Ердоғанның ойлағаны не?

Dalanews 24 апр. 2015 05:17 788

Түркі нәсіліне жататын қырықтан астам ұлт өкілдері болса да, жеке мемлекет болған және автономиялық құқығы барларын қосқанда әрең оннан асады. Солардың ішіндегі экономикалық әлеуеті жағынан да, халық саны жағынан да бірегейі – Түркия Республикасы. Еліміздің тәуелсіздігін алғаш мойындап, бізге достық әрі бауырлық қамқорлық танытқан да солар.

[caption id="attachment_10344" align="alignleft" width="350"]Presidents_1 Ердоған мен Назарбаев[/caption]

Түрік басшылыры Тұрғыт Озалдан бастап, кешегі Сүлеймен Демирал, Абдолла Гүл тұсында да қазақ халқына деген адал көңілдерін әйгілеп келген болатын. Содан бері Қазақстан мен Түркия арасында экономикалық, мәдени, ақпараттық байланыстар үдей түспесе, кеміген емес. Әсіресе, қазақ жеріне ірге тепкен ғылым-білім ордаларының орны бөлек еді біз үшін. Жақында ғана Режеп Тайып Ердоғанның қазақ жеріне аяқ басуы да бәріміз үшін үлкен жаңалық болды. Түріктің жаңа басшысы да бұрынғыларының ізін жалғап, қазақ халқына достық пейіл танытатынына күмәніміз болған жоқ. Бұл кездесуде бауырлас екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайту керектігі баса айтылды. Тіптен Түркістанда үлкен мешіттің ашылуына екі ел басшысы бірге қатысты.

Әттең... Сырттан бақылағанға бәрі тамаша сияқты. Бірақ, Ердоғанның көздегені басқа болып шықты. Ел Президентінен «Қазақ-Түрік лицейлерін» жабуды қолқалай келіпті. Назарбаевқа: «Бұлар мектептерді мемлекетке өткізді деп алдап жүр Сізді. Түріктердің орынына қызмет жасап жатқан қазақтар да «параллель құрылымның»  тәрбиесін көргендер. Бұл мәселеге қатысты арнайы әзірлеген деректерімізді де Қазақстан тарапына бердік», –дедім депті бір сұхбатында. «Параллель құрылым» дегені Гүленннің жақтаушылары негізін қалаған мектептер ғой баяғы. Әрине, Түркия үшін емес, Ердоған үшін. Назарбаев «бауырласының» көңілін жықпай мақұл деді ме, әлде кейін көрерміз деп шығарып салды ма немесе үзілді-кесілді қарсы болды ма, ол жағы қазірше беймәлім.

Басқаны қайдам, Ердоғанның бұл «достығы» көңілге күмән ұялатты.

Неге дейсіз ғой?

[caption id="attachment_10345" align="alignright" width="367"]скачанные файлы Ф. Гүлен[/caption]

Өйткені, Қазақ-Түрік лицейлерінің қазаққа бергені де, берері де өте көп еді. Қазіргі қазақ жас интеллигенциясын құрап отырғандардың біразы осы оқу орнының түлектері. Тіптен жыл сайын түрлрі пәндік олимпиядаларда алтыннан алқа тағынып, қазақ атын шартарапқа әйгілеген де осы оқу орнының оқушылары болатын. Бұл мектептердің білім сапасының қандай екенін енді түйсіне беріңіз. Бұл ақиқатты біз ғана емес, әлем мойындаған. Сонау атынан ат үркетін АҚШ, Германия, Франциядан бастап, жүзден астам елде осы лицейлер желісі бар. Сол елдердің ешқайсысына ауыз ашпай, тек Қазақстанға қолқа салуы қисынсыздау көрінді.

Егер шынымен Қазақ-Түрік лицейлері теріс бағыт ұстанған болса, әлдеқашан ақпарат құралдары сынап, ҰҚК шындап іске кірісер еді. Ұлттық бірлігімізге орасан қауіп төндіріп тұрған түрлі секталарға да есік ашқанда, ал ұлтымыздың мерейі мен білімін асырған Қазақ-Түрік лицейлерін есіктен сығалатқанымыз жөн болмас.

Ердоған мен Гүленнің араздығы – Түркияның өз мәселесі. Оған Қазақстанды араластыру, сонымен қатар, ұлт мүддесіне сай емес іске барғызу әділеттің жолы емес, әрине. Қазақ-Түрік лицейлеріне қандай позиция ұстану –Қазақсттаның ішкі ісі. Мүмкіндігінше, осы лицейлердің методикалық әрі жұмыс істеу тәсілін, білім мен тәрбие қайнарын өзімізге пайдаланып, басқа да дарынды балалар мектептерін көтерсек, нұр үстіне нұр болар еді. Назарбаев зияткерлік мектебінің негізін осы лицей түлектері мен ұстаздары құрап отырғанын еске алсақ, бұл құрылымның қазақ үшін дәл қазір аса қажет екені айдан анық.

Ердоған айтты екен деп, лицейлерімізді жауып тастауға болмас.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

 

Рекомендовать
Последние новости