Алматыдағы зілзала үй нарығына қалай әсер етуі мүмкін? – мамандар жауап берді

Қаракөз Амантай 19 мар. 2024 13:50 14274

2024 жыл алматылықтардың үрейін алумен басталып жатыр. Себебі соңғы уақытта ірі мегаполистің сейсмикалық қауіпті қала екенін дәлелдейтін факторлар жиілеп кетті. Мәселен, небәрі үш айдың ішінде екі ірі дүмпу мен 8000-нан аса афтершок тіркелген. Ал аталмыш оқиға тұрғын үй нарығына қалай әсер етуі мүмкін? Бұл туралы Dalanews.kz агенттігі мамандар пікірін сұрап көрді.

Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының мүшесі, архитектор Айдын Акбай жер сілкінісі үй бағасына айтарлықтай әсер етпейтінін жеткізді.

"Мен үй бағасы өзгереді деп ойламаймын. Жеке меншік үйлерге сұраныс болады деп те ойламаймын. Бірінші жер сілкінісінің эпицентрі Қытайда 9 балл болса, Қазақстанда 5 балл болды. Бірақ тағы да жер сілкінісі болады деп болжай алмаймын. Оны ешкім болжай алмайды", - дейді сәулетші.

Ол Алматыдағы үйдің сапасына да тоқталып өтті. Айтуынша, жеке меншік үйлердің зілзала кезінде төтеп беру қаупі жоғары болады.

"60-шы жылдары салынған үйлер 5-6 баллға, ал 70-жылдары салынған үйлер 9 баллға шыдайды. Ал қазіргі салынған жаңа үйлер бұдан да жоғары баллға төтеп бере алады. Ал жеке меншік үйлерге сенім жоқ. Себебі олар жобасыз салынған. Cондықтан тез қирап қалуы мүмкін. Олар ешқандай маманның жобасына сүйенбей салынғандықтан, оған сенім жоқ", - дейді Айдын мырза.

Осы тұста ол көпшілікке үй жобасын арнайы мамандармен келісіп салуға кеңес берді.

"Каркас үйлерді 1-2 қабат етіп салуға болады, одан биігіне рұқсат берілмеген. Мына біз салған үйлердің сапасы жақсы. Бірақ сатып алып кірген адамдар өздері жаңадан жоспарын жасайды. Ал дұрыс жасамағандардың үйлері шыдамауы мүмкін. Сондықтан жаңадан жоспарлап салған кезде міндетті түрде мамандармен келісіп жасау керек", - дейді сәулетші.

Ал қаржы сарапшысы Айбар Олжай жер сілкінісінен кейін биік тұрғын үйлерге тек сенім азаятынын, ал бағасы айтарлықтай арзандаймайтынын алға тартты.

"Жер сілкінісі екі рет болғаннан кейін белгілі бір шешім қабылданады. Бірінші жер сілкінісі болғаннан кейін араға ұзақ уақыт салмай екіншісі орын алды. Енді афтершоктар қайталанатын болса, Алматының биік ғимаратттары мен көпқабатты тұрғын үй кешендеріне сенім азаятын сияқты. Жерге және жер үйлерге деген сұраныс қазірден бастап көбейе бастады. Олардың міндетті түрде бағасы қымбаттайды. Сонымен қатар төрт қабаттан аспайтын үйлерге деген сұраныс тұрақты болады. Ең көп қиындыққа ұшырап, сұранысы аз болатын үйлер - ол биік ғимараттар. Мысалы, бес қабаттан жоғары үйлерді атап өтуге болады", - дейді сарапшы.

Сонымен қатар ол адамдар тарапынан үй таңдауда белгілі бір талаптардың ғана өзгеретінін атап өтті.

"Бұл жақта сұраныс азайғандықтан, баға коррекциясы жүруі мүмкін. Әрине, тұрғын үй нарығы инертті. Сондықтан ол бірден қозғала қоймайды. Ал қозғалысқа келу үшін екі айдай уақыт керек. Біз сұраныс пен ұсыныс динамикасына қарап, сұраныс қай үйлерге көп болды және ол қанағаттандырды ма соған қарап айта аламыз. Бірақ расымен тұрғын үй бағасы бірден құлап кетеді деп айту қиын. Бәрібір тоғыз пайыздық инфляция бар. Одан бөлек Алматыға сырттан келетін миграциялық поток көп, өйткені жұмыстың басым бөлігі осы мегаполисте. Сондықтан бұл нарық ішкі сегменттеріне қарай, белгілі бір "үйлерге сұраныс көбейеді" немесе "сұраныс азаяды" деген сияқты белгілерге қарап қарастыруға болады", - деді Айбар Олжай.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда екі үлкен дүмпу орын алды. Алғашқысы 23 қаңтар сағат 00:09-да тіркелді. Төтенше жағдай министрлігі МSК-64 шкаласы бойынша 5 балдық жер сілкінісі болғанын мәлімдеген болатын. Содан соң ҚР ТЖМ "ННЦСН и И" ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 4 наурызда Алматы уақытымен 11.22-де (2024 жылғы 04 Наурызда Гринвич бойынша 06 сағат 22 мин 06 сек) жер сілкінісі тағы тіркелді.

"Жер сілкінісінің эпицентрі Қазақстан аумағында Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде орналасқан", - деп жазылған ТЖД мәліметінде.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы - 13.2. MPV магнитудасы - 6.1. Эпицентрдің координаттары 42.93° С. Е. 76.96° ш. б. Тереңдігі - 10 шақырым. Алматы қаласында 5 балл болып сезілді.

 


Рекомендовать
Последние новости