Экс-шенеунік Даниал Ахметов миллиардтаған қаржыны заңсыз шығарды деген күдікке ілінді

Қаракөз Амантай 07 июн. 2024 10:45 7593

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Даниал Ахметовке қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына жіберуге уәде берді. Бұрынғы шенеунік Тайвань арқылы Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) миллиардтаған қаржыны шығаруға қатысы бар деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Шығыс Қазақстан облысындағы ағайындардың өтінішін және мен сұраған қосымша құжаттарды (Ахметовке қатысты – Dalanews.kz) тиісті сараптамаларымен құқық қорғау органдарына жіберемін", - деп жазды Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оcы тұста ол бұған дейін Қазақстанның әр өңірінен келіп түскен арыз-шағымдар бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.

"Олардың барлығын бірдей жазып не әлеуметтік желіде бөлісіп отыру мүмкін емес. Бірақ, бір нәрсе анық. Бір кездері жалғанды жалпағынан басып, Елбасының сенімді адамы атанғандардың жыры әлі талай жылға азық болатын түрі бар. Соның бірі, жоқ бірегейі – Даниял Ахметовке қатысты арыздар легі тоқтар емес.

Сол көп шағым ішінен біреуіне ғана тоқталайын, ДА әкім боп тұрған кезде Өскемен және Семей қаласы көшелерін жарықтандыруға деп ЕБРР (Европа қайта құру және даму банкі) арқылы 3, 6 млрд, оған қосымша бюджет тарапынан 1, 2 млрд, барлығы 4, 8 млрд бөлінген екен. Бұл жобаны ДА тарапынан жеке лобби жасалғанына дәлел ретінде, оның әкім боп тұрғанда ЕБРР-дың Лондондағы офисіне келіссөз жүргізуге өзі барғанын айтады шағым иелері", - дейді Абзал Құспан.

Айтуынша, мәселе онда да емес, мәселе сол миллиардтаған қаражатқа қойдырған шамдардың басым бөлігінің жанып кеткендігінде және кепіл уақыты ішінде ауыстырылмауында. Нәтижесінде, Өскемен мен Семейде көше жарығы жоқ, алайда ол жағдай екі облыстың бюджетін ЕБРР алдындағы қарыз міндеттемелерінен босатпайды.

"Менің қолыма түскен құжатарға сәйкес, осы күмәнді келісімге қатысқан екі компания белгілі, олар; 1. ШҚО әкімдігі ашқан "Региональный центр ГЧП ВКО" АҚ, 2. Тайваньда тіркелген "Everlight Electronics Co. LTD". Яғни, ұршықта айналған жіпті шетінен тарқататыны сияқты, тексеруді әкімдік жанынан құрылған мекемеден бастаса біраз дүниенің басы ашылары анық. 

Осыған байланысты, Шығыс Қазақстандық ағайындардан түскен арыз бен өзім тарапынан қосымша сұратып алынған құжаттарды, тиісті құқық қорғау органдарына өз талдауыммен қоса жолдайтын боламын", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости