Досым Сәтпаев: "Нұр Отанға" сайлаудың мерзімінен бұрын өткені тиімді"

Dalanews 17 янв. 2020 09:47 939

Саясаттанушы Досым Сәтпаев былтырғы жылды қорытып, өзгерістен үміт күткен елдің көңілін су сепкендей қылды деп хабарлайды Dalanews.kz. «Тұңғыш Президент биліктен толықтай кеткенде ғана Қазақстанда нағыз билік транзиті басталады» дейді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев президент орынтағын бірнеше себепке байланысты босатты.

Алғашқысы. Өзбек президенті Ислам Кәрімовтің күйін кешкісі келмеді. Кәрімов осыдан төрт жыл бұрын 80-нен асқан шағында өмірден өтті. Апыл-ғұпылда билікті тапсырып үлгере алмай қалды, нәтижесінде, айналасы мен туған-туыстары елдің жаңа басшысы Шавқат Мирзиеевтің қысымына ұшырады.

Мұны Nur Otan-ның былтырғы отырысында шет жағалай айтты да. Билік транзитіне осыдан үш жыл бұрын, 2016 жылы қамдана бастағанын тілге тиек етіп, өз орнына Тоқаевты лайықты көретінін мәлімдеген еді.


Екіншісі. Назарбаев жүйеден тыс тұрса да, осы жүйеге жоғарыдан шолу жасайтын статусты сақтағысы келді. Ли Куан Юге ұқсағысы келді оның. Ю отставкаға кеткеннен кейін 20 жыл бойына аға министр, ұстаз-министр қызметінде тер төгіп, Сингапурды сырттай басқарды.

«Жүйенің жүйеден тыс бақылаушысы» қызметіне Назарбаев ұзақ уақыт бойы әзірленді.

Тақты босатып берсе да Назарбаев келесідей, оның ішінде:

«Ұлт көшбасшысы»; Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы, бұл оған күш құрылымдарын бақылауға мүмкіндік береді; Nur Otan партиясының төрағасы; Құрметті сенатор; Конституциялық кеңестің өмір бойғы мүшесі; Қазақстан халқы Ассамблеясының өмірге бойғы төрағасы құзіретін сақтап қалды.

Назарбаев бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жұмысын қадағалайды, қордың директорлар кеңесінің кездесуіне төрағалық етеді.

Тұңғыш Президент осы арқылы өзіне қолайлы позицияны лайықтап алды. Назарбаев түрлі саланы уысында ұстап тұрғанмен, іс жүзінде бірде бір дүниеге жауап бермейді.

Тоқаевтың қазіргі күйі президент тұсында Путиннің бақылауында болған Дмитрий Медведевті еске салады.


Біздің Мәскеуден айырмашылығымыз Қазақстанда Қауіпсіздік кеңесі атты жасанды орталық құрылды. Оның құзіреті билік ауыспай тұра кеңейген-тін. Қауіпсіздік кеңесі ақыл-кеңес беретін құрылымнан конституциялық органға айналып кетті.

Ол енді ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласын, ішкі тұрақтылық мәселесін бақылайтын, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мүддесін қорғайтын орган.

Қауіпсіздік кеңесінің құрамына биліктің негізгі құрылымдарында отырған 12 адам бар.

Өткен жылдың күзінде қазіргі Президент Қауіпсіздік кеңесінің құзіретін кеңейтетін қаулыға қол қойды. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысы бұдан былай кадрлық ауыс-түйіс жасарда Назарбаевпен ақылдасуы керек.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қауіпсіздік кеңесінің құзіретіне «елде төтенше жағдай енгізу» міндетін ендіріп қойған.

Тоқаевтың аяқ алысын бақылау мақсатында Тұңғыш Президенттің тұңғыш қызы Дариға Назарбаева Жоғары палата – Сенат төрағасы болды. Тиісінше, Қазақстандағы Президенттен кейінгі екінші адам болып тағайындалды.



Назарбаевтың орынтағын босатуға өзбек президенті Кәрімовтің өлімі ықпал еткен болса, қызы Дариғаның спикер болуы Қырғызстандағы жағдайдан сабақ алғаны деп түсіну қажет.

Алмазбек Атамбаевтың төл шәкірті Сооранбай Жээнбеков билік тізгінін қолына алғасын экс-президентті қуғын-сүргінге ұшыратқан еді.

Қазақстан Конституциясының 44-бабында Президент Ұлттық банк басшысын, Бас прокурорды немесе ҰҚК төрағасын тек Парламент Сенатының келісімімен ғана ауыстырып, тағайындай алатыны тайға таңба басқандай жазылған.

Назарбаев Nur Otan-ның тізгінін босатқан жоқ, тиісінше, осы партияның мүшелері билеп-төстеп отырған Парламентті де өз бақылауында ұстауда.


Әзір биліктегі екі топ Конституция бойынша келер жылы өтуге тиісті Парламент сайлауының мерзімін анықтай алмай дауласуда.

Бір топ Қазақстанда кезектен тыс сайлау өткізу кешегі президент сайлауындағы «скандалдан» айыға қоймаған қоғамның ашу-ызасын туғызады дейді.

Енді бір топ сайлауды мерзімінен бұрып өткізуді көксейді. Бұл топ Nur Otan-ның сойылын соғып, сөзін сөйлеуде. Олардың ойы, сайлау кенеттен, аяқастынан өтсе, билік партиясының оппоненттері қомданып үлгермейді, сөйтіп, Nur Otan бұл сайлауда тағы да топ жарып шығады.

Саяси сахнада тағы сол үйреншікті ойыншылар өздеріне «бұйырған» орынға жайғасып, билік партиясының status quo-сын сақтап қалады.

Тоқ етерін айтқанда, Тоқаевқа әлі де толық билік берілген жоқ. Өзіне тиесілі құзіретті Тоқаев тек Назарбаевтың пәрменімен ғана пайдалана алады.


Тұңғыш Президент саяси сахнадан біржолата кеткенде ғана Қазақстанда нағыз билік транзиті басталады. Назарбаевтың саясаттағы күндері сарқылуға тақау. Мұны билік те, қоғам да түсініп отыр. Алайда дәл қазіргі жарым-жартылай транзит Тоқаевты ауыр жағдайға қалдырып, тырп еткізер емес.

Оның үстіне, өз командасы да жоқ, арқа сүйер, сенім артар адамы аз. Орталық билікте, аймақтарда және ұлттық компанияларда түгел Тұңғыш Президенттің қолбалалары отыр.

Тоқаевтың әкімшілік ресурсы да тапшы. Президенттің бастамасы мен ұсынысын жүзеге асыруға мойны жар бермейтін бюрократтық аппарат оны аяқтан шалуы әбден мүмкін. Бұл оның реформатор ретіндегі репутациясына нұқсан келтірмей қоймайды.

Елдегі жарым-жартылай транзит мемаппараттың жұмысын тұралатып тастады. Жұп билік орнаған аумалы-төкпелі уақытта мемаппаратқа нақтылыққа мұқтаж.

Дәл қазір Тоқаев өзінің әкімшілік ықпалын арттыруға күш салуы қажет, бұл үшін кадрлық ауыс-түйіс жасауда мейлінше еркіндік алуға ұмтылуы тиіс.

Мұндай жағдайда қазіргі Президент пен «Кітапхананың» арасында кикілжің туындауы ғажап емес. Ал мұның арты неге әкеп соғарын дәл әзір болжау қиын.

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ




Рекомендовать
Последние новости