ЭЛЕКТР ҚҰБЫЛЫСТАРЫН ЗЕРТТЕЙТІН КЕШЕН

Dalanews 02 апр. 2021 16:59 1223

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары, оқытушылары мен инженерлері орта-арнайы білім беру мекемелеріндегі физика курстарында электр құбылыстарын және магнетизмді зерттеуге арналған инновациялық аппараттық-бағдарламалық кешеннің шағын сериялы өндірісін әзірлеп, қолданысқа енгізді. ҚазҰУ жанындағы Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты даярлаған аталмыш кешен Қазақстанда бұрын-соңды шығарылмаған инновациялық жаңалық болып табылады.

«Бұл отандық инновациялық өнімнің өзге өндірушілерден артықшылығы, біріншіден, көпфункциялы, бір мезгілде 20-дан астам зертханалық жұмыстарды атқара алады. Екіншіден, шағын әрі ыңғайлы, оны кез келген кабинетте қолдана беруге болады. Сондай-ақ заман талабына сай бірқатар баламалы өлшеу құрылғылары цифрлық нұсқаға ауыстырылған», – дейді жобаның Бас инженері – физика-математика ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, доцент Мерлан Досболаев.

Аппараттық-бағдарламалық инновациялық кешен электр тоғының кернеуін өлшеу, күшін өлшеу, тоқ күшінің кернеуге тәуелдігін анықтау, тоқ өткізгіштегі кедергіні өлшеу, өткізгіштерді параллель және тізбектей жалғау, диодты тізбекке қосу, ауыспалы кедергіні анықтау сияқты зертханалық жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді. Соған қарамастан оның көлемі небәрі – 40х30х15 см. Кешен сырттан электр күшін алмай-ақ дербес жұмыс істеуге қабілетті, аккумуляторлық батареямен жабдықталған. Толық зарядталған батарея кемінде 15 сабақ өткізуге жеткілікті. Зертханалық кешеннің базалық және кеңейтілген екі нұсқасы әзірленді. Кеңейтілген нұсқа базалық нұсқаның барлық қызметтерін қамтиды және бірқатар бірегей жұмыстарды атқарады.

«Аппараттық-бағдарламалық кешен Линукс базасындағы операциялық жүйе орнатылған жалқыплаталық 7 дюймдік мониторлы компьютердің жұмысын толықтай атқарады, сондай-ақ пайдаланушы интерфейсімен сәйкестендіріліп арнайы әзірленген бағдарламамен қамтамасыз етілген. Компьютер 12 биттік аналогты-сандық түрлендіргішке қосылған, ол тоқтың күші 0-5А шегінде, кернеуі -20 - +20В мөлшеріндегі өлшемге мүмкіндік береді. Нақты уақыт режиміндегі бағдарламалық қамтамасыз ету – тоқтың кернеуі мен күшіне, жылдам және орташа қуаттылығына, вольт-амперной сипаттамасына (ВАС) қарамастан  есептеп, мониторға шығаруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, дербес компьютердегі деректермен алмасу, ішкі немесе сыртқы жинақтағыштан алынған нәтижелерді жазып алу мүмкіндігі бар», – деп түсіндіреді кешеннің техникалық жағдайын жобаның коммерциялық маманы Асқар Жүнісбеков.

Инновациялық жобаны жүзеге асыру үшін Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары үш жыл бойы тер төкті. Асқар Жүнісбековтің айтуынша, инновациялық аппараттық-бағдарламалық кешен әлі сериялы өндіріске шығарылған жоқ. Алғашқы пилоттық үлгідегі бірнеше инновациялық құрал мектеп оқушыларына көрнекі құрал ретінде орта-арнайы білім беру мекемелеріне берілді. Алдағы уақытта сериялы өндіріске шығарып, шамамен жылына мың данасын тұтынушыларға ұсыну жоспарда бар.
Жоба жетекшісі – әлемдік ғылыми қауымдастықта танымал ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тілекқабыл Рамазанов. Жалпы жобаның жұмысына ғылыми-зерттеу институтының жеті маманы қатысты: бас инженер (конструктор) – физика-математика ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, доцент Мерлан Досболаев, коммерцияландыру жөніндегі маман ­– Асқар Жүнісбеков, жетекші конструктор – Ерасыл Ерланұлы,  конструктор – Асан Әбдірахманов, инженер-технолог – Елнұр Елеубаев, инженер – Мақсат Ораз. Олар – ел ғылымының дамуына үлес қосуды мақсат етіп, ойларын іс жүзінде табысты жүзеге асырып келе жатқан инновациялық ғылыми жаңалықтардың авторы, өнертапқыш-физиктер.

Жобаның бас конструкторы Досболаев Мерлан Қылышұлы 2008 жылдың қыркүйек айынан бері плазма физикасы, нанотехнологиялар және компьютерлік физика кафедрасында оқытушы болып жұмыс істейді. Жетекші ғылыми қызметкер, ф.-м.ғ.к., доцент М.Қ. Досболаевтың айналысып жүрген ғылыми бағыты, бүгінгі күнгі плазма физикасының жаңа  саласы  – қатты идеал емес тозаңды плазма физикасы. М.Қ. Досболаев әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2015 ж.), «ЖОО Үздік оқытушысы – 2015» грантының, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» дипломының (2014 ж.) иегері. Үш мәрте жас және дарынды ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендияның иегері (2008 ж., 2010 ж., 2013 ж.), ҚР Thomson Reuters деректер базалары бойынша «Ғылым көшбасшысы» тәуелсіз сыйлығының лауреаты (2016 ж). Бүгінгі күнде оның 160-қа жуық ғылыми жұмыстары бар, соның ішінде импакт-факторлы Thomson Reuters базасының журналында – 44 жұмысы жарияланған. М.Қ. Досболаевтың басшылығымен  әзірленген үш студенттік инновациялық жоба Қазақстан көрмелерінде жүлде алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми инфрақұрылымының стратегиялық мақсаты ғылым, білім және өндірісті біріктіру негізінде әлеуметтік-гуманитарлық орта мен экономика саласын инновациялық дамыту үшін мамандарды қалыптастыру болып табылады. Университет жанындағы Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты 1992 жылы 10 ақпанда құрылған. Институт физиканың әртүрлі саласында ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізеді. Қазақстандағы ретсіз жартылай өткізгіштердің, халько-генидті шыны тәріздес жартылай өткізгіштердің және аморфтық наноқұрылымдық алмаз тәріздес көміртектік жұқа қабықшалардың қасиеттерін фундаменталды зерттеулердің негізін қалайды.

Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты жұмыстарына физика саласындағы ғалымдар ғана емес, сондай-ақ математиктер, химиктер, биологтар, социологтар, т.б. қатысады. Институт ғалымдарының ғылыми-зерттеулерінің нәтижелері нақты ұсыныстарда көрініс тапты. Оған ғалымдардың инновациялық жобалар бойынша халықаралық көрмелерге қатысуы, алған авторлық куәліктері мен патенттері дәлел. Қазіргі уақытта факультетте теориялық физика, жылу физикасы мен молекулалық физика, физикалық электроника, плазма физикасы мен химиясы мамандықтары бойынша докторлық диссертацияларды қорғайтын мамандандырылған кеңестер жұмыс істейді.

 

www.kaznu.kz

Рекомендовать
Последние новости