Енді халық петиция арқылы шенеуніктің отставкасын талап ете алмайды

Dalanews 21 сент. 2023 11:03 990

 Қазақстандықтар енді петиция арқылы шенеуніктердің отставкасын талап ете алмайды. Сенат кулуарында  Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыровтың айтуынша, мұндай лауазымдардың тағдырын тек президент пен парламент шешеді.

Қадыровтың сөзінше, қазіргі петиция жариялайтын платформалар ресми емес.

“Заң жобасы қабылданған жағдайда заңмен реттелетін ресми ақпараттық платформа пайда болады. Ол Е-otinish порталында жеке модуль болып белгіленеді. Егер мәселе лауазымға тағайындау немесе босату президент, парламент, сонымен қатар үкіметтің құзыретіне кіретін болса, бұл мәселе петиция арқылы шешілмейді.

Министрлердің отставкасы референдум арқылы да қарастырылмайды. Референдум туралы конституциялық заңда солай көрсетілген. Жергілікті ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы өткенін білесіздер. Қазір аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау басталып жатыр.


Президент пен Парламент депутаттарын да халық сайлайтындықтан, олардың келісімімен тағайындалатын үкімет мүшелерінің лауазымға ие болуы да жанама түрде ел азаматтарының таңдау құқығының сақталғанын көрсетеді”, – дейді вице-министр.

Осы орайда тілшіміз шенеуніктен бұл шектеу билікке халықтың үнін жеткізуде кедергі болмай ма деп сұрады.

“Петицияның ең басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқау ісіне араласуы. Халықтың үндеуі шағым емес, ұсыныс ретінде қарастырылады. Ал егер ол ұсыныс заңға қайшы келетін болса, қарастырылмайды”, – деді Данияр Қадыров.

Еске сала кетсек, алматылықтар қала әкімі Ерболат Досаевты жұмыстан босатуды талап етсе, ел тұрғындары Мусиннің отставкаға кетуін талап еткен петицияға қол қойған болатын.

Рекомендовать
Последние новости