Dala Finance: Базалық ставка не үшін керек?

Dala Finance сарапшы 19 мар. 2024 14:57 16789

Базалық ставканы еліміздегі монетарлы билік болып табылатын Ұлттық Банктің ақша-несие саясаты жөніндегі Комитеті бекітеді. Қазір оның деңгейі 16,5%, ал ауытқу коридоры плюс минус 1 пункт. Бұл нені білдіреді? Демек, еліміздегі екінші деңгейлі банктер Ұлттық Банктен 17,5 пайызбен кредит ала алады. Сонымен бірге, Ұлттық Банкке 15,5 пайызбен депозит сала алады.

Осы базалық ставка арқылы Ұлттық Банк инфляцияны реттеп отырады. 2020 жылы орын алған пандемиядан кейін бүкіл әлем бойынша тауар тасылымы тоқтап қалды да, планета масштабында қымбатшылық күрт артып кетті. Қазақстанда 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4% болып тұрған, ал 2022 жылы ол 20,3 пайызға дейін бірден көтерілді. Жалпы былтырғы жылды біз үшін инфляциялық шок кезеңі деп айтсақ болады.

Классикалық экномикалық теорияға сай, инфляция тым өршіп тұрғанда орталық банктер базалық ставканы жоғары деңгейде ұстау керек. Біздің Ұлттық Банк те былтырғы жылдың соңында ставканы 14 пайыздан бірден 16,75 пайызға көтерді. Инфляция түсе бастағаннан кейін, базалық ставка да сатылай төмен жылжыды.   

Өтімділік деген не?

Ұлттық Банк неге базалық ставканы жоғары көтерді? Оның себебі өте қарапайым. Ақша массасы тауарлар мен қызметтен көбірек болса, бірден қымбатшылық басталады. Яғни, ақша тым көп кезде инфляция күшейеді. Нарықтағы осы ақша массасын қаржыгерлер «өтімділік» деп атайды. Ал енді, егер базалық ставка жоғары болса, онда коммерциялық банк депозиттерінің де сыйақысы жоғары қойылады. Мысалы, қазір базалық ставка 14,75% кезінде, банк депозиттері өз клиенттеріне қысқамерзімді салымдарға орта есеппен 15% ұсынуда.

Осы кезде банк депозиттеріне ақшаны салу, жинау өте тиімді болады. Барлық өтімділік осы депозиттерге (және облигацияларға) ауыса бастайды. Сәлден кейін нарықта басы бос ақша азаяды. Соның нәтижесінде, тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуі баяулап, инфляция жоспарланған қалыпқа келеді.

Артынан кейін, инфляция сабасына түсіп жатса, орталық банктер базалық ставканы жайлап түсіреді. Ол кредиттің арзандап, экономикалық белсенділіктің қайта жандануы үшін қажет.

Экономика - әрі-бері ырғалатын әткеншек сияқты. Ал оны қажет кезде сырғытып, қажет кезде тежеп тұратын көзге көрінбейтін күш – ақша-несие саясаты. Өз кезегінде, базалық ставка осы саясаттың негізгі құралы болып табылады.


Рекомендовать
Последние новости