Елордада мектеп салынатын 70-тен аса жер телімі анықталды

Dalanews 19 авг. 2022 12:54 1123

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов шаһарда мектеп салынатын орындар анықталғанын мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайты.

– Елордада мектеп салу үшін 72 жер телімі белгіленді. Бұл жер учаскелерінің аумағы 120 мың оқушы орнына (екі ауысымда 240 мың оқушы орны) арналған оқу орындарын салуға мүмкіндік береді. – деді қала басшысы.

Аталмыш жер учаскелері әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті ескере отырып анықталған. Жер телімдері қаланың барлық ауданында орналасқан.

Елордада әлеуметтік нысандарды салуға арналған жер учаскелерінің саны жыл сайын артып келеді. Әрбір ауданда (шағын аудандарда) оқу орындары болуы үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына арнайы бағыт бекітілгенін әкім тілге тиек етті.

Елордада биыл 11 мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Есіл ауданында – 6 мектеп, Алматы ауданында – 4 мектеп, Сарыарқа ауданында – тағы 1 мектеп, Байқоңыр ауданында – 1 мектеп (ол 2023 жылы тапсырылады). Аталған білім ордалары арқылы 23 мыңнан астам оқушыға арналған орын ашылады.


– Алдағы 2023 жылы тағы 13 мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Осылайша тағы 22 мыңға жуық оқушы орны ашылады. Есіл ауданында – тағы 8 мектеп (ауданда тұрғындар тығыз орналасқанын ескере отырып), Алматы ауданында – 4 мектеп, Байқоңыр ауданында – 1 мектеп. Сол сияқты мектеп санын арттыру, оның ішінде жеке қаражат есебінен де көбейту мәселесін қарастырамыз, – деді Алтай Көлгінов.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада 3 жыл ішінде 34 мектеп салынуы тиіс. Бұл – 70 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік берді.

Рекомендовать
Последние новости