Ермұхамет Ертісбаев: "Әблязовпен дебатқа түсуімді Назарбаев қолдамады"

Dalanews 20 янв. 2020 09:30 1008

Dalanews.kz cаясаткер Ермұхамет Ертісбаевтың журналист Арманжан Байтасовқа берген сұхбатын ықшамдап ұсынды.

Назарбаев дұрыс таңдау жасады


Ертісбаев Назарбаевтың таңдауы неліктен Тоқаевқа түскенін былайша тарқатып түсіндіріпті:

«Тұңғыш Президент 19 наурызда сөйлеген сөзінде Тоқаевты ең лайықты тұлға деп атады. Бұл шешуші сәт-тұғын.

Назарбаев бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде қарады. Бұл орынтаққа бір емес, бірнеше тілді меңгерген интеллектуалды таңдады.


Оның алдында Тоқаевтың БҰҰ-ға іссапарға аттанып, Бас хатшының орынбасары қызметіне тағайындалуы да Назарбаевтың тарапынан алдын ала ойластырылған болуы мүмкін.

Тоқаев телегей тәжірибе жинап қайтты. Оны БҰҰ-дағы 192 ел түгел біледі. Елбасының төңірегіндегі алды да, арты да таза адамның бірі осы – Тоқаев.

Оның өткен өмірінде коррупциямен байланысты немесе басқа бір күдік туғызатын көлеңкелі сәттер болса, Қазақстанның қазіргі Президенті БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметіне тағайындалмас еді.

Тоқаевты таңдаған тұста Назарбаев Қазақстанның бүгіні мен ертеңін ойлап таңдау жасады».

«Кітапхана» мен Ақорда араз емес


Ертісбаев елде қос билік орнап, «Кітапхана» мен Ақорда арасында қырғи-қабақ орнады деген болжамды жоққа шығаруға тырысыпты. Оның айтуынша, елде жұп билік жоқ, Назарбаев билікті жартылай емес, толықтай тапсырып берген.

«Тоқаев түнеугүні Deutsche Welle-ге сұхбат берді. Сұхбатында болған іс болды деп, барымен базар болуға шақырды.

Билік ауысуы осындай жолмен жүрді. Бірақ бәзбіреу айтып жүргендей, жұп билік жоқ бізде. Жұп билік болған жағдайда екі тарап ұстасып, тақ үшін талас жүргізер еді.

Назарбаев пен Тоқаев билік үшін жаға жыртысады деу таза ақымақшылық. Мұндай идеяны бізге сырттан таңып отыр, әлдебіреу жағдайдың дәл осы бағытта өрбігенін көруге құштар. Бұл орындалмас арман. Бұлай болмайды да.

Назарбаев халықтың  Тоқаевтың төңірегіне топтасқанына мүдделі. Ол мына біздердің жаңа басшыны қолдау керегімізді әлденеше рет айтты.


2006 жылы Ақпарат министрі боп тағайындалған тұста Назарбаев кабинетіне шақырып, маған орынбасар етіп алуға өз кандидатын ұсынды.

Мен бас тарттым. Себебі министрліктің кадр құрамын жасақтап қойғанмын. Елбасы қолқалаған жоқ. Осының өзінен-ақ Назарбаевтың кадр саясатына аса араласпайтынын, бәрін өз бақылауында ұстауға тырыспайтынын байқауға болады.

 

«Нұр Отанның» шоқтығы биік, ол тағы да топ жарады


Ертісбаевтың айтуынша, осы жолғы Парламент сайлауында «Нұр Отан» тағы да оза шабады.

«Парламентке қандай партиялар өтетінін кесіп-пішіп айта алмаймын. Алайда бұлардың арасында «Нұр Отанның» шоқтығы биік. Партияның позициясы нық, биліктің барлық органында және Мәжілісте өкілдері отыр.

Тоқаев бірқатар шешім шығарып, оппозицияның Парламентке өтуіне жеңілдік жасады. Биліктегілер қоғамдағы қалыптасып жатқан наразы көңіл күйдің тамырын тап басып отыр.

Бұл көңіл күй бір емес, екі мәрте девальвацияға ұшыраған ұлттық валютаның әлсіреуі нәтижесінде қалыптасты.

Өз басым қоғам өз пікірін алаңға шығып ереуіл ұйымдастырмай-ақ, Парламентте айтуы тиіс деп санаймын.

Парламенттің пәрменін жоғалтпай, бет-әлпетін сақтап қалар жалғыз жол – парламенттік оппозицияның болуы. Саяси плюрализм – қалыпты дүние. Маған мұндай амал-тәсіл ұнайды».

Әблязовтің ой-өресі таяз


Былтырғы жылы қуғындағы банкир, оппозиционер Әблязовпен ұстасқан Ертісбаев «Мұхтарды ой-өресі шектеулі, елді төңкеруден өзге ойы жоқ әдепкі экстремист ретінде» сипаттапты.

«Бұл жайында бұдан бұрын да бірнеше айтқанмын. Оған ел назарын аудара бергенді құптамаймын. Оның әуселесі (Әбләзов ред.) маған аса қызық емес. Қазақстанға тамыз айында келдім. Қыркүйекте бір басылымға сұхбат беріп, арасында Әбләзовты атап өттім. Сол-ақ екен, мені ғайбаттап, маған тіл тигізді.

Бұған жауап ретінде Мұхтарды дебатқа шақырдым. Бір апта бойы ойланып толғанды, артынша Қазақстан мен Қытайдың арақатынасын осы пікірталастың арқауы етіп алды.

Мен дебатты мұның шекарасымен ғана шектегім жоқ еді, бұған қарағанда ауқымды мәселелерді қамтығым келді. Ол бас тартты.

Бұл жайында Президент Тоқаев пен Елбасы Назарбаевты құлағдар еттім. Олар менің дебатқа түсуімді қолдамайтын сыңай танытты. Қуғындағы қылмыскермен пікірталастыру әлгіге алабөтен статус беріп, іс жүзінде мойындаумен тең еді.

Шынымды айтсам, оны (Әблязовты ред.) саясаткер ретінде тым асыра бағалаппын. Есіл-дерті елде төңкеріс ұйымдастыруды ғана қалайтын әдепкі экстремист екен».

 

Қытайға қарсылардың саны саусақпен санарлық


Бұдан әрі Ертісбаев Қазақстан мен Қытай қатынасы туралы сөз қозғап, біздің елдегі антиқытай наразылығының артында астыртын күштер тұрғанын айтыпты.

«Қытайға қарсы ұйымдастырылған акциялардың артында астыртын күштер тұр. Қытаймен араздасу бізге абырой әпермейді.

Бұл елдің өз мәселесі жетіп-артылады. Мұндағы қайта тәрбиелеу орталықтарында 750-800 жүз мыңға тарта адам бар. Олардың көпшілігі – ұйғырлар. Автономияда өмір сүретін 12-16 млн-ға жуық ұйғырдың арасындағы азын-аулақ бүлдіргі ұйымдардың аптығын басу үшін құрылған әлгіндей орталықтар.

Ұйғыр халқы Қытаймен қырғи-қабақ емес, қытай қоғамына сіңісіп келеді. Алайда бейбіт елдің ішін алатайдай бүлдіріп, сепаратизмді қоздыратын топтар бар.


Қытай олардың дегенімен жүрмейді. Бұл державаның экономикасы әлемдегі ең әлуетті нарық, әскерінің саны 4,5 млн адамнан асып жығылады.

Қытай сепаратизм мен лаңкестікке қарсы ымырасыз күрес жүргізуде, бірақ бұл ел ешқашан этникалық немесе діни ұстанымы бойынша бүтін бір ұлтты қуғын-сүргінге салған жоқ.

Қазақстандағы синофобияның ауқымын тым әсірелеп, тым асырып көрсететін секілдіміз. Жұрттың бәрі Қытайға қарсы деген тұжырым түбірімен қате.

Бізге Қытаймен әріптестікті өз пайдамызға жарату керек. Қытайдың несиелері – талап-шарты жағынан әлемдегі ең оңтайлы несиенің бірі. «Бір белдеу, бір жол» жобасы Қазақстанның экономикасына қан жүгіртіп, инфрақұрылымды, жол тасымалын дамытады.

Қазірдің өзінде біздің ел Еуропаға тасымалданатын Қытай тауары транзитінен 3-4 млрд доллар табыс түсіруде. Қазақстан қалыс қалса бұл жоба жүзеге аспайды.

Алыстағы Америка мұның бәрін көре алмай отыр. Қытайға қарсы айғай-шудың артында алдымен осы ел тұр».

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ


 

Cурет Азаттық рухы сайтынан алынды. 


 

Алайда Ертісбаевтың сөзін саясаттанушы Досым Сәтпаев жоққа шығарып отыр. "Біздегі жарым-жартылай транзит Тоқаевты тырп еткізер емес" дейді ол.

Мақаланы оқу үшін төмендегі сілтемені басыңыз: 

 

https://dalanews.kz/48940

Рекомендовать
Последние новости