Колледж ұстаздары мен студенттері бірлесіп шағын трактор құрастырды

Dalanews 17 янв. 2020 05:20 1159

Қазір елімізде шағын бизнеспен айналысушылар саны күннен-күнге артып келеді. Ел экономикасын арттыруда да, өз тұрмысын жақсартуда да мұндай қадамдардың жасалуы өте құптарлық іс. Белгілі бір кәсіпті мақсат етушілердің табыс көзі ауыл шаруашылығы, құрылыс және әртүрлі шағын  бизнес. Сондықтан олардың жұмысын жеңілдетіп және оны жетілдіріп отыру үшін түрлі техника қажет. Демек, кәсіпкерлер сапалы техниканы көбірек пайдаланса, оның жұмысының тиімділігі артып, табысқа қол жеткізіп, мақсат үдесінен шығатыны белгілі. Осы ретте Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжі шаруаларға арналған жаңа құрал-жабдықтар шығарып, олардың жұмысын жандандыруға күш салып келеді.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Бәсекеге қабілетті жоғарғы елге айналуымыз үшін біздің еліміздің азаматтары үнемі ең озық жабдықтармен және заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуы тиіс» деп атап өткен болатын.

Осыған орай Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты  Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледж студенттері, яғни №11 Автослесарь, №11 Тракторшы-машинист және  №6 Автоэлектрик топтары құрастырған «Тиеуіш – 200» шағын тракторын түрлі шаруашылықта пайдаланып, өндірісті өркендетуге серпін беруде.

Құрылыс пен ауыл шаруашылығы жұмыстарын жеңілдетуде шағын тракторлардың алатын орыны ерекше. Үлкен тракторлар көп жағдайда жылыжай, саяжайларда және жеке өндірістік қожалықтардағы жұмыстарды атқара алмайтыны белгілі. Мұндайда шағын тракторлар шаруаның сенімді серігіне айналатыны сөзсіз. Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледждің студент-жастарына жетекшілік жасап «Тиеуіш – 200» шағын тракторын құрастырып шығардық. Сынақ барысында жаңа трактор техникалық қауіпсіздікті сақтау, шаруаның қаржысы мен уақытын үнемдеуде өзіңнің тиімділігін көрсетті.

Талапты жастардың ойлап шығарған шағын тракторларын құрастыруға №25 Д.Қонаев атындағы колледждің  арнайы  пәндер  оқытушыларының да көмегі аз болмады. Игілікті іске жұмыла кірісіп, студент жастарға қолдау білдірген  А.Сайтмұратов,  И.Каримов Д.Иззатуллаев, оқу  өндірістік  шеберлері  П.Исабаев, А.Адахамов және А.Раймқұлов жетекшілік жасағанын айта кетуіміз керек. Сонымен қатар бұл іске №11 «Автокөлік жөндейтін слесары», №11 «Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинист» және №6 «Автокөліктердің электр құылғыларын жөндейтін электрик»  топтарының  студенттері де белсене араласып, өз үлестерін қосты.

«Тиеуіш – 200» шағын тракторы төмендегідей жұмыстарды еш қиындықсыз атқара алатынымен ерекшеленеді.

  1. Ауыл шаруашылығы егіні қатар араларына жұмыс істеуге;

  2. Жерге дән сеппей тұрып, оны қопсытып, арам шөптерден тазалауға;

  3. Жұмыс істеу кезінде техника қауіпсіздігін сақтауға;

  4. Уақытты өнімді пайдалануға;

  5. Тырмалап, топырақты жұмсартуға;

  6. Генераторын қосып, электр қуатын өндіруге;

  7. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жақын жерлерге тасымалдауға өте қолайлы.


Ендігі кезекте шағын трактордың техникалық ерекшелігі жайында аз-кем әңгімелей кетсек. «Тиеуіш – 200» шағын тракторында УД-2 қозғалтқышы рамаға орнатылған. Басқару механизмдері жеңіл автомобильдердің құрылғыларынан жасалғанын да айта кеткен орынды деп білемін. Басты әрекет етуші УД-2 қозғалтқышы мотоблокка беріліп, одан кейін мотоблоктың редукторынан жүріс бөлігіндегі дөңгелектерге беріледі. Мотоблоктың алға – 1,2,3,4,  артқа – 1,2 жүру қабілеті бар. Қозғалтқыштағы мотоблок ажыратқышы басқару механизміне орнатылған. Сондай-ақ НШ-10 май сорғысы және Т-25 тракторының май таратқышы орнатылған. Шағын трактордың май багы 3 литрді құрайды.

Трактордың жүріс бөлігінде, яғни артқы жетекші R16 және алдыңғы жетектелуші R10 дөңгелектеріне рамаға орнатылып, жылдамдық механикалық жағдайда басқарылады.

УД-2 қозғалтқышында 8 аттың күші бар және 6 кВт қуат өндіре алады. «Тиеуіш – 200» шағын тракторы бір мотосағаттағы шығыны 1,5 литр бензинді құрайды. Тағы бір айта кетер ерекшелік, трактор бір сағатта 3 тонна жүкті тасымалдай алады. Және құрылғының жалпы агрегаттармен қосқандағы салмағы 250 келіні құрайды.

Қозғалтқыштың НШ-10 май сорғысы іске қосылғанда май таратқыштарға қысыммен май жібереді. Май таратқыш гидроцилиндрлерге майды бөліп жеткізеді. Мотоблок жоғарғы және төменгі берілістер орнатылған. Оған трансмиссиялық майлар құйылады. Кіші трактордың шөмішінің көтеру биіктігі 180 см құрайды.

«Тиеуіш – 200» шағын тракторын құрастырушылар өздерінің құрылғыларын Сайрам ауданындағы жылыжайлар мен құрылыс орындарында сынақтан өткізіп, қарапайым халықтың ризашылығына ие болды. Өз кезегінде кәсіпкер Пайзулла Неъматуллаев:

– «Тиеуіш – 200» шағын тракторы түрлі жұмстарды атқаруға өте ыңғайлылығымен құнды. Тракторды іс барсында сынағанда шаруалардың бәрі колледждің бұл жобасының келешегі зор екенін айтты. Бұл трактордың халыққа тигізетін пайдасы көп болатына сенімдімін», – деп ойын ортаға салды.

Алдағы уақытта колледж ұстаздары мен студенттері еліміздегі шаруалардың жұмысын технологиялық тұрғыдан жетілдіру үшін жұмыс істейтін болады. Қазақстан ауыл шаруашылығы мүмкіндігі жоғары елдердің қатарында екені белгілі.

Ал ауыл шаруашылығындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін отандық техникалар керек. Сондықтан ел дамуына серпін беретін осындай жобаларға мемлекеттік тұрғыдан қолдаудың маңызы зор.

Пахриддин ИСАБАЕВ,

Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжінің ұстазы, жоба жетекшісі.

Рекомендовать
Последние новости