ЕКПЕ АЛУҒА АСЫҚ

Dalanews 23 апр. 2021 08:28 792


Экономикалық-әлеуметтік өсім халықтың тұрақты өмірімен тікелей байланысты екенін ескерсек, эпидемиологиялық жағдай күр-делене түскен бүгінде жаппай вакцина салдыру – қалыпты өмірге оралудың бірден-бір жолы болып тұр. Мұны бәріміз жете түсінуіміз, індетке қарсы ортақ иммунитет қалыптастыруға атсалысуымыз керек.

Қазір вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Елдік мүддеге саятын аса маңызды науқанның қалыпты тіршілігімізге қайта оралудағы рөлін айқындау және көп болып екпе алғанда қалыптасатын әлеуметтік иммунитет арқылы ғана қауіпті вирусқа түбегейлі тосқауыл қоюға болатынан түсіндіру мақсатында қала әкімі Батыр Молдахметов мекеме, кәсіпорын ұжымдарымен кездесулер өткізді. Сондай-ақ, екпе алатын қала тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар берді. Бүгінде қалада тұрғындардың вакцина алуына арналған 5 процедуралық орын жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге, арнайы дайындықтан өткен дәрігерлер мемеке, кәсіпорындарға барып, егу жұмыстарын жүргізуде. Өткен аптада «Колоннада», «Текелі-Гранит» ЖШС, «Текелі» шипажайы, кәсіптік колледж және мектеп, балабақша ұжымдары екпе салдырды. Қазірге дейін қаламыз бойынша 2500 адам екпенің бірінші, 200 адам екінші дозасын алып үлгерді.
Еске сала кетсек, білікті дәрігерлер де, ғалымдар да әлемдік сипат алған қауіпті індетті еңсерудің жолы жаппай вакцинациялау екенін алға тартып, адамдарды екпе алуға шақыруда. Олардың пайымынша, қауіпті індет адамнан-адамға жұғу кезінде мутацияға ұшырап, сипатын өзгертеді. Қазірге дейін әлемді дүрліктірген бірнеше штаммы вирустың жұғымдану кезінде пайда болған жаңа түрлері. Егер, індеттің беталысы бақылаудан шығып кетсе, онда оның тіпті қауіпті штаммдары пайда болуы әбден мүмкін. Сондықтан, халықты жаппай індетке қарсы егу арқылы әлеуметтік иммунитет қалыптастыру өте маңызды. Әлеуметтік иммунитет қалыптасқан кезде ғана жұғымдану деңгейі төмендеген індет әуелгі арынан айырылып, әлсірей бастайды.
Айталық, Израиль халқының 80 пайызы екпе алғандықтан, елдегі эпидемиологиялық жағдай біртіндеп тұрақтала бастаған. Індет өршіген кезде күніне 100-ге дейін адам өлімі тіркелген болса, қазір бұл көрсеткіш 10-ға азайған.

Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ұлжан Ұлдаханқызы


Рекомендовать
Последние новости