Ердоғанның үш қателігі. Бұған кім қуанып жүр?

Dalanews 05 мая 2017 05:58 993

Бір кезгі Түркия қандай еді? Ол тұтас Таяу Шығыс үшін жариялы, таза демократиялық елдің үлгісі-тұғын. Қазір ше? Қазіргі Түркия қандай?  
Соңғы жылдағы тым жиілеп кеткен лаңкестік оқиғалар, жарылыстар бұл елдің келбетін адам танымастай өзгертті.
Түркияның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 10 пайызды құрайтын туризм тығырыққа тірелген. Шетелдік инвестиция сарқылып жатыр. Бұл үрдіс енді ғана басталады, ертең күш алады. Қиындыққа қиындық жамалады.
Билікке қарасты ақпарат құралдары елдің барлық бақытсыздығы мен сәтсіздіктерін Батыстан көруде. Бұларға қарағанда сәл салқынданды сарапшылар елдегі ауыр ахуалды дәстүрлі ислам мен Батыс құндылықтарының үндесе алмауымен байланыстырады. Бұған сыртқы жағдайды қосыңыз. Сирияны айтамыз.

Түркияны батпаққа батырған бұлар ғана емес, сонымен бірге осы елдің президенті Режеп Тайып Ердоған да...
 

 Ол неден қателесті? 


Бірінші қателігі. Асадтың билігін құлатуды мақсат тұтқан ол Ислам мемлекетінің содырларына Түркияның оңтүстік шекарасы арқылы Сирияға өтуге, жалпы бұлардың емін-еркін жүріп тұруына еркіндік берді. Әлгілердің Түркияның өзіне қандай қауіп төндірерін аңдаған жоқ. Ислам мемлекеті сапындағы содырлар Асадты қаншалықты жек көрсе, Түркияны да соншалықты ұнатпады.

Екінші қателігі. Түркиядағы күрдтерге өшікті. Азаматтық соғысты өршітті. Есіңізде ме, билікке алғаш келген тұста Ердоған күрдтерге көмек қолын созған. Олар тұратын аймақтағы ұрыс-керіске, жанжалға нүкте қойғандай болған.

Алайда осыдан екі жыл бұрын Ердоғанның Әділет партиясы Парламенттегі көпшілік орыннан айырылып қалды. Сол-ақ екен әдіске салды. Күрдістанның Жұмысшы партиясы сапындағы көтерілісшілерге қарсы қайта соғыс ашты. Әскер жөнелтті. Қару қолданды. Оқ атты. Мұнысы нәтиже берді де. Сол жылдың қараша айында өткен мерзімінен тыс сайлауда Парламенттегі көпшілік орынды қайтарып алды.
Бірақ, бұдан не пайда? Азаматтық соғыс қайта басталды емес пе?

Үшінші қателігі.
Гүленмен арадағы байланысты біржолата үзуге бел буды. Түркияның діни һәм рухани көсемі Гүленнің ізбасарлары көп жылдар бойы Ердоғанның одақтастары болған. Гүленнің және гүленшілердің көмегімен Ердоған биліктегі қолайына жақпайтын қарсыластарын қызметінен тайдырып, орнына жақтастарын әкелді.

2013 жылы күрт өзгерді. Гүленшілердің өзіне қарсы астыртын жоспар құрып жатқанынан күдіктенген Ердоған бұлардың ізіне түсті.
Ол – тумысынан кекшіл жан. Былтырғы жылдың шілдесіне мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болғандардың әрекеті сәтсіз аяқталғасын Ердоған кек алуға көшті. Алдымен әскер қатарын тазалады. Мұнымен тоқтаған жоқ. Гүленге тырнақ ұшындай қатысы барлардың барлығы қуғындады. Бұл әрекеті арқылы Түркия полиция мен әскерін әлсіретіп алғанын аңдаған жоқ. Күрдтер мен Ислам мемлекетінің содырлары осы сәтті ұтымды пайдаланды.

Түркияны дәл қазір тек бір адам билеп-төстеп отыр. Түркия әбден әлсіреді. Жағдай жақсарған күнде бұл ел ендігі жерде аймақтық көшбасшы деген статусын сақтай алмайды. Жағдай қиындаған күнде Түркия экономикасы құлап тынады. Босқындар тасқынын сонда көреміз.
Түркияны паналап отырған жүздеген мың босқыннан бөлек, бұл елдің өз халқы Батыс Еуропаға үдере көшеді.


Ал Путин...


Мұны болжап, біліп отырған бір адам бар. Ол Түркияның қайғысына қуанып отыр. Ол – Владимир Путин. Путиннің пайымы бойынша оған және оның билігіне қауіп төндіретін бірден-бір күш – демократия. АҚШ. Батыс.

Түркия осы күнге дейін демократиялық мемлекеттің жолымен жүріп келді. НАТО-ның мүшелігіне ұмтылды. Батыспен бауыр болуға тырысты.
Ал қазір ше? Ол экономикасы әлсіреген авторитарлы ел. Ол өзін-өзін қорғаудан қалған. Терроризм елді талқандап жатыр. Путиннің арманы орындалды, анығы. Иранның да...
Түркиядағы ахуал асқына түссе Батысқа қашатын босқындардың саны да арта түспек. Бұдан Батыс оңалмайды...

Жоқ, теріс түсінбеңіз. Түркияның ақыры осылай аяқталарын Путин жоспарлаған жоқ. Тек Ердоған алданып қалды. Диктаторлың путиндік үлгісіне жүгінген ол өз-өзіне көр қазғанын аңдамады. Путин қайтті дейсіз бе? Ол тек кеңес берумен шектелді. Шабыт берді. Болды. Бітті.
Диктаторлықтың путиндік үлгісімен уланған Ердоған ғана емес, АҚШ президенті Трампа та ауырып жүр мұнымен. Мұның соңы немен аяқталар екен?

Аударған, Думан БЫҚАЙ


ДереккөзProject Syndicate


Рекомендовать
Последние новости