Бизнесте дер кезінде шешім қабылдау маңызды – жас кәсіпкер

Қуаныш Ермекова 20 февр. 2024 15:50 1533

Еңбек және еңбек ету – адам өмірінің қозғаушы әрі дамуына ықпал ететін күш. Адам сүйікті ісімен айналысу арқылы табысқа жетіп қана қоймай, өзінің ойындағы өмірін қалыптастыра алары сөзсіз. Адам өмірге келген сәттен бастап еңбектене бастайды. Кейде адамдар бір емес бірнеше мамандықтың «құлағында ойнауы» мүмкін. Ал кейде бір мамандықтың өзімен табысқа кенеліп те жатады.

Солардың бірі маңғыстаулық Даниял Төлеуішов. 23 жастағы Даниалдың түйе сүтінен жасалған ұлттық «Ақдәм» тәттілер дүкені бар. Бұл кәсіппен бірнеше жылдан бері айналысып келе жатқан оның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы Қазақстанның атын әлемдік брендте қалыптастыру. Жас кәсіпкермен ұлттық өнімдерінің ерекшелігі, өндіру артықшылығы туралы сұхбаттастық.

 

"Ақдәмнің" негізі 4-курста қаладым

Даниял бұл кәсіпті ашуды студент кезінен бастап жоспарлаған.

– Әкем жастайынан мал шаруашылығымен айналысса, анам үй шаруашылығын қршықша иірді.

Өзім Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде инженер-механик мамандығында тәмамдап шықтым. Біздің оқып жүрген кезімізде тәжірибеден өтуге компанияларға жіберетін. Бірақ тәжірибеден өтіп жүргенде мамандықтың маған ұнамайтынын түсіндім. Содан бастап, кәсіппен айналысамын деп шешім қабылдадым.

3-курс оқып жүргенде карантин болды. Сол уақытта өзіндік даму кезеңі басталды. Тренингтерге, курстарға қатыстым. Жалпы "Ақдәмнің" негізі 4-курс оқып жүргенде қаланды деп айтар едім. Ол кезде онлайн оқып жүрген едім, – дейді жас кәсіпкер. Даниял өзін-өзі дамыту мақсатында 2020 жылы карантин уақытында Алматыға оқуға келген.

– Бір кәсіппен айналысқым келді. Негізгі табыс мал шаруашылығынан түсетін болғандықтан "малдың өнімінен дайын өнім жасау керек" деп ойландым.

Жалпы, әкем өзі мал шаруашылығымен айналысқанымен мені араластырмады. "Оқы, ел, жер көр" деді. Сондықтан мал шаруашылығына сыртынан қызығып жүрдім. Кез келген елге барсаңыз, тәттісін алып келу туристерге тән. Түркияда пахлава, Өзбекстанда дәндер, Әзербайжанның өз тәттісі бар.

Бізде "Маңғыстауда өзгеше не бар?" деп ойландым. Сол кезде түйе өнімдерін әдемі қаптамамен бренд етіп шығарсам деп ойладым. Бізде мұндайды жасайтындар көп болғанымен, қаптамасы, халыққа беру тәсілі қарапайым болғандықтан туристерге ұсынуға келмейтін, – деді ол. Даниялдың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, әлемдік бренд қалыптастыру.

– Идеям дайын болған соң, қаптама алудан бастадым. Оған 600-700 мың теңге кетті. Себебі дизайн, қаптама бәрін Алматыдан дайындаттым. Анам идеямды бірден қолдап, қуанды.

Алматыдан ауылға келіп, өнімдерді дайын қаптамаларға салып, әлеуметтік желідегі парақшада сата бастадым. Бастапқыда тапсырыс түспеді. Жергілікті блогерге жарнама берген соң өте көп тапсырыс түсе бастады.

Сол кезеңде өзім сатушы, тапсырыс жеткізуші, маркетолог болдым. Күндіз тапсырысқа шығып, түнде идея ойластыратынмын. Әлеуметтік желіде қызығушылық білдірген адамдарға хабарласып, "Ақдәм" туралы айтып беретінмін. Біртіндеп солай халық арасында танымал бола бастады, – дейді Даниял. Оның айтуынша, кәсіп ашуға ақшаны ата-анасы берген.

– Кәсіп ашуға барлық ақшаны алғашында әкемнен алдым. Қазір шүкір, бірнеше есе өстік. Кәсіп болған соң алыс-беріс болады. Арасында мемлекеттен 500 000 теңге грант ұтып алдық. Оған тоңазытқыш, мұздатқыш сатып алдық. Бұл да бір үлкен көмек болды, - деп Даниял ойын ортаға салды. Жас кәсіпкер өнімдерінің бәрі қала ішіндегі цехта дайындалатынын тілге тиек етті.

– "Ақдәм" – түйе сүтінен жасалған тәттілер. Негізі түйе сүтінен жасалған өнімдер Маңғыстауда ғана емес, Қазақстанда бірнешеуі бар. Біздің ерекшелік – ешқандай қоспасыз сапалы өнім, әдемі қаптама.

Қазіргі таңда 8 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Өнімдер цехта дайындалады. Сол жерден қапталып, халыққа жіберіледі. Цех қаланың ішінде орналасқан. Кейде тұтынушылардың арасында қолымен ұстап, дәмін көріп алғысы келетіндер бар. Сондай кезде цехқа келіп, барлығын көруге мүмкіндігі бар, – дейді кәсіпкер.

 

Бизнесте тәуекелге бара білу керек!  

Сонымен қатар жас кәсіпкер әр өнімнің арнайы сертификаты мен сақталу мерзімі бар екенін де айтты.

– Түйе сүтінен дайындалған өнімдерге қоспа қосылмайды. Мәселен, бізде ең көп сұранысқа ие балқаймақтың құрамына тоқталсам, оған сүт пен шекер ғана қосылады. Дайындалған күннен бастап 1 ай сақталады. Цехта 4 сағат қайнатылып дайындалады.

Сүтті мал өсіретін ауылдағы адамдар әкеліп береді. Қазіргі таңда цехта 11 түрлі өнім бар. Атап айтсам, балқаймақ, түйе мен сиырдың сүтінен жасалған құрт, ірімшік, жент, қатты шекер, тары, талқан, рафаэлло құрт және бал.

Өнімдерді дайындауға күніне 40-50 литр сүт кетеді. Халық арасында сұраныс көп. Негізінен түйенің құрты мен балқаймаққа тапсырыс көп түседі. Бірқатар өнімге сертификат бар. Өнімдердің ішінде ірімшіктер 15 күн сақталады. Тары талқан құрғақ жер болса тұра береді, – де    йді қлттық өнімді кәсіптің көзіне айналдырған Даниял.

Әңгіме барысында Даниял Төлеуішов бұл кәсіппен 3 жылдан бері айналысып келе жатқанын тілге тиек етті.

– Кейде шығындарды жаба алмаған, қарызданған сәттерім де болды. Жалпы кәсіпкер болу үшін күнде шешім қабылдауға дайын болу керек екен.

Жеке кәсіпте жүйенің құрылуына себепші болатын адам – оның иесі. Әр кәсіптің өз жүйесі бар. Оны жасау үшін күнделікті шешім қабылдау керек. Ер адамды түрлі шиенелістің шешімін табу ширатады. Ол үшін көбірек тәуекелге бару қажет. Маған осы вайб ұнайды, – деді ол.

Оның айтуынша, жеке брендті дамыту кәсіпке деген тұтынушының сенімін арттырады.

– Кәсіпкер әрқашан білім алып, рухани жағынан дамып отыруы керек. Сондай-ақ, әрқашан да адамдарға ашық болғаны дұрыс. Түрлі орта мен жиындарға қатысу әр кәсіпкер үшін пайдалы дер едім. Нетворкинг кезінде кез келген адамнан инсайт алу мүмкіндігі болады.

Ең бастысы – қазіргі таңда халық жеке брендке ерекше назар аударып жатыр. Адам арқылы оның өнімін сатып алады. Сондықтан, әлеуметтік желіні жақсы жүргізіп, артықшылыққа айналдыру керек. Бұл тұтынушының кәсіпке деген сенімділігін арттырады, – деді Даниял.

 


Рекомендовать
Последние новости