«Ұлы көш» күтіп тұр

Dalanews 15 июл. 2016 07:48 886

 Елімізде бүгінгі жағдай сақталып қалатын болса, 2050 жылға қарай халықтың 55 пайызы оңтүстiк өңiрлерде тұруы мүмкін. Осының алдын алу үшін оңтүстiк тұрғындары солтүстiкке көшіріліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР ДСӘДМ вице-министрi Бiржан Нұрымбетов мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

– Халықты оңтүстiк өңiрлерден солтүстiкке қоныстандыру елiмiздегi маңызды мәселе. Зерттеулерге сүйенсек, осы қарқынмен кете беретін болсақ, 2050 жылы оңтүстiк аймақтарда бүкiл халықтың 55 пайызы тұратын болады. Тағы бiр зерттеуге сәйкес, 2030 жылға қарай солтүстiкте халық саны 1 млн-ға азайып, оңтүстiк өңiрлерде 5 млн-ға көбейедi деген болжам бар. Сондықтан, бiз халықты тұрақтандыру мәселесін қарауымыз керек. Бiрақ, ол азаматтың өзiнiң еркiмен жасалатын дүние. Мәжбүрлеп көшiруге ешқандай заң құқық бермейдi. Халық мүдделi болу үшiн ынталандыру тетіктері жасалуы керек. Мұны бiз «Жұмыспен қамту жол картасында» қарастырып отырмыз, – дедi Б.Нұрымбетов.

Вице-министрдiң айтуынша, көшi-қон еңбек ресурстарының бiрнеше түрi бар. Бiрiншiсi –  облыс iшiндегi елдi мекендер арасында қоныс аудару. Ол экономикалық әлеуетi төмен елдi мекендерден көркейген жерлерге көшудi қарастырады. Бағдарлама 2011 жылдан бастап iске асырылды. Сол кезден бастап 17,5 мың адам көшiрiлдi. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда экономикалық әлеуетi төмен 409 елдi мекен бар.

«Қоныстанудың екiншiсi – облысаралық, яғни бiр облыстан екiншi облысқа көшу. Былтырдан бастап өңiрлiк квота енгiзiлдi. Үкiмет еңбек ресурстары тапшы өңiрлердi белгiлейдi, сөйтiп еңбек ресурстары артық өңiрлерден көшуге қолдау жасайды. Жұмыс күшi тапшы аймақтарға Солтүстiк Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстары жатады», –  дедi вице-министр.

Оның айтуынша, егер азаматтар өз еркiмен оңтүстiк өңiрлерден солтүстiкке көшетiн болса, қолдау көрсетiледi. Қолдау көшi-қонға кеткен шығындарды өтейдi. Отағасына 50 АЕК немесе 106 мың теңгеден бөлiнедi. Сонымен қатар әр отбасы мүшесiне 35 АЕК, 74 мың теңгеден астам қаражат қарастырылған. 5 адамнан тұратын отбасыға 402 мың теңгеге көмек көрсетiледi. Олар бастапқыда жалдамалы үй немесе жатақханамен және жұмыспен қамтылады. Қажет болса, қайта даярлау, бiлiктiлiгiн арттыру курсынан өтедi. Ал кәсiпкерлiкпен айналысам десе, 5 млн теңгеге дейiн шағын несие берiледi.

«Жұмыс күші мол аймақтардан жұмыс күші тапшы аймақтарға 320 отбасы көшті (672 адам). 424 жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің 319-ы жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 314 адам орналасты. Биылғы жылы 109 отбасы Оңтүстiк Қазақстаннан Солтүстiк Қазақстанға қоныс аударды. Тағы 200-ден астам отбасы оңтүстiктен солтүстiкке көшуге дайын», - дедi вице-министр.

Рекомендовать
Последние новости