Депутат Алматыда 40 қабатты кешен салып жатқан құрылыс компаниясын сынап тастады

Сағыныш Сардарова 04 июл. 2025 10:27

Алматының орталығында салынып жатқан 40 қабатты тұрғын үй кешені қоғамда қызу талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв бұл құрылысқа қарсылық білдіріп, жобаны қаланың тынысын тарылтатын шешім деп атады,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әңгіме Сейфуллин даңғылы мен Тимирязев көшесінің қиылысында тұрғызылғалы жатқан RAMS компаниясының жаңа тұрғын үй кешені жайында. Жоба бойынша бұл аумақта 40 қабатты бір мұнара мен 10 қабатты тағы бес ғимарат бой көтермек.

Депутаттың пікірінше, құрылыс қала инфрақұрылымына орасан зор ауыртпалық түсіреді. Себебі бұл аудан онсыз да көлік кептелісіне жиі ұшырап, әлеуметтік нысандардың тапшылығынан зардап шегіп отыр.

"Мұндай құрылыстың, әрине, қалаға түсірер салық түрінде пайдасы бар, жұмыс орындары ашылады. Бірақ дәл осы жерде осындай үлкен кешен тұрғызудың қажеті қанша? Бұл аймақта онсыз да мектеп, аурухана жетпей жатыр. Халыққа демалыс орны, саябақтар, әлеуметтік нысандар керек. Оның орнына қаланың көлік инфрақұрылымына, электр және кәріз жүйелеріне қосымша ауыртпалық түсіретін тағы бір алып кешен тұрғызылмақ", – дейді депутат.

Пономарёвтың айтуынша, мұндай құрылыс қаладағы азғантай топтың ғана мүддесін көздейді, ал қарапайым тұрғындар үшін тек қиындық әкеледі.

Сондай-ақ, депутат осыған дейін RAMS компаниясының басқа жобасында әлеуметтік нысандар – мектеп пен аурухана тұрғызуға уәде бергенін еске салды. Бірақ уәде етілген нысандар әлі күнге дейін салынбаған, тек тұрғын үйлер ғана тапсырылған.

Қазір RAMS-тың бұл жаңа жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Депутат Сергей Пономарёв жобаны қайта қарау керектігін айтып, қалалық билік өкілдерінің алдына нақты сұрақтар қоятынын жеткізді.


Рекомендовать
Последние новости