Lending and Finance technologies микроқаржылық ұйымына жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін көрсетпестен жұртты несиелендіргені үшін 3,88 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) хабарлады. Шешім 2025 жылдың 10 қаңтарында қабылданды, енді компания 19 ақпанға дейін айыппұлды төлеуі керек, деп жазады Dalanews.kz.
Ұлттық банктің деректеріне сүйене отырып, Kursiv.kz Lending and Finance technologies 51,17 млрд теңге активтерімен еліміздегі 218 МҚҰ арасында жетінші орында тұрғанын нақтылайды. Бұл - еліміздегі микроқаржы секторындағы барлық активтер көлемінің 3,2% - ы және тізімнің төменгі жағынан санағанда 143 компанияның активтерінен (50,63 млрд теңге) артық көлем.
Lending and Finance technologies МҚҰ Қазақстанда 2015 жылдың тамыз айында құрылды. Оның құрылтайшысы - Людмила Кобзева, жетекшісі – Никита Пузенко. Кобзева мен Пузенко, Kompra мәліметтерінше, "Ақша халыққа" ломбардының да құрылтайшысы әрі жетекшісі болып табылады.
Бұған дейін Қарағандыда FinansInvest микроқаржылық ұйымы (МҚҰ) лицензиясынан айырылғаны хабарланған.