Бишімбаевтың тағдырын алқабилер шешеді. Сот залында айтылған маңызды мәлімдемелер

Көркем Алдабергенова 13 мар. 2024 10:26 6782

Күні кеше, 12 наурызда Астанада экс министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты алдын ала сот отырысы тағы өтті. Бишімбаевқа қатысты сот отырысында не айтылды? Енді не болады? Dalanews.kz тілшісі шолу жасады.

Бишімбаев жүзін көрсетпей отырып алған

12 наурызда өткен отырысқа да БАҚ өкілдері кіргізілмеді. Мұны Астана қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаментінің басшысы Елдос Жұмақсанов былай деп түсіндірді:

"Сот залына кіргісі келгендер кіргізілмеді, бос орындар болды, бірақ біреуге басымдық берілді, біреуге берілмеді" деп жатыр. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта тек бес сот отырысы залы бар екеніне тоқталып өткім келеді. Бұл ретте осы сотта бір мезгілде төрт қылмыстық іс қаралып жатыр. Сотталушы ретінде бір-бірден 32 адам, енді бірінде тоғыз адам, тағы бірінде сегіз адам өтіп жатыр. Төртіншісі - Бишімбаевтың ісі, онда екі адам - сотталушы. Сәйкесінше мұнда сегіз, тоғыз немесе 32 адам сыймайды. Сондықтан осы зал таңдалды"

Бишімбаевтың қорғаушылары сотта қандай мәлімдеме жасады?

Өз әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қорғаушылары соттың алдын ала тыңдауында бірнеше мәлімдеме жасады. Олардың сөзінше, Салтанат Нүкенованың өзі Бишімбаевты қызғанған.

Сонымен қатар, адвокаттардың сөзінше, Бишімбаевтың тарапынан Салтанатқа абьюз пен қатігездік жасалмаған, бұл шындыққа жанаспайтын көрінеді. Экс-министрдің адвокаттары бейнебақылау камераларының жазбалары заңсыз алынғандықтан, оны істен алып тастау керек деп есептейді.

Олар, сондай-ақ, BAU мейрамханасында тергеу экспериментін жүргізу қажет деп отыр, өйткені "куәгерлердің берген айғақтары әртүрлі" дейді. Қуандық Бишімбаев та, екінші сотталушы Бақытжан Байжанов та қорғаушыларының талап-арызын қолдайтынын, ешқандай қарсылығы жоқ екенін айтты. Ал жәбірленуші тарап Бишімбаевтың адвокаттарының барлық талап-арызын қанағаттандырмауды сұрады. Марқұм Нүкенованың тарабы 99-бапты ("Адам өлтіру") 104-бапқа ("Абайсызда кісі өлтіру") деп өзгертуге негіз жоқ екенін айтты.

Салтанат 12-13 рет соққы жеген

Сараптама барысында марқұм Салтанат Нүкенованың басына 12-13 рет соққы жасалғаны анықталды. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан сотттың алдын ала тыңдауында прокурор Айжан Аймағанова айтты.

"Жүргізілген сараптама нәтижесінде адамның (Салтанат Нүкенова – ред.) дене жарақаты салдарынан қайтыс болғаны анықталды. Енді қандай абайсызда кісі өлтіру әрекеті туралы айта аламыз?

Сарапшылар Салтанат Нүкенованың басына 12-13 соққы тигенін көрсетіп отыр. Қорғау тарапы видеоматериалдарды қылмыстық іс материалдарынан алып тастауды сұрап отыр. Ол жерде Бишімбаевтың Нүкенованы ұрып жатқаны анық көрсетілген.

Іс бойынша 50 шақты адамнан жауап алынды, олар тікелей немесе жанама түрде Бишімбаевтың Нүкенованы мақсатты түрде ұрғанын айтты", - деді Айжан Аймағанова.

Бишімбаевтың ісін алқабилер қарайтын болды

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін алқабилер қарайды. Бұл туралы 12 наурызда өткен алдын ала тыңдауда белгілі болды.

Басты сот отырысы қашан өтеді?

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша басты сот отырысы 27 наурызда сағат 10.00-де өтеді. Сот отырысы орыс тілінде өтеді. Алқабилерге кандидат ретінде 300 адам қатысады.

Енді Қуандық Бишімбаевтың тағдыры алқабилер сотының қолында. Бұған дейін алқабилер астаналық студент Ерасыл Әубәкіровті өлтіргендер мен продюсер Баян Мақсатқызының бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаевқа қатысты шешім шығарған.


Рекомендовать
Последние новости