Дана Ерланова. Google байқауының финалына өткен қазақ қызы

Dalanews 25 дек. 2019 19:12 1147

Биыл «Жастар жылы». «Қала мен Дала» қарым-қабілетімен ерекшеленген, қатарынан озған қазақ жастары жайындағы мақалалар сериясын жалғастырады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Дана Ерланова.

MakerSpace-тің Амбассадор жобасы бойынша мектеп оқушысы Дана Ерланова өткен жазда екі рет Америкада болып, көп жас бас сұқпақ түгілі тек саңылауынан сығалап қарауды арман ететін ғылыми тәжірибелер алаңы - Силикон алқабында болып қайтты.

«Бұл менің өмірімді түбегейлі өзгерткен тәжірибе болды!», - дейді оқушы қыздың өзі де.

БІРІНШІ ЖОБА: SEQUENCE - АҚЫЛДЫ ДӘРІ ҚОРАБЫ

Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Дана Ерланова 10 сыныптан бастап бағдарламалаумен айналысады. Оның ІТ саласындағы білімін білікпен ең алғаш ұштастырған жері де MakerSpace алаңы болған.  Оқушы қыз мұндағы әртүрлі секцияларда болып, бағдарламалау қырын байқап көре бастаған. 

Дегенмен Дана бұл тақырыпты толық меңгеру үшін ағылшын тілін жетік меңгеру керектігін әбден түсінеді. Сондықтан ол бір жыл бойына MakerSpace алаңына келіп, ондағы ағылшын тілді жастармен достасып, олармен тығыз байланыста болған.

Бір айта кетер жайт, бұл кеңістікте білімін ұштап жүргендер үшін әртүрлі ғылыми тақырыптағы мақалалар ақысыз ұсынылады, оның үстіне компьютерді де емін-еркін пайдалануға береді.


«Мен уақыттың шектеулі екенін түсіндім, маған бәрін тез үйреніп, алға жылжи беру керек болды. Сонда болашақта не істейтінімді, қай мамандықты таңдайтыным айқындалатын еді, сондықтан маған қолжетімді MakerSpace ресурстарының барлығын барынша пайдалану керек деп шештім.

 11-сыныпта мен өз жобаларымен айналыса бастадым, менің алғашқы жобам - Альцгеймер дертіне шалдыққан адамдарға арналған инновациялық таблетка қорабы. Менің басымда мұндай идея кездейсоқ пайда болған жоқ, негізінен, әжем осы аурудан зардап шегуші еді», - дейді ол.

Дана ақылды дәрі қорабын мобильді қосымшаға жалғады, осы кезде «Шеврон» компаниясы Хакатон бәйгесін ұйымдастырды. Бұл іс-шараның ілеспе хабарламасында «Шеврон» үздік жобаларды дамыту үшін үш жеңімпазға 500 доллардан ақшалай сыйлық әзірлеп жатқанын жариялады.

 «Мұнысы керемет болды. Себебі менде дәрі қорабына датчиктер жетіспей тұрған. Менің идеямды жүзеге асырып, әлемнің кез-келген нүктесінен әжемнің дәрі қабылдаған-қабылдамағанын тексеріп, біле алатындай болуым үшін маған жоғары сапалы қымбат датчиктер қажет еді. Байқауда жеңімпаз атанып, «Шеврон» маған жобамды жетілдіру үшін 500 доллар берді. Мен бірден барып, Arduino жабдықтағыштарын сатып ала бастадым, бұл - өз алдына бөлек диваис құруға арналған датчиктердің шаблоны», - дейді Дана.



GOOGLESCIENCEFAIR ЖӘНЕ СИЛИКОН АЛҚАБЫ

Міне, осы бір жетістіктен соң Дана халықаралық хакатонға қатысу үшін жолдама алады. Оған 6 елдің оқушылары қатысты. Сондықтан Дана І-орынды иелену үшін едеуір тер төгіп, мықты бәсекелестерге тойтарыс беруі керек болды. Бұл оның қолынан келді. Сөйтіп қазақ қызы бәйге жүлдесі - 600 мың теңгені еншіледі.

«Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім, ол кезде менің ноутбугым да жоқ еді. Сондықтан, мен бұл ақшаға ең бірінші ноутбук сатып алдым, ол қолыма тигенде мен өзімді жоғарылап кеткен адам секілді сезіндім», - дейді Дана.

Содан кейін (оның айтуы бойынша) - 13 жастан 18 жасқа дейінгі балалар арасында  GoogleScienceFair-дың байқау өткізгелі жатқанын кездейсоқ біліп қалдық. Бұл сайыстың басты мақсаты - жасөспірімдер арасында ғылымды кеңінен насихаттау.

«Біз ол туралы байқауға үш апта қалғанда ғана білдік, көп қағаз толтырып, эссе жазуымыз керек еді, онда да бәрін ағылшын тілінде», - дейді Дана.


- Біз іріктеудің үш кезеңінен өттік, сөйтіп 2019 жылдың мамыр айында біз әлемнің 20 үздік финалистері қатарына ендік. Ал оған дейін біздің команда 100 финалист тізіміне енген болатын. Міне, сол қатарға кіргенде-ақ бізге арнайы ноутбук берілетінін айтқан, қазір соны күтіп жүрміз. Жазған эссемізде, негізінен, бізге кімдер көмектескенін, ғылымға деген қызығушылығымыз туралы жаздық.

Бұл мен жеңіске жеткен екінші халықаралық жарыс болды және біз Калифорнияға жол тарттық, - дейді ол.

Дананың Калифорнияға, Силикон алқабына сапары ата-анасынсыз өз алдына бөлек шетелге шыққан алғашқы кезі болыпты. Қыздың саяхаты 25 шілдеде басталып, 2019 жылдың 1 тамызында аяқталды. Америкадағы жарысқа әртүрлі елдерден Дана сияқты 20 мың жасөспірім келген.

І-орынға байқауды ұйымдастырушылар кез-келген американдық университетте білім алу үшін 50 мың доллар тіккен. Байқаудың басқа серіктестері, мысалы, NationalGeographic, ScientificAmerica және басқалары, өздерінің басқа жеке сыйлықтарын дайындапты. Мысалы, 15 мың доллар, Ирландияға саяхат немесе NatGeoWild-пен бірге деректі фильм түсіріп, саяхаттау сынды.

«10-сыныпта оқып жүргенде Силикон алқабында болсам ғой деп армандайтынмын, бірақ мен үшін ол алыс болашақта мүмкін нәрсе секілді көрінетін, өйткені оған тек кәсіби жоғары деңгейлі мамандар ғана кіре алады деп ойлаушы едім.

Бұл менің өмірімді түбегейлі өзгерткен сынақ болды! Мен Сан-Францискода болдым, әлемді көрдім, түрлі стартаптармен таныстым, біз бірнеше компанияларды араладық»,  - дейді Дана.

Америкадағы алғашқы күні олар Калифорния, Сан-Франциско қалаларына саяхат жасаған. Дана команда құрамындағы қыздармен бірге алдымен Google-дың бас кеңсесінде болып, онда Қазақстанның жастарын кездестірген. Сонымен қатар, Сан-Францискода Дана 2016 жылы GoogleScience байқауының жеңімпазы болған бір қызды кездестіріпті, қазір ол 20 жаста екен, Стэнфорд университетінде оқиды.

 «Сол қыз мені байқауға қатыс деп ынталандырды, мен оған өзіме тәлімгер болуды өтіндім. Ол бас тартпады, мені жарысқа жақсылап даярлады, бәрі тамаша болды! Мен одан университет туралы, оған қалай түсуге болатынын сұрастырып, біліп алдым», - дейді Дана.

Жарыс басталғанға бір күн қалғанда Дана командасының қыздарымен бірге уақыт тауып,  қалаға сытылып шығады. Олар жергілікті дәм -бургер мен шоколад жеп, әйгілі «Алтын көпір» бойымен жүріп, ChinaTown-ға бір-ақ барған, қала орталығындағы үйсіз-күйсіз жандарды кезіктірген. Осылай күні бойы қала аралаған қыздар шамамен 16 шақырым жерді жаяу жүрген.

Байқауда І-орынды мұхиттың бетінен ұсақ пластик заттарды жинау жобасы жеңіп алды, оның авторы – Ирландия жасөспірімі. Ол өз жобасы таныстырылымында жыл сайын өз елінде теңіздегі қоқыстардың кесірінен ондаған тасбақа өлетінін айтты. Оның идеясы - магнитті пайдалану арқылы мұхит бетінде қалықтап жүретін шағын пластик заттарды жағаға алып шығу.

Байқау жеңімпаздарын марапаттауға АҚШ-тағы ең танымал блогерлердің бірі Диана Коверн қатысқан, оның желіде миллионнан астам жазылушысы бар.


«Мен ондай адамды кездестіргеніме, онымен сөйлескеніме өте қуаныштымын. Диана Массачусетс технологиялық институтын тәмамдаған. Оның YouTube-те Thephysicsgirl деген арнасы бар, онда ол физиканы ғылым ретінде насихаттайды» , - дейді Дана.

АҚШ-тағы күндерінің бірінде таңертең оянған Дана әйгілі болып шыға келгенін білмепті. Сөйтсе Дана жайлы Google-дің басты парақшасында мақала жарияланыпты. Қаркөз қызымызға Силикон алқабында болған күндері әлі күнге дейін бейнебір көрген түс сияқты көреді.  Төрт жұлдызды қонақ үй, күн сайын жаңа оқиғалар, жаңа суреттер, күнде қала аралату, бастысы оқушы қыз күнде Google компаниясының бас кеңсесінде бола алған, әрине бұл кез келген жастың өмірінде ұмтылмас сәт.

«Мен ғылымның көмегімен басқа адамдарға көмектесу арқылы үлкен жетістікке жетуге болатындығын түсіндім. Ең бастысы – өз ісіңізді сүйіп, оны ынта-шынтаңмен орындау!», - дейді Дана.

СИЛИКОН АЛҚАБЫНА ЕКІНШІ САПАР. TECHNOVATIONCHALLENGE

АҚШ-тан оралғаннан кейін Дана Technovationchallenge-нің қыздарға арналған байқауына қатысады.

 «Біздің команда 4 қыз және тәлімгерден тұрды. Біз балаларға арналған Teco ойынын құрастырдық, онда қоқысты өңдеп ойнайды және экологиялық мәселелердің салдары мен шешімдері туралы ақпарат алады. Мысалы, ойын кезінде қоқысты арнайы ыдысқа тастағандарға ұпайлар берілді. Бұл ұпайларды кино билеттеріне немесе қандай да бір жеңілдікке ауыстыруға болады. Біздің басқа компаниялармен осы бағытта байланысымыз болды», - дейді Дана.

Осылайша біздің қыздар І-орынға ие болып, әйгілі американдық технологиялар алқабына тартып кетті. Бұл сапар 12 тамыздан 24 тамызға дейін 12 күнге созылған.  АҚШ-тағы жарысқа арналған бағдарламаның таныстырылым мәтіні мұқият дайындалды, қыздар өз сөздері мен рөлдерін жақсылап жаттап алды, тіпті ғарышқа арналған арнайы костюм де киді. Ақыры олар ІІІ-орынды иеленді.

Жарыстан кейін қыздар қаланы аралап, Uber, Facebook, NASA, Apple сияқты атақты компаниялардың кеңселерінде болыпты. Әсіресе, Facebook-тің зор ғимараты қыздарды таң қалдырған. Мұнда жұмыс орнынан бөлек коворкинг алаңы, жеміс-жидек сусыны мен кофеханалар, түрлі ұлттық тағамдардың мейрамханалары самсап тұрған. Балмұздақты тегін жеп, суық бассейнге сүңгіп алуға да рұқсат екен мұнда.

- Бұл армандағы үй деп айтса болады, - дейді Дана. Оларға Facebook компаниясындағылар өздеріне жұмысқа тұрған жасқа алғашқы екі айда айлықтан бөлек тағы 70 мың доллар үстемақы берілетінін айтқан. Мұны олар кадр ағымы болмас  үшін жасайтынға ұқсайды. Қыздар компания қызметкерлерімен сөйлесіп қана қоймай, велосипедпен де сол территорияда серуендеген.

Google компаниясындағылар да өз қызметкерлерінің жағдайына көп көңіл бөледі. Мысалы, мұнда жұмысқа итіңізді алып келуге болады екен, бірақ мысыққа рұқсат жоқ. Бір қызығы, компанияның кейбір кеңселері атақты мысықтардың құрметімен аталыпты.


Apple кеңсесі минималистік және аскетистік жағынан ерекшеленеді, оларда тегін тамақ деген жоқ, өйткені бір кездері компанияның негізін қалаушы Стив Джобс ақысыз тамақ тазартылмай, ақыры үйінді қоқысқа айналады деп санаған.

Силикон алқабына жасаған сапары кезінде  қазақстандық командаға қызығушылық көп болған, көптеген әйгілі американдық бұқаралық ақпарат құралдары қыздармен сұхбаттасып, олар үшін Стэнфорд университеті қабырғасында оқу орыны туралы арнайы баяндама жасаған.

UNICEF-ТЕН БАҒДАРЛАМА

Алматыға келгеннен кейін де бір орнында тыныш отыра алмайтын Дана UnicefSummerresidencyinternship бағдарламасын кезіктіреді. Ол DataScience-ді зерттеп, сол білімі арқылы мобильді қосымшаны құру үшін деректерді қалай пайдалану керектігіне бас қатыра бастайды. Дана қасына екі баланы ертіп, команда жасақтайды. Капитаны өзі болады. Олар дамуы тежелген балалар пайдалана алатын Yerekshe қосымшасын жасап шығады.

«Осылайынан үш жобаға қатысып, менің жазғы демалысым көзді ашып-жұмғанша өте шықты.  Бұл жыл мен үшін жемісті болды, мен жобаларды дамытуға бар уақытымды жұмсадым. Бастысы, сүйген ісіммен шұғылдандым. Жаз тамаша болды!», - деп күледі кейіпкеріміз.

Әзірлеген, Кәмшат СӘТИЕВА 


Рекомендовать
Последние новости