Боранбаев Қазақстандағы тағы бір құнды активінен айырылды

Dalanews 13 окт. 2023 05:28 1163

Назарбаевтың құдасына тиесілі делінген Phystech II (Физтех) мұнай компаниясы басыбүтін мемлекетке қайтарылды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Компанияның 100% акциясы мемлекет меншігіне берілгені, келіссөз құны 35,4 млрд теңгеге бағаланғаны белгілі болды.

Кәсіпорын өткен айда қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін мемлекет есебіне 1,2 млрд теңге өтеген болатын, бұдан бөлек еңбек заңнамасын ескермегені үшін 70 млн теңге өтемақы төлеген.

Боранбаев байланысты делінген компанияның заңды белден бастап, бақылаушы органдардың ескертуіне құлақ аспағаны қоғамның наразылығын туғызған. Компания қызметкерлері өз кезегінде басшылық тарапынан орын алған көптеген заңбұзушылыққа шағымданған болатын.

Phystech II туралы не белгілі?


eGov мәліметі бойынша, «Phystech II» АҚ 2015 жылы тіркелген. Шикі мұнай және ілеспе газ өндірумен айналысады. Құрылтайшылары көрсетілмеген, оның жетекшісі Байжалиев Ернар Берікбайұлы екені белгілі. Мұнай Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында өндіріледі.

KASE сайтында компанияның 100% қатысу үлесі бар жалғыз акционері – «Қазтурборемонт» холдинг компаниясы» ЖШС екені жазылған.

Боранбаевтың бұл компанияға қандай қатысы бар?


2021 жылы Forbes Kazakhstan басылымы Назарбаевтардың бұрынғы құдасы, миллионер Қайрат Боранбаевты «Қазтурборемонт» холдингтік компаниясы» ЖШС-не иелік ететінін, ол арқылы Phystech II мұнай компаниясындағы үлесіне иелік ететінін жазған.

Бұл туралы компанияның 2020 жылғы қаржылық есебінде де жазылған. Құжатта «2020 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша компания акциялары 100% «Қазтурборемонт» холдингтік компаниясына (ҚР резиденті) тиесілі» екені көрстілген.

«Түпкілікті бақылауға ие тараптар: Қазақстан Республикасының азаматы Өсеров Асхат Ғабдуәліұлы; Қазақстан Республикасының азаматы Боранбаев Қайрат Советаұлы», – делінген құжатта.

...

Бұған дейін қаржы мониторинг агентігі (ҚМА) кәсіпкер Қайрат Боранбаев құны 120 млрд теңге болатын активін мемлекетке қайтарғанын мәлімдеген.

"Тергеу шеңберінде жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активті, оның ішінде: мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданды. Сонымен бірге Қайрат Боранбаев білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды" деп жазылған хабарламада.


Ведомствоның хабарлауынша, бұл нысандардың барлығы мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына беріледі, ал қаражат білім беру инфрақұрылымдарын жақсартуға пайдаланылмақ.

"Бұған дейін Қайрат Боранбаев табиғи газ импорты кезінде қаражатты жымқыру эпизоды бойынша тергеу аясында 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығынды өтеген. Агенттік заңсыз активтерді іздеу және қайтару бойынша жұмысты жалғастырып жатыр" деп жазылған хабарламада.

Биыл тамызда жергілікті БАҚ Боранбаевтың адвокатына сүйене отырып, кәсіпкер тергеу органдарымен процессуалдық келісім жасауға келіскенін, бас бостандықтан айырылу жазасының орнына кінәні мойындап, шығынды өтеуге келіскенін жазған.

Forbes басылымы Боранбаевты Қазақстандағы ең ықпалды бес кәсіпкердің қатарына жатқызған. Ол елдегі "Есентай молл", "РитсКарлтон", "РахатПалас", "Алмалы" сынды қонақ үй, сауда орталықтарына толық және жартылай иелік еткен. Шетелде де жылжымайтын мүліктері бар.

Рекомендовать
Последние новости