Бишімбаевтың телефонын тіпті ҰҚК-ның өзі аша алмады - судья Құлбаева

Көркем Алдабергенова 22 апр. 2024 14:22 6784

Әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевтың ұялы телефонын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де аша алмай қойған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы сот отырысында судья Айжан Құлбаева айтты. Оның сөзінше, Бишімбаевтың телефонын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық мамандары аша алмай қойған. 

Қуандық Бишімбаевтың телефоны сотқа дейінгі тергеу барысында заттай дәлел ретінде тіркелген. 

"Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 375-бабына сәйкес заттай дәлелдерді қарау сот тергеуінің кез келген сәтінде жүргізіледі. Сотқа дейінгі тергеу барысында осы телефонға қатысты ҰҚК-ның 5-қызметінің 12-департаменті зерттеу жүргізді. IPhone 13 Pro max ұялы телефонына алты таңбалы код құпия сөз ретінде қойылған. Оны қолда бар техникалық құралдармен ашу мүмкін болмады", – деді судья.

Ал прокурор Айжан Аймағанова мұндай әрекет дұрыс емес екенін айтты.

"Олардың әрекеті дұрыс емес деп ойлаймын. Нүкенова мен Байжановтікі секілді Бишімбаевтың да телефоны заттай дәлел деп танылды. Олардың ұялы телефоны бастан-аяқ тексерілді, сол сияқты Бишімбаевтікін де толық қарап шығу керек", – деп мәлімдеді мемлекеттік айыптаушы.

Оның сөзінше, адвокаттар құпиясөзді айтпай отырғандықтан, телефонды қаралмаған деп тану керек.

Бұған дейінгі сот отырыстарында марқұм Салтанат Нүкенованың, оның көмекшісінің,тағы бір айыпталушы - Бақытжан Байжановтың, Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелдінің және құрбыларының ұялы телефондары айғақ ретінде сот отырысында еш кедергісіз зерттеліп шыққан болатын.    

Айта кетейік, сарапшылар Бишімбаев пен Байжановтың адвокаттары сотта бірлесіп жұмыс істеп отыр деген ойда. Әлеуметтік желідегі видео авторының сөзінше, сотта Байжанов пен Бишімбаев тарапы бір-біріне қарсы болып отырғанымен, олардың айтатын нәрселері алдын ала келісілген.

«Олардың ұстанымы қандай? Меніңше, Бишімбаевтың әрекетін Байжановтың әрекетінен бөліп қарау. Себебі Бишімбаевтың қылмыстық іс құрамында екі не одан көп адам болып кетпеуі керек. Қылмыстық бап жеңіл болуы үшін. Бишімбаевтың қорғаушылары оны адамдар тобымен жазаға тартпауын қалап отыр. Бұл оның жазасын өтеу мерзімін екі есе қырқартуы мүмкін. Байжанов тарапы өзінше қорғалып жатыр.

Байжанов қылмысты жасырып қалу, қылмыс туралы хабарламау деген секілді баптармен кетуі мүмкін. Осылайша Бишімбаевтың жазасын өтеу мерзімі азаяды. Яғни Бақытжан өз бағытында адвокаттармен қорғау жұмыстарын жүргізеді, Бишімбаев бөлек. Олардың баптары әртүрлі болады. Сондықтан адамдар тобымен қылмыс жасау деген қарастырылмайды», - дейді автор.

Видео авторының сөзінше, Бишімбаев өмір бойына сотталады деген болжам орындалмауы мүмкін.

«Себебі алқабилер бірауыздан ол кінәлі деп танып, оны өмір бойына соттауға дауыс беруі керек. Бірақ олай болмайды. Себебі дауыс беру жасырын жүргізіледі және алқабилердің біреуі қарсы болуы мүмкін», - дейді автор.

Бұған дейін Бишімбаев телефонының құпия сөзін әлі бермегенін хабарлаған едік. Бишімбаевтың адвокаттары оның телефонын зерттеу сот залында міндетті емес екенін айтып, өтініш жасады. Артынша қорғаушылар Бишімбаевтың телефонын өздері ашуын сұрады. 

Еске салайық, бұған дейін Қуандық Бишімбаев ұялы телефонының құпиясөзін адвокатынан басқа ешкімге бермейтінін айтқан болатын.

Бишімбаевтың адвокаттары құпиясөз ашық айтылса оның ішіндегі жеке ақпараттары тарап кете ме деп қорқатынын жеткізді. 

Жәбірленуші тарап Қуандық Бишімбаев құпиясөзін ашық айтуды талап етті.   


Рекомендовать
Последние новости