әртүрлі тіреуіш жүйелердің ерекшелігі неде?
Cup-Lock: бетон мен желге сенімді жүйе
Cup-Lock — STALFORM жүйелерінің ішіндегі ең ауыр артиллерия. Бұл жүйе 20 метрге дейінгі биіктікте монолитті жабындарды құю, көпірлерді жөндеу, мұнай өнеркәсібі мен кеме жөндеу доктарында пайдаланылады. Құрастыру механизмі — ересектерге арналған конструктор іспеттес: тік тіректер ригельдермен арнайы «чашкалар» арқылы жалғанады да, балғаның бір соққысымен бекітіледі.
Бұл жүйе ауыр салмақты көтеруге арналған. Бекіткіштер жай шойыннан емес, болат қосылған арнайы қорытпадан жасалған. Cup-Lock жүйесінің басты артықшылығы — беріктікпен қатар жылдам құралуы. Бұл ірі құрылыс нысандарында аса маңызды.
Table Form: көпқабатты үйлерге арналған үстел
Table Form — әмбебап рамалық опалубка жүйесі. Шын мәнінде, бұл қабатаралық жабындарды бетондау кезінде опалубка қалқандарын ұстап тұратын берік қаңқа. Диагональдар мен рамаларды біріктіре отырып, бұл құрылым уақытша тіреу немесе сатылы мұнара ретінде де қолданылуы мүмкін. Максималды биіктігі — 18 метр.
Table Form жүйесінің ерекшелігі — биіктікті дәл реттеу мүмкіндігі. Бұл үшін қосымша қондырмалар, тіреуіштер және унивилкалар қолданылады.
Socket: құлыпсыз және қарапайым
Socket — құрылымы жағынан ең қарапайым, бірақ сенімді жүйе. Оны тіректерді бірінің үстіне бірін «стакан» тәрізді орнату арқылы құрастырады — бекіткіштер мен құлыптар қажет емес. Бұл жүйе монтажды да, сақтауды да жеңілдетеді. Әсіресе, типтік монолитті құрылыстарда ыңғайлы.
Тіректер арасындағы қашықтықты икемді түрде өзгертуге болады, ал биіктікті нақты реттеу үшін унивилкалар қолданылады. Негізгі элементтер профильді және дөңгелек құбырлардан жасалады — таңдау қажетті жүк көтергіштікке байланысты.
Клинді тіреуіштер: фасадқа ұқыпты қатынас
Фасадтық немесе клинді тіреуіштер — ғимарат пішіні маңызды болған жағдайда пайдаланылады. Құрылым кез келген иіске бейімделе алады. Бұл жүйе тек адамдар мен материалдарды ғана емес, ауыр жабдықты да көтере алады.
Тік тіректерде арнайы ойықтары бар фланецтер орналасқан. Сол жерге диагональдар мен ригельдер кіргізіліп, клин арқылы бекітіледі. Мұндай шешім монтажды жеңілдетіп, әсіресе тарихи нысандарды қалпына келтіру кезінде пайдалы — ол кезде қабырғаларға түсетін қысым аз болуы қажет.
Mesa Flex: ауыр салмақ пен дауылға төтеп беретін жүйе
Mesa Flex сериясы екі санаттан тұрады: MF-60 және MF-40. Біріншісі ауыр жүйе — бір тірекке 60 кН дейін салмақ түсіре алады, ал екіншісі стандартты — 40 кН дейін. Бұл жүйелер күрделі инженерлік тапсырмаларға арналған, соның ішінде жел мен динамикалық жүктемелер жоғары болатын жағдайда. Барлық элементтер ыстық мырышпен қапталған — бұл тоттанудан қорғайды.
Mesa Flex көбіне ірі құрылыстарда — көпірлерде, өндірістік ғимараттарда, көпқабатты конструкциялар бар нысандарда кездеседі. Бұл жүйе минималды компоненттерден тұрады, сондықтан құрастыруға аз уақыт кетеді және қателесу ықтималдығы азаяды.