Данияр Елеусінов спортшыларға сәттілік тіледі (видео)

Қаракөз Амантай 05 авг. 2024 14:31 2806

Боксшы, Олимпиада чемпионы, әуесқой бокстан әлем чемпионы, халықаралық спорт шебері Данияр Елеусінов Париж Олимпиадасында өнер көрсетіп жатқан қазақстандық спортшыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Боксшы алдымен бірнеше жыл бұрын Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарын еске түсіріп, сол кезеңде үлкен қолдау көрсеткен Ұлттық Олимпиада төрағасына ерекше алғысын білдірді.

"Бәріңіз Париж Олимпиадасын көріп, қадағалап жатқан шығарсыздар. Менің карьерама көз жүгіртетін болсақ, Рио Олимпиадасына дайындалған кезімде 2015 жылы әлем чемпионатына жолдама алып, Рио Олимпиадасының алдында 3 турнирде жеңіске жеткен болатынмын. Сол Олимпиаданың алдында Америка Құрама Штаттарына барып дайындалған едім. Сол ұсынысым мен шешімімді Ұлтттық Олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Асқарұлы Құлыбаев қолдап, өз қаражатын бөліп, оқу-жаттығу жиынына жіберген болатын.

Бұл сол уақытта тактикалық дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Жоғары деңгейде дайындалдық. Олимпиада алтыны қазақ боксшысына ауадай қажет болған сәт болды. Себебі маған да артылған жауапкершілік жоғары  болды. Серік Сәпиев екеуміз Олимпиада чемпионы атандық.  Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит күміс жүлдені еншіледі. Енді Париж Олимпиадасында қалған спортшыларымызға, боксшыларымызға сәттілік тілеймін!", - деді ол.

Еске салайық, XXXIII жазғы Олимпиада ойындары – Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қатысып жатқан сегізінші жазғы Олимпиадасы. Қазақстаннан 70 спортшыда 80 лицензия бар.

Жолдаманың ең көбін боксшыларымыз (10 лицензия) жеңіп алған болатын.

 


Рекомендовать
Последние новости