Елімізде қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға арналға жұмысқа басымдық беріледі

Dalanews 13 окт. 2023 04:17 998

Президент қазақ тілін одан әрі дамыту мәселесі әрқашан мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ең алдымен, қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға бағытталған практикалық жұмыстарға басымдық берген жөн. Оның ішінде білім беру ісіндегі, технологиядағы және медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеуге айрықша мән беру қажет.

Сондай-ақ Президент балаларға арналған анимациялық туындылар шығарудың, көпшілікке арналған кино өнімдері мен ғылыми-танымдық әдебиеттер қорын молайтудың, әлеуметтік желілерде ағартушылық бағыттағы арналар ашудың маңыздылығына назар аударды.

Оған қоса ғаламдық цифрлық платформаларды қазақшалап, тіл үйренуге мүмкіндік беретін отандық ақпараттық жүйелерді көбейту қажеттігін атап көрсетті.


Сонымен қатар Президент әртүрлі әлеуметтік топтардың, оның ішінде жастардың арасында тіл тазалығын сақтау үшін оқу және жазу сауаттылығын арттыруға арналған шаралардың қажеттілігіне ерекше тоқталды.

Бүгінгі таңда Ақпарат және мәдениет министрлігі дайындаған “Онлайн платформалар және онлайн жарнамалар” туралы Заңға сәйкес онлайн-платформаларда пайдаланушы қазақ тілінде интерфейсті пайдалана алуы керек. Яғни онлайн-платформаның меншік иесі контенттің қазақ тіліне автоматты түрде аударылуына мүмкіндік жасайды және контентті қазақ тілінде модерациялауды қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда басты ақпарат көзі ғаламтор желісінен алынатынын ескерсек, өскелең ұрпақ үшін қазақ тіліндегі контентті мейілінше көбейту маңызды. Әсіресе қазақша кино мен анимацияның үлесін арттыру қажет.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы


Рекомендовать
Последние новости