Д. Абаев: «Аналогтық таратылымды тоқтау – байланысты дамытып, шығындарды қысқартады»

Dalanews 15 июл. 2016 07:40 894

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Алматы қаласында «Қазтелерадио» АҚ-ның базасында өткен жиынға қатысты. Іс-шара барысында  аналогтық эфирлік телетаратылымды Қазақстан Республикасының аумағында кезең-кезеңмен тоқтату мәселесі талқыланды.

Министрдің айтуынша, цифрлық эфирлік телетаралымды қолданысқа енгізу және дамыту –  сапалы цифрлық отандық телеарналардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету – әлеуметтік тұрғыдан маңызды жоба.

– Аналогтық эфирлік таратылымның кезең-кезеңмен өшірілуі мобильді байланыстың дамуына, аналогтық желімен қызмет көрсету шығындарын азайтуға, халықаралық міндеттемелерді орындауға және аудандық телерадио хабарларын таратудын өркендеуіне себеп болмақ, – деді Д. Абаев.

Бүгінгі күні аналогтық және жер бетіндегі цифрлық таратылым желілері қатар жұмыс істеуде. Аналогтық таратылым желісімен мемлекеттік телеарналардың хабар таратуы үшін жыл сайын жұмсалатын мемлекеттік шығындар шамамен 1,2 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ, іс-шаралардың іске асыру мерзімдерін ұзарту ұялы байланыстың төртінші буыны 4G-ді енгізуге кедергі туғызады.

Сонымен қатар, жиын барысында ұлттық телерадио хабарларын тарату желісін «Intelsat-904» шетелдік спутнигінен отандық КА «KazSat-3» спутнигіне ауыстыру мәселесі талқыланды.

– Желіні шетелдік спутниктен отандық спутникке ауыстыру техникалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да қажет. Осыған байланысты «OTAU TV»-нің барлық абоненттерін қазақстандық «Қазсат-3» спутнигіне көшіруге күш салуымыз керек, – деді министр.

Министрдің айтуынша, ауыстыруға қатысты барлық техникалық іс-шаралар осы жылдың қыркүйек аяғына дейін аяқталуы қажет.

Жиын соңында БАҚ арқылы халыққа ақпараттық насихат жүргізуді күшейту туралы тапсырма берілді. «Қазтелерадио» АҚ-на «OTAU TV» абоненттерінің «Қазсат-3» спутнигіне толықтай көшірілуі және жергілікті органдармен бірлесе отырып, атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұяларға цифрлық эфирлік таратылым қызметтерін қосу мәселесін әзірлеу тапсырылды.

 

«ҚмД» ақпарат

Рекомендовать
Последние новости