Дұрыс тамақтану – ағзаның қорғанышы

Dalanews 01 нояб. 2023 04:19 1617

Иммунитетті сақтаудың маңыздылығы тек ауырып, ем іздегенде ғана еске түсіп жататыны өтірік емес. Әсіресе күн суытқанда ағзадағы иммундық жүйе төмендеп, соның салдарынан суық тигеннен пайда болатын аурулар жиілеп кетеді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық ішінде тәмсілге сүйенсек, бірден дәрі-дәрмекке жүгінбей, алдымен ағзадағы ауруға қарсы қорғаныш қабілетін қатайтып, иммундық жүйені күшейту қажет екенін ескере бермейміз. Ал иммунитетті күшейтудің маңызды жолы - дұрыс және пайдалы тамақтану. Осы мәселе жөнінде біз дұрыс тамақтану эксперті, нутрицолог, техника ғылымдарының магистрі, «Сенімен болашақ» РҚБ сарапшысы Еркежан Маратқызымен әңгімелескен едік.


- Адам ағзасындағы иммундық жүйенің қуат-күші төмендегенде ағза түрлі инфекцияны бірден іліп алуға бейім келеді. Әсіресе қазіргідей, күз мезгілінде ағза ерекше қолдауды қажет етеді, - деп бастады әңгімесін кәсіби маман. - Иммунитет деген сөздің өзі – дененің қарсыласу қабілеті дегенді білдіреді. Яғни иммунитет қалыпты деңгейде болса ол ағзаға енген бөгде жасушаларды, инфекциялар мен вирустарды бейтараптандырып, содан кейін жойып жібереді. Бір сөзбен айтқанда, иммунитет – біздің іштегі армиямыз. Ал адамның иммунитеті қалай сақталады? Ол пайдалы ұйқының, дене белсенділігінің және дұрыс тамақтанудың арқасында сақталады.

– Яғни қазақта «Ас – адамның арқауы» деп тегін айтылмаса керек. Жалпы дұрыс тамақтану дегеніміз не, тарқатып айтып берсеңіз?

Адам денсаулығының маңызды факторы - дұрыс тамақтану. Тамақтану сандық және сапалық тұрғыдан да мүмкіндігінше пайдалы болуы қажет. Дұрыс тамақтану дегеніміз күнделікті тұтынатын тағамды тепе-тең етіп пайдалану, ағзаңызға қажетті қоректік заттарды жеткілікті мөлшерде тұтыну. Ағзамыздың күнделікті талап ететін базалық мұқтажын жабу, қажетті макро, микронутриенттерді алу. Мысалы, күнделікті тағам рационына не кіру керек, ақуыздың, көмірсулардың, майлардың және жасунықтың мөлшері қанша болуы керек деген сынды мәселені ажыратып алған жөн.Бірақ сол астың өзін қажетіне, сырқатына және жас ерекшелігіне қарай мөлшерлеп тұтыну керектігін де естен шығармау керек.

– Яғни тамақ жеуге де сауаттылықпен қарау керек дейсіз ғой?

Өте дұрыс айтасыз. Алдымен не үшін тамақтанамыз, соны білуіміз керек? Өкінішке орай, қазіргі дамыған заманда біз асты тәбетіміз болмаса да жеу керекпіз деген тәуелділікке түсіп қалғанбыз, тамақ ішу ережесіне көңіл аудармаймыз. Ешқандай режимсіз, қажеттіліксіз қолданылады. Бір сөзбен айтқанда, көпшілігі тамақтану - қарын тойдыру деп қарайды. Осындай қателіктерден, сапасыз тамақ жеудің салдарынан қаншама аурулар көбейіп жатыр, тіпті ол аурулар жасарып та бара жатыр. Екі жастың біріне келмей асқазаны ауырып жүрген жастар көп. Кішкене сәбидің өзінде өтінде тас бар деп жатыр. «Ауру- астан» деп қазақ тектен текке айтып кеткен жоқ. Токсиндерге, химикаттарға толы тамақтарды, тез дайындалатын фасфудтарды қолдану арқылы кей ауруларды өзіміз қолдан тудырып жатқан жайымыз бар. Сондықтан, дұрыс тамақтануды бір реттік жүйе деп қарамай, оны қалыпты жолға қоя білу әрбір адамның саналылығы және өз ағзасына деген жауапкершілігі деп айтуға болады. Яғни өміріңізді жақсарту өз қолыңызда деген сөз.

– Дұрыс тамақтануды қолға алған кезде қандай кеңестерді ескерген жөн?

Басты ереже – ағзаны күйзеліске түсіріп алмау. Себебі, осы уақытқа дейін басқаша тамақтанып жүрген адам бірден калорияны азайтса, ағзасы қиналып қалады. Сондықтан дұрыс тамақтануды бастағанда зиянды тамақтарды пайдалы өнімдермен біртіндеп ауыстыру арқылы көшу керек. Мысалы, қуырылған тамақтардан бас тартып, оның орнына буға және суға піскен тамақтарды таңдаңыз. Суды қажетті мөлшерде пайдалану да дұрыс тамақтанудың бірден бір жолы. Су тепе- теңдігін сақтау, ас қорыту жұмысына ғана емес, сонымен қатар сұлулыққа, тері құрылымына пайдасы мол. Және бір айта кетерлігі таңғы асқа немқұрайлы қарамау керек. Көпшілік таңғы асқа жеткілікті уақыт бөле бермейді. Таңғы ас ішпеу үшін «үлгермеймін», «оның орнына ұйықтап алайын», «таң атпай тамақ батпайды, тәбетім жоқ» және т.б. сылтауларды айтады, немесе жүрдім-бардым бірнәрсені жей салып шығып кетеді. Бұл дұрыс емес. «Таңғы асты тастама, түскі асты тойып іш, кешкі асқа қарама» деген халық даналығы бар емес пе? Күніміздің берекелі, энергияға толу болып өтуі таңғы асқа тікелей байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн.


– Маман ретінде айтыңызшы, таңғы асқа не жеу керек?

Таңғы астың рационында күні бойы ағзаға күш-қуат беретін қоректік заттар молынан болуы керек. Түнгі ұйқыда ағза демалып, қалпына келуі үшін көп ресурсын жұмсайды. Сол кеткен энергияның орнын біз таңғы аспен толтыруымыз керек. Алдымен ұйқыдан тұрғанда міндетті түрде жылы су ішкен дұрыс. Бұл асқазан, ішек жолдары мен қан айналымын іске қосады. Су жұмыс істеу үшін қимылдау керек. Ескеретін жайт, суды асықпай, ұрттап ішкен дұрыс. 30-40 минуттан соң барып таңғы ас ішу керек. Таңғы асқа сүт қосылатын жүгері үлпектерін немесе жеңіл бутерброд қабылдау дұрыс емес. Себебі, таңертеңгілік уақытта ақуыз, май, көмірсудың сіңірілуін реттейтін ферменттердің бөліне қоймауы әсерінен, асқазанда мұндай ас түрлері дұрыс қорытыла қоймайды. Сонымен таңғы асқа не жеу керек: жануар текті ақуыз өнімдері (ет, құс еті, балық, сүзбе, ірімшік, жұмыртқа) және өсімдік текті ақуыз өнімдері (бұршақ тұқымдастары ноқат, үрмебұршақ, жасымық), субөнімдерден (бауыр, көкбауыр, бүйрек, өкпе, жүрек, тіл) дайындалған паштеттер, жарма өнімдері (күрделі көмірсулар) және міндетті түрде пайдалы май түрлерін (гхи майы, сары май 85%-тен жоғары, қаймақ, құйрық май, зәйтүн майы) жеуге болады. Таңғы асты жаңа піскен көкөністермен толықтыру да денсаулыққа зиян келтірмейді.Олар дәрумендердің, минералдардың және микроэлементтердің күнделікті құнының бір бөлігін алуға көмектеседі. Жаңа сығылған шырындарды жасауға болады. Дегенмен, асқазан-ішек жолдарын тітіркендірмеу үшін цитрус жемістерін аш қарынға теріс пайдаланбаған дұрыс. Қысқасы таңғы асты тастамау ұйқыдағы ағзаны оятады; ағзаны гликоген затымен байытады; зат алмасуды белсенді етеді; күні бойы бойыңызға қуат сыйлайды; ми мен бұлшықеттің жұмысын жақсартады. Күніңіздің қаншалықты нәтижелі болатыны таңертеңгі тамақтың сапасы мен мөлшеріне байланысты.

– Сонымен, иммунитетімізді көтеру үшін қалай дұрыс тамақтанамыз?

Жалпы иммундық жүйе толыққанды физиологиялық тұрғыда жұмыс жасау үшін бала да ересекте күн тәртібін биологиялық ырғақтылыққа сай сақтағаны жөн. Оған су режимі, 7-8 сағаттық ұйқы, дұрыс теңдестірілген тамақтану, тамақ ішу ережесі, физикалық жаттығулар, таза ауада серуендеу, табиғат аясында болу, күйзелісті болдырмау… Осы жағдайлар ескерілгенде ғана иммунитетіңіз жақсы болады. Қазір енді бар азық-түлікті сатып аламыз. Алып жатқан азық-түліктің құрамын міндетті түрде оқуымыз керек. Біз бағасына қарап, арзан екен деп ала саламыз, бағасына емес алдымен сапасына қарауымыз керек. Жақсы тағам арзан, қымбаттан тұрмайды, оның құрамындағы пайдалы заттардан тұрады. Содан соң күнделікті тұтынатын тағамнан тұз бен қанттың мөлшерін шектеу қажет. Газдалған сусындарды мүлдем ішпеген жөн: олардың құрамында қант мөлшері өте көп. Оның орнына шөп шай мен көкөніс пен жеміс-жидектерден жасалған шырын ішіңіз. Асқазан ішек құрылысының шырышты қабатын жақсарту үшін сорпаны , оның ішінде сүйектен жасалған сорпа өте жақсы көмектеседі. Одан кейін майлы тағамдар жеу керекпіз. Яғни дұрыс май таңдауымыз керек. Майлар адам рационындағы негізгі қоректік заттардың бірі. Егер тамақ рационында май болмаса, репродуктивті функция нашарлайды, майда еритін А, Е, Д, К дәрумендері ағзаға тиісті деңгейде сіңірілмейді, өт қабы үнемі тұрақты жиырылып, өт бұлақтай ақпайды, өкпеде сурфактанттың түзілуі (90% майдан тұрады) нашарлайды.Сонымен қатар мидың қызметі үшін де майлар қажет. Майлар күш-қуат алудың қайнар көзі . Қазір көбі май жесек семіріп кетеміз деген жаңсақ пікірде жүреді. Алыстан іздемей-ақ, ата-бабаларымыз тұтынған жылқы,қой,сиыр етін жеп, энергетик емес ұлттық сусындарымызға қайтып оралсақ,трансжирлар емес төрт-түліктен алынған майларды рационға қоссақ пайда таппасаңыз,зиян шекпейтініңіз хақ! Егер шамадан тыс шыдамсызданып жүйкеңіз жұқарып жүрсе, оған қоса ұмытшақтық мазаласа алдыңыздағы асқа да көңіл аударыңыз. Жалпы айтқанда тамақтану болсын, тәрбие болсын жауап іздесек барлық дүние өзіміздің тамырымызда, түбімізде жатыр. Сондықтан, ұрпақ денсаулығы - ұлт денсаулығы алаңдатса, табиғи, таза өнімдерді, пайдаланып тектілігімізді арттырайық!
Әңгімеңізге рахмет!

Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ,
бірлестік журналисі


 

Рекомендовать
Последние новости