Экономист айыппұлдарды оңды-солды бұрқыратқан ІІМ-ге: Әсері онша емес...

Кәмшат Тілеухан 17 дек. 2024 16:40 919

Соңғы айда жүргізушілерге айыппұлдар бұрқырап келе бастады. Оның үстіне желідегі анау бір видео тағы бар. "Айыппұлды аямай салыңдар" деген әмір. Экономист-маман Ғалымжан Айтқазин "әкімшілік айыппұлдар" есебінен осылай елдің бюджет тапшылығы мәселесін шешуге ат салысуға тырысып жатқан ішкі істер министрлігінің өлермен әрекетін бағалап көріп, өте қызық цифрларды алға тартады. Сөйтіп құзырлы ведомствоға "анау айтқандай" тынымды жұмыс атқарып жатпағандарын дәлелдеп береді, деп жазады Dalanews.kz.

"Асыра сілтеудің керегі жоқ, әрине бұл арада. "Штрафстан" деп алаулатып-жалаулатып. Рас, әкімшілік айыппұл құқықбұзушыны, нақтырақ айтқанда жүргізушілерді тәртіптеуде өзін ақтайтын шара. Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзу және өліммен аяқталған апаттар саны өте жоғары.  Бірақ, кез-келген құқықбұзушылық бойынша айыппұлдар базасын құрып, оны ойларына келген уақытында сүзу жағдайы қоғамда ішкі істер министрлігінің жұмысына қатысты өте жағымсыз пікірлер тудырауда", деп жазады Tengenomika Telegram арнасының авторы.

Сөйтіп бірер мысал келтіріледі. 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында, мемлекеттік бюджет деректері бойынша, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ішкі істер департаменттері, олардың аумақтық бөлімшелері салатын әкімшілік айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар бабы бойынша ел қазынасына 110,1 млрд теңге кіріс түскен. Бұл осы кезең жоспарының 139%-ын және жылдық жоспардың 114,2%-ын құрайды. Осы бап бойынша ағымдағы салықтық емес түсімдер өткен жылдың ұқсас көрсеткішінен қарағанда 76,6 млрд теңгеге, яғни 43,7%-ға жоғары. Айтқандай, өз кезеңі бойынша 139%-ға және жылдық жоспарда 113,7%-ға артық орындалған. Иә, бұл цифрлар "шаш ал десе, бас алады" дегеннің керін танытып отырғандай. Атқарушылық міндет қалтқысыз әрі асыра орындалған. Ал бұдан, шынымен де мемлекеттік бюджетке келетін пайда бар ма?.. Бұл ретте маман:

"Жалпы алғанда, ІІМ тарапынан салынатын айыппұлдардың бюджет табысына фискалдық әсері онша емес: мемлекеттік бюджеттің барлық салықтық емес түсімдерінің 8,5% және мемлекеттік бюджеттің барлық кірістерінің 0,5% болады. Сондықтан, мұндай елеусіз фискалдық құралдың есебінен бюджет проблемаларын шешуге тырысудан айтарлықтай пайда да жоқ, ендеше мемлекеттік орган не үшін өз имиджін пида етіп, осындай жанкештілікке баруы тиіс деймін де" деп айран-асыр.


Рекомендовать
Последние новости