Мәжіліс депутаты, “AMANAT” партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстанда 2024 жылдың басынан бері 1 232 өндірістік жарақат алу жағдайы тіркеліп, оның 251-і адам өлімімен аяқталған. Депутаттың айтуынша, оқиғалардың 24%-ы еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан туындаған.
“Бұл жай ғана статистика емес. Әр санның артында адам өмірі тұр. Әкелерінен, аналары мен ұлдарынан айырылған отбасылар бар. Мұндай жағдайлар кездейсоқтық емес. Бұл – қауіпсіздік ережелерін елемеудің тікелей салдары. Ең өкініштісі, еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзғандардың жартысына жуығы тек ескерту алумен шектеледі. Бірақ мұндай ережебұзушылық адам өліміне әкелсе ше? Кім жауап береді?“, – деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, осы жағдайларды ескере отырып, жаңа заңнамалық өзгерістер енгізілген. Енді еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзғандарға нақты әрі әділ жаза қарастырылады.
Негізгі өзгерістер:
– Ескертулер толық алынып тасталды;
– Айыппұл көлемі өсті:
• алғаш рет бұзғандарға – 20-дан 120 АЕК-ке дейін;
• қайталанған жағдайда – 40-тан 240 АЕК-ке дейін.
“Бұл айыппұлмен ақша жинау емес. Бұл – әділдік орнату және жұмысшылардың өмірін қорғау жолы. Адал жұмыс берушілер үшін алаңдауға негіз жоқ. Жаңа талаптар тек еңбек қауіпсіздігін елемейтіндерге қатысты”, – деп атап өтті депутат.
Аймағамбетовтың айтуынша, бұл өзгерістер еңбек жағдайларын жақсартып, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат етеді. Қауіпсіздік ережелерін елемейтіндер енді заң алдында жауап бермек.