Депутат Мұқаев 38 жастағы көпбалалы ананың тұсауын кесемін деп сынға қалды

Сағыныш Сардарова 14 апр. 2025 16:54 855

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев 38 жастағы көпбалалы әйелдің тұсауын кесті. Бұл туралы депутат әлеуметтік желіде жазды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат әрі блогер Мұқаев осы күнге дейін 3600-ге жуық баланың тұсауын кескенін, алды 9 жасқа келгенін айтты.

“Өзінің өтініші бойынша 38 жастағы көпбалалы ананың тұсауын кестім. Ақ жол! Бастысы оқырманымның гештальті жабылды, арманы орындалды”, – деп жазды депутат.

Дегенмен депутаттың бұл әрекетін сынағандар да табылған.

"Мынау енді шектен шығу", "Адамдар ақылдан алжасып, не боларын білмей жүр ме?", "Бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты дегендей", - деді желі қолданушылары.

"Д-деңгей. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев инста парақшасына “оптом” тұсау кесемін деп хабарландыру беріпті. Тіпті елу адам кезекке тұрып үлгерген. Енді келесі акция мамырдың ортасында болады деп оқырмандарына құлаққағыс қылыпты. Депутаттың деңгейін қараңыздар? Өзін қоғам қайраткері секілді сезініп жүр. Асанәлі Әшімов, Гена Головкин, Елдос Сметов сияқты танымал болса ше, шіркін?! Дәулетке тұсау кестіру дым да авторитет емес қой. Мына бала тұсау кескені үшін гонорар сұраса да таңқалмаймын. Әлде әркімнің қалтасына қарай көсіліп жапқан шапанын, символический сыйлық деп ұсынған нан салғышын немесе ырымдап берген 5-10 теңгесін пайда ретінде көре ме?
Депутат заң шығарады, елдің жайын ойлайды деп жүрсек, мынауың “тұсау кесем” деп атырауша айтқанда картопты жарды ғой. Өткенде іш-киімдерін қалай қаттайтынын көрсетіп “креативный” видео салып еді. Бір ісі-бір ісінен сорақы болып барады", - деп жазды журналист Диас Нұрақын Facebook-тегі парақшасында.
 
Алайда Дәулет Мұқаев оқырманының "тұсау кесу қанша тұрады?" деген сауалына "тегін" деп жауап қатыпты.
Айта кетейік, жуырда депутат Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі парақшасында үйіндегі киім-кешекке толы шкафын көрсетемін деп сынға қалған еді. Депутат киімін жеке сөреге, іш киімін және шұлықтарын жеке сөрелерге салып, тәртіппен жинайтынын жалпақ жұртқа жария қылған. Көпшілікке халық қалаулысының бұл қылығы ұнамады.

Жалпы бүгінде әлеуметтік желіні ауқымды мәселені шешіп, халықпен байланысу құралы ретінде пайдаланудың орнына, күнделікті қарабайыр қаптаған цифрлар жазылған есеп беріп, жеке имиджі үшін пайдаланатын шенеуніктер көбейген. "Бұл дұрыс құбылыс па?" деген сауалға белгілі журналист, қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова пікірін білдірген болатын.


Рекомендовать
Последние новости