Ермұрат Зейіпханның өмір жолы

Dalanews 01 дек. 2016 12:14 1279

«Бабамның көздеріндей көзім барсың,

Көктегі тәңір барда – өзің барсың.

Тәңіртау – сен пәнилік, мен бақилық,

Тым құрыса өзің жайлы сөзім қалсын», – деген өлең жолдарымен аяқталатын «Тәңіртау – Тәңірім» деп аталатын тамаша әннің мәтінін ақындық жүрегімен жыр етіп, сағынышқа толы сыр етіп те жеткізген әнші, сазгер, ақын Ермұрат Зейіпханұлының ана жұрт, баба таумен қоштасқаны ма деп қаласың? Міне, сол өнер өлкесінен өзіндік мәнерімен ойып орын алған асыл азамат, өнер адамы 2011 жылы 21 маусым күні бақиға аттанды. Десе де, ел есінде, жұрт жүрегінде әсем дауыс, әдемі ырғақ, ойлы жыр, азаматтық үн қалды...

Ермұраттың өміріне де, өнеріне де куә болған жандардың бірі ретінде туған інісі, Күнес аудандық ән-би үйірмесінің көркемдік жетекшісі, әнші, сазгер Нұршат Зейіпханұлымен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

 

– Ең алдымен Ермұратты өмірге әлдилеп әкелген, есейтіп-ержеткізген, өнер қақпасынан тәй-тәйлап енгізген тұғырлы елі, ата-анасы, ұлағатты ұстаздары жайлы тоқтала кетсеңіз?

– Ағам Ермұрат Зейіпханұлы 1966 жылы 30 желтоқсан күні қасиетті Іле аңғарының өр төсіндегі Күнестің әйгілі алма мекені – Алмалы ауылында өмір есігін ашқан. Алып Көкшоқының қалың қара орманы мен тоқтаусыз жөңкіп аққан Күнес өзеніне кішкентай сәби Ермұраттың іңгәлаған дауысы араласып, тұңғыш рет туған даланың кәусар ауасын қақ жара шартарапқа таралып жатты. Шырқы бұзылмаған шырын даланың көркем табиғатына елітіп, атыз-алқаптарындағы шаруалардың қызу еңбек дүбірі мен жон-жоталарындағы шопандарға қызықтай барлап, сәби санасына сәулесін құйған Ермұрат бала кезден жан-жағына талпынып өсті. Біз Ермұрат екеуміз тете болдық та, біріміздің ізімізді біріміз басып, көпбалалы отбасында ержеттік. Әкеміз Зейіпхан Ахметжанұлы мен шешеміз Оралқан Нүптебекқызы отбасында алты ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген көзіқарақты, білімді, абзал жандар еді. Әкеміз Зейіпхан әйгілі би Сасан Киікбайұлының немересі Ахметжан Қасекеұлының отбасында 1916 жылы Күнес өңірінде дүниеге келіп, бала кезінде діни мектептерден сауатын ашып, ержете келе Құлжадағы гимназиядан білім толықтырған. 1954 жылы Күнес ауданында тұңғыш мәдениет үйі шаңырақ көтергенде сонда басшылық міндетін атқарған, домбыра мен скрипканы жетік меңгерген, сауықшыл, аңғарлы адам еді. 40 жылдан аса қажырлықпен еңбек көрсеткені үшін мемлекет, автономиалы район жағынан омырауына алтын ордендер тағып, 1986 жылы құрметпен зейнетке шыққан. Күнес аудандық оқу-ағартуы мен мәдениетіне еселі еңбек сіңірген қарт педагог, танымал мәдениет қайраткері. Ал аяулы анамыз Оралқан Нүптебекқызы отбасы берекесінің ұйытқысы, өмірден түйгені көп, білімді жан еді. Жағымды дауысымен ара-тұра той-томалақтарда айтысқа түсетін, ертегілер мен аңыз-әңгімелердің алуан түрін айтып, құлақ құрышымызды қандыратын шешен адам болды. Сондықтан да мынау ғажайып өнердің бастауы сол өнерлі отбасының қайнарынан нәр алған деп айта аламыз.

– «Сегіз қырлы, бір сырлы» Ерекеңді мұндағы жұрт ең алдымен әншілік өнерімен таниды. Сол әншілік өнер Ерекеңді қандай биіктерге жетеледі екен?

– Ерекең өнерге алғаш рет сурет салу өнерімен көзге түсе бастаған. Соңғы кездерде де сол бір шақтарын жиі еске алатын, мүмкін орындалмаған арманының бірі сол ма деп қаламын. Әлі есімде, 1979, 1980 жылдардың жаз айларының бірінде, бұл күндері аты әйгілі қылқалам шебері Аман Абзалбекұлы Мұқанов туған ауылына – осы біздің Алмалыға шығармашылық сапармен келе қалды. Айға жуық уақыт жүрді. Ептеп сурет сала бастаған ұлының талантын ұштауға таптырмас орай екенін бірден сезген байқағыш әке Ермұратты Аман ағаның соңынан ілестіріп жіберген еді. Бір аптаға жуық ілескен Ермұраттың балалығы ма, жоқ, әлде, ұзақ ілесуге шарты келмеді ме, ол кісіден көз жазып қалды. Дегенмен, сол кезден бастап бала суретші атанған Ермұрат кәдімгідей «Іле өрендері» газетінде «Жайлауда», «Сауыншы», «Көл бойында» сияқты туындыларын жариялап үлгерген еді. Мұнымен қоса бастауыш мектеп оқып жүргенде «Су бойында», «Мың бір түн», «Абай» және «Абай жолы», «Қазақ солдаты», «Ботагөз», «Ұлпан» сынды көзі көріп, қолы жеткен кітаптарды құныға оқыған кітапқұмар баланың бірі еді. Кейде ептеп мақалалар мен өлең, тақпақтар жазып та қоятын.

Ән-күйге деген әуесімен орта мектеп оқып жүргенде таланты ұштала бастап, кейіндеп домбыра, гитарамен өзі сүйемелдеп ән салатын болды. Талантының осал еместігін байқаған Ернар Сыламқанұлы қатарлы сол кездегі музыка мұғалімдері мектептегі көңіл ашу қимылдарына қатыстыра бастады. Төселе келе Ерекең толық ортаны бітіре сала аудандық кәсіптік ән-би үйірмесінің сахнасына көтерілді. Ол кезде Іле өңіріндегі аудандарда кәсіптік үйірмелердің алғаш құрыла бастаған мезгілі еді. Әбдіжәлел Оразбайұлы, Тоқтаубай Әлімқұлұлы, Дамужан Тоқтарбайұлы, Алдаш Аяпбергенұлы қатарлы өнерлі майталмандардың маңайында қатардағы кәсіптік әнші болып қызмет істей бастады. Жүйріктің даңқын, әрине, дүбірлі жарыстар шығарады емес пе? 1985 жылы тамыз айында бұрынғы Іле аймағына қарасты шығыс бес ауданның кәсіптік көркемөнер үйірмелерінің байқауында Ермұрат қатардан оза шауып, жеке ән орындау шеберлігінің бас бәйгесін жеңіп алды. Ерекеңнің өнердегі алғашқы қадамы осылай сәтті басталған еді. Сол жылы Іле Қазақ автономиялы облыстық кәсіптік көркемөнер колледжіне қабылданып, профессор, ән мұғалімі Сағи Қайрасұлының тәрбиелеуінде ән мамандығы бойынша үш жыл білім алып, үздік нәтижемен тәмамдады. 1989 жылы күзде кескін-келбетіне сай жағымды қоңыр дауысы бар Ерекең Іле облыстық телеарнасының емтиханынан өтіп, тележүргізуші қызметіне қабылданды.

1991 жылы Қазақстан әлемге өз тәуелсіздігін жариялады. Дербес мемлекет ретінде халықаралық қарым-қатынас, мәдениет, ауыс-түйіс орната бастады. Қытаймен достығы күшейе түсті. Осы орайда Қазақстан жағы елімізден қазақ жастарын негіз еткен бір топ мәдениет, көркемөнер дарындыларын жетілдіріп беруді мақсат етіп, автономиялы районымыздың орталығы Үрімжі қаласында 14 баланы саралап алған болатын. Әне, сол жеңімпаздардың қатарында Ермұрат та бар еді. Ол Алматыдағы мемлекеттік Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының актерлік класына қабылданып, сахналық өнердің сан қыры мен сырын жете меңгерсе, енді бір жағынан әйгілі жазушы, драматург Әкім Таразидың ашқан арнаулы класына түсіп, жазушылық, ақындық өнерін жетілдіре бастайды. Әр жанрдағы алған білімдері мәуелеп жеміс беріп, арнасы толып, арыны арта түсті. Өзі көздеген асыл арманы, асқақ әуені осылайша өмір мен өнердің қан базарына еркін жетелеп әкелді.

– Мынау ән әлеміне елітіп, содан рухани ләззат алып отырған құйма құлақ оқырман (тыңдарман, көрермен) «Жасаған кешегі бабамның мекені» деп келетін «Жайлауым – әнім» әні бастатқан, «Сәбилер-ай» қостатқан көп әннің авторы болған Ерекеңнің сазгерлік өнеріне, жеткен тұғырына, сосын да ішкі бұлқынысынан буырқанып шыққан мәтіні мен әуенін бірдей өзі шығарған тамаша туындыларына, қазақ әлемінде, әсіресе, жұрт жүрегіне терең ұялаған шоқтықты әндерінің өмірге келу барысына тоқтала кетсеңіз?

– Ерекеңмен соңғы кездері Үрімжіде болғанымда: «Ереке, әндеріңіздің ұзын саны алпысқа барып қалыпты ғой, поэзиялық, прозалық шығармаларыңыздың дені баспа бетінде жарық көріп келеді. Енді әндеріңізді жинақтап бір кітапша етіп шығарса болады екен», – деп едім, «Жоқ, Нұреке, менің әндерім қазір жүздің айналасында, амандық болса оны да көп өтпей шығарамыз. Мен биыл 45 жасқа толамын. Істейтін жұмыстарым, ойға алған көптеген шаруаларым бар. Құдай қаласа, осы науқастан сауығып шығар болсам, бітіре жатармыз», – деген еді.

Ермұрат әндері – өз жүрек түкпірінен қайнап шыққан нағыз кіршіксіз мөлдір мелодиялар мен жыр маржандарынан өрім тапқан шынайы құнды туындылар. Себебі, Ермұрат – қоғамдық өмірдің бар сырын барлай білген, әр кәсіптен хабары бар әлемдік тосын құбылыстар мен тарихи бетбұрыстарды да зерттеп зердесіне тоқыған, әлем ойшылдарының шығармаларын тереңдей оқып, сол арқылы халқымыздың тарихи болмысын бойына дарыта білген, салыстыра білген нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Оның әрбір әні жай ғана тыңдай салуға арналған емес, қайта әр әні әр тақырыптан сыр шертіп, түсіне білген жанды елітіп, рухани жан әлемін дұрыс жолға бастай жөнелетін құдіретті күшке ие қасиетімен ерекшеленеді. Ермұрат өз әуендеріне өзі өлең жазып, өз жыр шумақтарына өзі ән шығаратын, сосын қоңыр домбырасын бебеулетіп асқақтата, мамырлата ән шырқайтын. Қоңыр үні қоңыраулаған нағыз ер дауысты, өр дауысты бірегей әнші екенін мынау зиялы қауым әбден біледі.

Ерекеңнің сазгерлік өнері 1980 жылдардың соңы, студент шағында көріне бастады. Ұмытпасам, алғашқы әні 1987 жылы жазғы демалыс күндері жайлауда дүниеге келген, «жасаған кешегі бабамның мекені» деп басталатын «Жайлауым – әнім» ән болып, көп ұзамай кәсіптік әншілердің таласа-тармаса орындауында ұлан-ғайыр кең өлкенің түкпір-түкпіріне тез таралып кетті. 22 жастағы бозбаланың мұндай құдіретті ән шығарғандығына күдіктенген кейбіреулер бұл Ескендір Хасанғалиевтің әні болуы мүмкін десті. Бәзбіреулердің де ән мәтініне тиісе бастағанын құлағымыз шалып жүрді. Иә, ол солай болуы заңды да. Болат тағалы тұлпардай жүйткіген ол ән шаңдағын артына қалдырып ұзап барады. Одан кейін «Сәбилер-ай, сәбилер-ай, базар ғой өздеріңмен бар үйлер-ай» деп әуенін де, сөзін де өзі жазған «Сәбилер» әні жарыққа шықты. Ол әннің өмірге келуіне сол жылдары Зейіпхан отбасында немерелер көбейіп, аға-жеңгелеріміз бала-шағалы болып, жас отаулардан шаңырағымызға жиі-жиі келіп жататын сәбилердің базарлы шағы болатын. Бұл сезімшіл сері жігіттің жүрегінен ән болып қауашағын жаймай қоймайды. Одан кейін «Достық туралы», «Бақытты бол, бауырым», «Ерен тауым» сынды шынайы өмірден алынған жақсы әндері арт-артынан туындай бастады. Ал Қазақстан топырағында шығарған, елді, жерді аңсаған, сағыныш сәлемдері ретінде «Күнес-ай», «Тәңіртау – Тәңірім», «Ақша бұлт жел айдаған», «Дүнтеғапыл», «Дәурен-ай», «Көк тудың желбірегені», «Күнге көлеңке түспейді», «Түсімдегі ана», «Жанар қыз» сынды әндерімен қоса «Кенесары» сияқты кең толғанысты патриоттық әндері бұл күндері халқымыздың ән әлеміне жұлдыздай жарқырап көтерілген, шоқтығы биік, жұрт жүрегіне терең жол тартқан өшпес туындылар.

– Тек ән текстін ғана жазып қоймай, отты жырларымен оқырман жүрегінен орын алған Ерекең жыр жинақтарын да жұртына сыйлап, ақындық биігін байқатты. Осы турасында не айтар едіңіз?

– Ермұраттың ақындығы туралы не айтамын, мен үшін бұл тым ауыр сұрақ. Сондықтан да ақын тілімен жеткізгім келіп тұр. Ермұраттың өмірдегі қадір-қымбаты жоғары, сырлас ағасы, ақын Жәркен Бөдешұлы ағамыз былай деп баға берген екен: «Ермұраттың өлең-жырлары тіске қыстырылған етті шұқылап отырып оқи салатын дүние емес, зейініңді аударып, пейіліңді беріп, ықыласпен оқитын туындылар. Шынжаңдағы қазақ әдебиетінің классиктері Таңжарық Жолдыұлы мен Омарғазы Айтанұлының әсері байқалып тұрғанымен, талантты ақын оларға мүлдем жұтылып кетпейді. Өзінше ой өрнек салады. Өзіндік жол салады. Ермұратта алқынып-жұлқынып, аптығып-қабынып тұратын мінез жоқ. Ол сабырлы, талғамшыл, сырттай қарағанда адамға салқын көрінгенімен Ермұраттың ішкі әлемі буырқанып, қайнап жатқан тебіреніске толы. Азамат ақынның өлеңдерін оқығанда өзін көргендей боламын. Ал өзін көргенде өлеңдерін оқығандай боламын. Тегінде табиғи қарапайымдылық, өзін табынтқан оқырманды таңғалдырғаннан гөрі тамсандырады екен». Міне, бұл нағыз ақынның ақынға берген бағасы. Жүрек лебізі. Қазірге дейін Ермұраттың «Өзіңе арнадым», «Бұл дүние», «Үш буырыл» атты жыр жинақтары мен «Сыбызғы сарыны» атты әңгіме-повестер жинағы шықты.

– Өнер қуған Ерекеңнің Қазақстандағы қажырлы қадамы, жемісті жұмыстары жайында да баяндай кетсеңіз.

– Ерекеңнің Қазақстанға қоныс тепкеніне, мінеки, тура 20 жылдың жүзі болыпты. Өнер академиясын қызыл дипломмен бітіре сала 1994, 1995 жылдары қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында актерлік шеберлігін сомдап, көптеген сахналық қойылымдардың басты ролдерін сәтті орындаса, кейін өз талғамы бойынша қазақтың Абай атындағы Опера және балет театрында қызмет жасап, «Қыз Жібек» операсындағы Бекежан рөлін алып, көрермен қауымды әншілігімен де, актерлік өнерімен де риза етіп, тамсандырды. 2000 жылдан өмірінің соңына дейін Ерекең Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблінде негізгі әнші ретінде қызмет атқарып, ансамбльдің фольклор бөлімінің көркемдік жетекшісі міндетін арқалайды. Сондай-ақ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәдениет-көркемөнер бөлімінің жауаптысы міндетін алып, шетел қазақтарының ән-күйлерін реттеп, тамаша таспалар шығаруға құлшынды. Осындай қат-қабат жұмыстарды атқара жүріп, ондағы өнер саңлақтары мен халқы алдында өнерден есеп беріп, шығармашылық кешін өткізіп отырды. Айталық, 2004 жылы 28 сәуірде Қазақстан Жазушылар одағы жағынан «Күнес-ай» атты шығармашылық кеші, 2005 жылы 22 ақпанда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұйытқы болуымен шығармашылық кеші орталық концерт залында өткізіліп, кәсіптік деңгейінің жыл сайын көтеріліп келе жатқандығына көпшілік куә болды. Ермұрат Зейіпханұлы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші, сазгер. 2010 жылы 30 желтоқсанда туған күніне орай Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жағынан «майор» шені атағы беріліп, шетелден барған қазақтардан тұңғыш майор шенін алған бірден-бір адамға айналды.

1993 жылы 14 наурыз Алматы қаласында өткен сазгерлер мен әншілердің республикалық «Үкілі үміт» байқауында бас жүлдені, 1994 жылы Алматы қаласында өткен Күләш Байсейітова атындағы 5-республикалық әншілер конкурсының лауреаты, 1999 жылы 13 қарашада Алматыда Әсет Бейсеуов атындағы «Армандастар» атты республикалық байқаудың лауреаты және 1-жүлдесін, 2001 жылы қарашада «Жұлдыз» журналының Артығали Ыбыраев атындағы жыр мүшәйрасының арнайы жүлдесін, 2004 жылы республикалық «Еділ-Жайық» атты авторлық кешке қатысып, жоғары алғыс құрметін, 2005 жылы 28 қыркүйекте Дүниежүзі қазақтарының 3-құрылтайына арналған халықаралық жыр мүшәйрасының жүлдегері қатарлы сыйлықтарды еншілеген.

– Соңғы жылдары туған ауылы Күнеске жыл құсындай ат басын бұрып, сағынған елінің сарығын басқанына бәріміз куәміз. Ал міне, толықсыған шағында қара орман халқына сағыныш болып кете барған Ерекеңнің сіз білетін қандай армандары, айтылмаған сырлары бар екен?

– Соңғы жылдары туған ауылы Күнеске жыл сайын ат басын бұрып, сағынған елінің де, өз сағынышын да басып қайтып жүрді. Дегенмен, терең ойлы, сезімшіл серінің жүрек түкпірінде нелер жатқанын былайғы жұрт толық түсіне бермейтіні анық. Осыдан жиырма жыл бұрын асқақтата ән шырқаған осы сахнасына кемеліне келіп, толықсыған шағында қайта бір шығып, халқының құлақ құрышын қандыру – көкейінде жүрген арманы еді. Бұл тілегінің орындалуына қолұшын берген Күнес ауданының әкімі Мұрал Әбілмәжінұлы мен аудандық парткомның тұрақты мүшесі Нәбижан Қанабекұлы сияқты білімді ағаларымызға алғысымыз мол. Ерекең қатынасқан әр жолғы сахналық концертіміз өнердің үлкен бір жарық жұлдызымен толығып, Тәкең оралған болыс ауылындай дүбірлеп, айбыны аспандайтын. Мыңнан озған тұлпардай, жарқыраған ақбоз киімі құп жарасып, қос құлағын қайшылап жер тарпыған бәйге Көктей сахнаның сәнін келтіріп, ерекше тебіреніспен шырқайтын еді, шіркін! Ал бұл өнер сахнасының өзге сахнадан орны бөлек екенін Ерекең екеуміз ғана білеміз. Болмаса Ерекең үшін концерт пен сахна көп қой. Ол тек Қазақстанда ғана емес, Еуропа, Азиядағы 20-ға жуық мемлекеттің үлкен сахналарында ән шырқаған өнер саңлағы ғой. «Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы Париж қаласында өтіп, сапарымызды сәтті аяқтап, әйгілі Эйфель мұнарасының түбінде ондағы қандас туыстармен қош айтып ауылға қайтуға қамданып жатқан кезіміз. Кенет ондағы жиылған жұрт қайта-қайта қол соғып, Ермұраттың ән шырқауын өтініп тұрып алғаны. Содан, қойшы әйтеуір, әлгі жерде Ермұрат жалғыз өзі бір сағатқа жуық ән шырқап, концерт қойды. Сонда байқадым, Ермұрат киелі де, аруақты әнші екен», – деп еді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының сол кездегі орынбасар бастығы Талғат Мамашев Ермұраттың аза жиынында көзіне жас ала отырып.

Ермұраттың туған жеріне жиі оралуының тағы бір жағы үлкен шығармалар жазғысы келді. Деректерді іздегісі келді. Асыл армандары алысқа жетелеген ақын жүрек мауқын басып, масайрап қайтқысы келді. Амал не, толған айдай кемеліне келген шағында одан көз жазып қалдық. Сөз өнері мен саз өнерінің қадірін білетін халқы барда оның есімі мәңгі жасайды деп сенеміз. Нағыз асылдың жыл өткен сайын жарқылдап, қасиеті ашыла бермек. Артында қалған екі тұяғы Қабанбай мен Найманғалиы аман болсын.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Жарқын НҰРӘБІЛДАҰЛЫ.

(Сұхбат ҚХР, «Іле газетінің» 2012 жылы 18 қаңтардағы санынан алынды).

Рекомендовать
Последние новости