Елбасы және Қазақстан ғылым

Dalanews 30 нояб. 2017 06:59 959

Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға арналған білім беру және ғылымды дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы бүгінгі таңда білім беру және ғылым саласында бәсекеге қабілеттілікті арттыру, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудегі адам капиталын дамыту мақсаты бойынша жүзеге асырылып жатыр.

Орайы келгенде айта кетуіміз керек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасы да жастардың ғылымға бет бұрып, отандық ғылымның өрісін кеңейтуге барынша ықпал етті. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасының түлектері мемлекеттік қызметтің сан қырлы саласында еңбек етіп, елімізге пайдасын тигізіп келеді.

«Болашақ» түлектерінің отандық ғылымға тигізіп отырған пайдасы жайында айтсақ, ең алдымен ауызға «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама басқармасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдің алдыңғы қатарлы елдерінде білім алған жастар жұмыс істеп, қазақстандық ғалымдардың мемлекеттік қаржыландыруға ұсынылған ғылыми жобаларына ғылыми сараптама жасауда АҚШ, Еуропа, Жапония сынды дамыған елдердің ғалымдарын тартып, еліміз үшін маңызы зор жұмыстарды абыроймен атқарып отырғанын атап айтуға болады.

Иә, бізден басқа ЖОО мен көптеген ғылыми орталықтарда да «Болашақтың» түлектері тынымсыз еңбек етіп, Қазақстан ғылымның әлемдік ғылыми қоғамдастықпен ынтымақтастық дамытуға бар күш-жігерін жұмсап жүргенін күнделікті өмірде көріп жүрміз. Бұл – тәуелсіздік жылдары бір ғана ғылым саласында орын алған іргелі өзгерістің бірі. Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасын қабылдағанда оның осындай нәтижелі істерге жол ашатынын әуел бастан байқағаны анық. Сондықтан мемлекеттік деңгейде қабылданып, әлі күнге дейін жағасын тауып отырған «Болашақ» бағдарламасы Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің қатырына кіру үшін барынша ықпал етіп отырғанын байқауға болады.

Ендігі кезекте сөзімізді нақты сандармен тұздықтай түссек. Тәуелсіздік жылдары отандық ғылымды дамытуға республикамызда және шетелдерде оқып  білім алған біліктілігі жоғары  мамандар тартылып, 2016 жылдың өзінде 7,5 мыңға жуық зерттеуші ғылыми дәрежеге ие болды. Осылайша Қазақстанда ғылымға бет бұрған адамдардың саны арта түскенін байқаймыз. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистикасының деректеріне көз жүгіртсек, 2016 жылы ғылыми зерттеу және зерттемелерді орындаумен 383 мекеме шұғылданған, бұл 2012 жылмен салыстырғанда (345) 38-ге артық.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің жүргізіген маңызды реформаларының арқасында қазір Қазақстан ғылымы жасарып келе жатақаны көңіл қуантатын да айта кетуіміз керек. Статистикалық деректерге көз салған адам қазіргі таңда 35 жасқа дейінгі жас мамандар еліміздегі жалпы ғылыммен айналысушылардың үштен бірін құрап отырғанын байқайды. 2016 жылы олардың үлесі 35,5% немесе жалпы ғалымдардың 8 мыңын толықтырады. Жас ғалымдарымыздың өз білімін ел экономикасын дамытуға жұмсағаны бізді де қатты қуантады. Осы ретте жоғары оқу орындарында ғылыммен айналысушы жас мамандарға қажеті жалақы мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде көптеген жұмыстар атқарып, барынша жағдай жасағанын атап айтуға болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде ғылым мен білімге ұмтылған жастардың артуына барынша мүдделілік танытып келеді. Бұл ретте Президенттің тікелей қолдауымен Астана төрінде Назарбаев университетінің бой көтеріп, елімізде маңдай алды мамандар даярлайтын білім ошағының пайда болуы ғылым мен білім саласына жасалған үлкен қолдау деп білеміз. Қазіргі таңда «Назарбаев Университеті» білікті маман ғана дайындап отырған жоқ. Сонымен қатар отандық ғылымның өрісін кеңейтуге де барынша күш салып келеді. Бір сөзбен айтсақ, «Назарбаев Университеті» ғылым Қазақстандағы маңдайалды ғылыми-зерттеу университеттерінің көшін бастап келе жатқанын байқауға болады.

«Назарбаев Университетi» инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған қазіргі заманға сай, күшті ғылыми инфрақұрылымы бар іргелі оқу орын. Бүгінде университетке ең үздік ұлттық және халықаралық зерттеушілер шақырылып, оларға шығармашылық қызметті жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалынуда.  Осылайша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  2009 жылы халықаралық деңгейдегі университет құру туралы бастамасы толықтай іске асып, іргелі білім ордасы қазақ ғылымы мен білімнің көшін өрге сүйреп келеді.

«Соңғы 3 жылда ғылымға 100 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл ұстанымнан айнымай, ғылымның қарқынды дами беруіне жағдай жасай беретін боламыз», – деген болатын Қазақстан Президенті Н. Назарбаев ҚР Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына арналған ҚР ҰҒА-ның Жалпы жиналысының салтанатты сессиясында.

Бүгінде ғылымды дамыту бойынша ашылған жаңалықтарды өз елімізде ғана пайдалану емес, оны әлемдік ғылыми қауымдастықтың талқысына салып, пайдалысын алып, нәтиже шығару маңызды. Бұл ретте соңғы 5 жыл ішінде еліміздің ғалымдарының шетелдік рейтингі жоғары басылымдарда мақалаларын жариялауы айтарлықтай өскен.

Қазіргі көз ілеспес жылдамдықпен дамыған заманда ақпараттық технологиялар ғылымның дамуы бағытын түбегейлі өзгерткені белгілі. Бүгінде ғылымды ғылыми ақпаратсыз көзге елестету мүмкін емес. Әлемде орын алған осы бір үрдісті басшылыққа алған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ғылымының көштен қалып қоймауы үшін отандық ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың (ЖОО мен ҒЗИ) дүниежүзілік ақпарттық ресурстарына Ұлттық жазылымды ұйымдастыру ісіне ықпал еткені белгілі.

Осылайша қазақ ғылымы бәсекеге қабілеттілігін ұштай түсу үшін мемлекет қазынасынан қаржы бөлініп, ғылыми ынтмақтастықтың аясы кеңи түсті. Қазақстан ғалымдарының халықаралық ғылыми мәліметтер базасына қол жетімділігін арттыруда «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-на маңызды міндет жүктелген болатын. Бүгінде орталық халықаралық ғылыми-техникалық ақпараттарға қол жетімділікті қамтамасыз етіп,  Қазақстан ғылымның заман ағымына сай дамуына барынша үлес қосып келеді. Қазақстан Үкіметі отандық ғалымдардың халықаралық ғылыми мәліметтер базасына қол жетімділігін арттыру үшін қыруар қаржы жұмсап, ғылымның дамуына көңіл бөлуде.

Қазақстан 2011 жылы қазан айында Springer Nature және Clarivate Analytics (ертеректе Thomson Reuters-тің ғылым және зияткерлік меншік жөніндегі бөлімшесі) компаниясымен тарихи келісімге қол қойған болатын. Міне, содан бері ғалымдарымыз, еліміздегі ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары халықаралық ғылыми мәліметтер базасын мемлекеттің қолдауының арқасында тегін пайдаланып келеді. Бұл – мемлекеттің отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде үлкен қолдау болғанын мойындауымыз керек.

Ғалымдарымыздың ғылыми мәліметтерді тиімді пайдаланып, ғылымды дамытуда ҰМҒТСО қызметкерлері бар күш-жігерлерін жұмсап келеді. Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысатын ғалымдарымыз Clarivate Analytics және Springer компаниясының ғылыми мәліметтеріне жүгінудің маңызы зор екенін түсінген. Осылайша «ҰМҒТСО» АҚ ұжымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктегін маңызды тапсырманы өз деңгейінде орындап, отандық ғалымдардың бәсекеге қабілетті болуына бар күш-жігерін жұмсап келеді. Бұл бағытта атқарылған жұмыстарды сарапқа салған адам, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғылымды дамытудағы арман-мақсатының іске асқанын анық аңғарады.

Ендігі кезекте бұл бағытта қол жеткізген жетістіктерімізді нақтылап, әңгімелей кетсек. Бүгінде «ҰМҒТСО» АҚ-ы еліміздегі ғылым мен білім мекемелерінің халықаралық мәліметтер базасын қалай пайдаланып жатқанына ұдайы талдау жұмыстары мен мониторинг жүргізіп тұрады. Ендігі кезекте еліміздегі қайсы ғылыми ұйым шетелдік ғылыми мәліметтер қорын қаншалықты қолданып жатыр деген сұраққа жауап берсек. Айталық, Web of Science ақпараттық ресурсын қолдануда ҰМҒТСО, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеті, «Назарбаев Университеті» және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті топ бастап келеді. Ал еліміздегі ғылыми ортада ең танымал Springer базасы бойынша, «Назарбаев Университеті», Нейохирургия орталығы, Қ.Яассауи атындағы халықаралық қазақ-түркі университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ғылым ордасының Ғылыми кітапханасы алдыңғы орында тұрғанын байқаймыз.

Сонынмен қатар, Қазақстандық жарияланымдарға қызығушылықтың артуын орташа сілтемелік көрсеткіштер арқылы көруге болады. Мәселен, 2011 жылы көрсеткіш 0,49-дан болса,  2016 жылы 0,84-ке артып, әлемдік орташа деңгей 1,0-ге жетті.

Бүгінде Қазақстанда жоғары деңгейде дамыған ғылымның физика, химия сынды салалары да өзінің қарқынды дамуын жоғалтқан жоқ.  Ал жаңа бағыттағы жаңа нанотехнология, жасанды интеллект, нейротехнология, биомедицина салаларында да жан-жақты дамып, әлемдік дәрежедегі өлшемдер бойынша жоғары ғылыми нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Біздің бұл сөзімізге зерттеуші-ғалымдарымыздың физика, химия, медицина, қоршаған ортаны қорғау, зоология, робот жасау, биология және биохимия, аграрлық ғылым салалары бойынша 1% жоғары сілтемелік көрсеткіштерге ие болған жұмыстары айқын дәлел бола алады.

Осы ретте 2011 жылы 18 ақпанда Елбасы қол қойған «Ғылым туралы» Заң да ғылыми жобаларды қаржыландырудың айқындап берген болатын. Бұл – заң ғылыми жұмыстарды бағалаудың әділ нормасын енгізіп, мөлдірлікті қалыптастырды десек артық айтқандық болмас еді. Тәуелсіздік жылдары ғылымның өрісін кеңейткен бұл бағыттар бойынша ғалымдардың өзі әділ бағасын беріп отырғанын білеміз. Осы ретте сөзіміз дәлелді болуы үшін Математика және математикалық модельдеу институтының директоры, академик Тынысбек Кәлменовтің мына бір пікірін мысалға келтірсек болады. «Ғылыми сараптаманың қандай пайдасы болғанын өзімнің мамандығым – математика ғылымымен байланыстырып айтқаным жөн шығар. Кеңес заманында Қазақстанның математика саласы Одақ бойынша орыстар мен украиндерден кейінгі үшінші орында тұрды. Ал тоқсаныншы тоқырау жылдары сегіз, тоғызыншы орынға дейін төмендеген еді. Ал ғылыми жұмыстарға ғылыми-техникалық сараптама жүргізізе бастағалы бері Қазақстанда математика ғылымы жоғары деңгейде даму үрдісін жоғалтпағанын байқадық. Бұған математика ғалымдарымыздың шетелдік сарапшылардың қарауына жіберілген ғылыми жұмыстарының басым бөлігі жоғары балға ие болды. Осы сараптаманың арқасында қазақ ғылымның даму дегейі қандай дәрежеде екенін бағамдадық. Бұдан бөлек әлемдік ғылыми кеңістікпен ынтымақтастығымыз арта түсті. Қазақ ғалымдары импакт-факторы жоғары ғылыми журналдарына ғылыми еңбектері жайында мақала жариялап, жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болды. Осылайша ТМД елдері арасында ғылыми-техникалық сараптама жүйесін жетілдірген бірден-бір ел атандық. Қазіргі таңда көршілес елдер біздің жолымызға түсіп жатыр. Өз басым мұны Тәуелсіздік жылдары ғылымды дамытудағы сәтті реформаның бірі деп есептеймін», – деген болатын.

Қазіргі талап бойынша қаржыландыруға ұсынылған ғылыми жұмысты екі шетелдік, бір қазақстандық сарапшы қарап шығып, рецензия жазады. Мұнда олардың аты-жөні құпия сақталады. Бұдан кейін әр бағыт бойынша Ғылыми кеңестің мүшелері сарапшылардың ғылыми жоба жайындағы ренцензиясымен танысып, шешім қабылдайды. Шетелдік сарапшылардың ғылыми жұмысқа әділ бағасын беретіні белгілі. Бүгінде «ҰМҒТСО» АҚ-ы ғылыми жұмыстарға сараптама жасау үшін ғылымы жоғары деңгейде өркендегін АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония сынды елдеріндегі ғалымдар тартып отыры. Олар әлемдік ғылыми үрдістің қай бағытта дамып жатқанын ескеріп, қазақ ғалымдарының ғылыми еңбектерін әділ бағасын беріп келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен іске асырған ғылыми жобаларды бағалау ісі бүгінде өз жемісін беріп отыр деуге толық негіз бар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде еліміздегі ғылыми журналдардың сапасын арттырып, олардың халықаралық ғылыми мәліметтер қорымен ытмақтастығын қамтамасыз етуді тапсырғаны есімізде. Қазіргі таңда «ҰМҒТСО» АҚ бұл бағытта да қызу жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл ретте ғалымдарымыз ғылыми мақалаларын ағылшын тілінде жазып, ғылыми еңбектерді әлемдік ақпараттық ресурстарға енгізудің маңызы зор.

Күні кеше ғана «ЭКСПО – 2017» көрмесінің жабылу салтанаты аясында ИӘҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші Саммитінде Елбасы Ислам елдері басшыларынан ғылымды дамытудың нақты жоспарын жүзеге асырудың өзектілігін айтып, ИӘҰ-ның арнайы кеңесін құруды ұсынған болатын. Өйткені ғалымдар мемлекет қолдауынсыз өз жаңалықтары мен өнертабыстарын алға жылжыта алмайды. Және бір ғана мемлекеттің бұл мәселемен айналысуы әлемдік мәселелерді шешуге қауқарсыз. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев Ислам мемлекеттеріндегі ғылым мен экономиканың дамуына жаңа серпін беретін «Үлкен жиырмалық» баламасын құруды ұсынды.

Ғылым саласы бойынша бәсекелестік ортаны қалыптастырып, өз саласы бойынша нақты нәтиже беретін білімді мамандарға барынша қолдау көрсетіп отырған Нұрсұлтан Назарбаев алдағы жылдарда да ғылымды дамытуға барынша көңіл бөле беретіні сөзсіз.

 

Нұрбай Мұрат

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости