"Доллар бағамы шарықтап шыға келді". Ұлттық Банк шұғыл мәлімдеме жасады

Кәмшат Тілеухан 08 апр. 2025 15:35 696

Кешелі бері ұлттық валютадан береке кетіп, қатты құнсыздануда. Осыған байланысты ҚР Ұлттық Банк бүгін валюта нарығына қатысты толыққанды ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Айта кетсек, 7 сәуірде доллар бағамы биржада шарықтап қоя берді, бірден үстіне 12,8 теңге үстемелеген 1 АҚШ доллары 518,31 теңге болды. 

"Жаһандық нарықтардағы құбылмалылықтың артуы мен негізгі экспорт тауарлары бағасының теріс динамика беруінен 7 сәуір күні KASE саудасында теңгенің биржадағы бағамы 1 АҚШ долларына 519,12 теңгені құрап, алдыңғы сауда күнінен бері 2,7%-ға әлсіреді (бір апта ішіндегі әлсіреу көрсеткіші – 2,9%). Ұлттық валютаға сыртқы факторлар, соның ішінде әлем бойынша тәуекел-сентименттің нашарлауына байланысты бейрезиденттердің шетел валютасына деген сұранысы артқаны ықпал етіп отыр", - дейді Ұлттық Банк.

Орталық банктің мәліметінше, сұраныстың өсуі сауда көлемінің ұлғаюына да әсер етті: 7 сәуірдің қорытындысы бойынша KASE-дегі операциялар көлемі 456,4 млн АҚШ долларына жетті. Бұл – жыл басынан бергі бір күндегі орташа көлемнен шамамен екі есе артық.

"Ұлттық Банк бюджет трансферттері мен аффинаждалған алтынды сатып алуға байланысты ақша-кредит саясатының бейтараптығын сақтау мақсатында шетел валютасын сату операциялары арқылы Ұлттық валютаға қолдау көрсетуді жалғастыруда. Бұл операциялар бұған дейін жарияланған көлемде жүзеге асырылып жатыр", - дейді қаржылық орган баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Ұлттық Банк АҚШ Президенті Әкімшілігінің бірқатар саяси шешіміне байланысты жаһандық қаржы нарықтарында құбылмалылық күшейгені байқалатынын, сауда шиеленісі мен протекционистік риторика күшейе берсе, жаһандық рецессия басталуы мүмкін деген нарық қатысушыларының алаңдаушылығы да арта түсетінін ескертеді.

"Нарықтар тәуекел етуге деген құлшынысты күрт сейілтіп, тәуекелді активтерді құнсыздандыру арқылы осы жағдайға реакция білдіріп жатыр. АҚШ-тағы негізгі қор индекстерінің динамикасы қазір теріс аймақта тұр. Сонымен қатар, мұнай бағасы да айтарлықтай арзандады", делінген ресми хабарламада. 

"Қара алтынның" бағасы 2025 жылғы 7 сәуірдегі жағдай бойынша бір апта ішінде (31 наурыз бен 7 сәуір аралығында) 14,1%-ға төмендеп, барреліне $65-тен төмен түсті. Бұл – кейінгі төрт жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Мұнай өндірісіне қойылған шектеулерді тез арада алып тастауға қатысты ОПЕК+ ұйымының бұған дейін қабылдаған шешімі және Азия елдеріне барлық мұнай маркасының бір баррелін $2,3-ке төмендететіні туралы Сауд Арабиясының мәлімдемесі мұнай бағасына қосымша қысым түсірді. Осылайша, баға 2022 жылғы қазаннан бері айтарлықтай төмендеді.

"Мұнай бағасының құлдырауы мен әлемдегі белгісіздіктің күшеюіне байланысты дамушы нарықтар (ЕМ) мен шикізатқа негізделген экономикалардың валютасы әлсіреп жатыр. Осылайша, ЕМ елдерінің валюта индексі бір апта ішінде 1,8%-ға әлсіреді (2025 жылғы 31 наурыз бен 7 сәуір аралығында). Оңтүстік Африка ранды 7,3%-ға, Ресей рублі 3,8%-ға, Бразилия реалы 3,5%-ға, Индонезия рупиясы 1,5%-ға, ал Мексика песосы 1,1%-ға арзандады", - дейді Ұлттық Банк.

Ұлттық Банк валюта нарығындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр, сондай-ақ, қажет болған жағдайда, айырбас бағамын тұрақсыздандыратын шамадан тыс құбылмалылыққа жол бермеу үшін қажет шараларды қабылдауға дайын.

Бұған дейін сайтымызда "Теңге құнсызданып жатыр". Сарапшылар АҚШ долларына қатысты өз болжамдарымен бөлісті" деген материал жарияланған болатын. Сондай-ақ "Қазақстанды жазалап жатыр". Сарапшы алдағы күндері 1 АҚШ доллары 530 теңге болуы мүмкін екенін айтты" деген мақаланы да оқи отырыңыздар.


Рекомендовать
Последние новости