Діншілдік пен діндарлық арасы

Dalanews 05 нояб. 2023 06:39 980

Дін - дүния мен ақырет арасын иман арқылы реттейді. Әрі сол ислам, адамға ақыл шеңберінде тұлғалық дәрежесі мен жауапкершілік сезімін береді. Себебі дін- құдайлық институт.

Сондықтан дін құбылысы дегенде оның тек қоғамдағы көріністері ғана емес, адам еркі, жауапкершілігі, ары, намысы, ділі, моральдық негізі, амалы, дұғасы мен құлшылығын бірге тұтас қарау қажет. Міне бұлар – адамның Алламен байланысын көрсететін қабаттар. Алламен байланыс деген теистер, атеистер, деистер, пантеистер, агностиктер және т.б. деген сияқты қоғамдағы адамдар тобын да анықтайды. Менің айтайын дегенім, осы өзіміздің ислам діні негізінде Алламен байланыс орнатушылардың ең басты проблемасы: ол діндар мен діншіл арасы. Ғылымда дін құбылысының төрт негізгі саласы - діни сенім, діни тәжірибе, діни таным және діни сана - қабаттары адаммен анықталады.

Осылардың ішінде халықтың діншілдігі мен діндарлығын анықтайтын өлшем ол діни таным. Шәкәрім атамыз, «Діншілдер, анықты білмес күншілдер “Жаныңды жолдан қосты” деп, Шариғат айтып күңкілдер» дейді. Бұл қазақты дінмен алдап, өзі де алданып, нәпсінің жетегінде кеткен «діншілдер». Олар өтірік немесе әдейі елді исламнан суытып, исламофобияға жалданып жүргендер. Расында атамыз айтқандай, біздегі діншілдер сырты ислам іші жахилия кезеңіндегі таным түсініктерге әбден малынып алған.

Бүгінгі қоғамдағы исламға деген наразылық психологиясын да өршітіп отырғандар солар, яғни діншілдер. Бүгінде қоғамда жамағатшылық психологиямен бес алты кітап не болмаса бес алты аят жаттап алған “діншілдер” толып жүр. Бір жағынан діншілдер дінді құлқынына жемтікке айналдырады. Нәпсі деген бәле кез келген құндылықты өзіне құрал қылып алады. Бұндай ұстаным ешқашан ислам дінінің мәнімен үйлеспейді. Бүгін талақ пен балақ, хижап, сақал, көп әйел алу, фанатизм жалпы исламофобияның құралы. Мұны надандық дейді. Ал надандық исламның қас жауы. Ал енді дінді ақылмен, таныммен, біліммен алғандар да бар, діндар тұлғалар. Олар үшін діннің бұйрықтарын орындау, тыйымдарынан қашу, құлшылық пен мінажаттарын жүзеге асыру ожданының тілегі, жауапкершілігі ретінде қаралады. Ислам діні - қазақ болмысының мәні, елдік тәжірибесінің де өркениеттік бастауы. Бүгінгі егемендікті баянды қылудың басты шарты діншілдік емес, діндарлық. Діндарлық пайғамбарымыз айтқандай, ол Алланың рақымы. Нағыз діндар, Алла жолындамын деген жан, кез келген мәселеге, қоғамдағы болып жатқан теріс түсініктер мен құбылыстарға жамағатшылық көзқараспен емес, танымдық, методологиялық тұрғыдан баға береді. Себебі, нағыз діндар адам, жамағатшылықтың қоғамды, ұлтты жікшілдікке бастап, бөліп тастайтын қара күш екенін біледі. Бүгін қоғамда осындай көрінбейтін партиялық қуаты бар, діншілдікке негізделген жамағаттар көбейіп кетті. Араларында ең болмаса диалог та жоқ. Иасауи атамыздың осындайда «Сен - мен деген халайықтан қаштым, мен» деген хикметі еске оралады. Ал діншілдер бұдан хабарсыз. Түйініміз, соңғы егемендік жылдар «жамағатшылдыққа бой алдырған діншілдер» де қазақтар. Ендігі мақсат, уақыт өте келе, сол уахаби-сопы, ескі мен жаңа қазақтар, орыс тілді-қазақ тілділер арасында мәміле, өзара құрмет пен келісім түсінігі қалыптасуы керек. Бұл мәселеде, «ала қойды бөле қырқуды» бұқаралық ақпарат құралдары да тоқтату керек. Бар қазақ бір қазақпыз. Сенің дінді қабылдау методың мынау, менікі мынау, енді ортада екі танымдық методты біріктіретін ақиқатты табуға бастайтын диалог мүмкіндігіне жол ашсақ қана ұтамыз.

Ешқашан өз елімізде, өз ішімізде өзара, сұхбат құра алмасақ, біреу бізге сырттан келіп, ынтымақта, бірлікте, болыңдар деп жол көрсетпейді. Сондықтан қазақ үшін, «менің жолым ақ, сенікі қара, мен жаннатқа сен тозаққа бара жатырсың» деген «балалық сезімнен арылып», ақыретті Аллаға қалдырып, қазақтық тұғырға оралуды басты мақсат етіп, діндардың сыртына емес, руханиятына мән беруді үйренбесе, ел болудан ада болуы ғажап емес. Сондықтан қазіргі дін саясаты да, діни саясат та дінді болмыстық тұрғыдан танып, танытуды қолға алуға байланысты болып отыр. Діннің барлық қабаттарын тұтас тану керек. Ол тек қана формадан, құлшылықтан, тілдегі сөздер мен ауыздағы дұғалардан, иіліп бүгілуден ғана тұрмайды.

Досай Кенжетай

Рекомендовать
Последние новости