Билікте неге "желтоқсандықтар" жоқ?

Dalanews 18 янв. 2016 12:57 1091

Желтоқсандықтардың 1986 жылғы және арада 30 жыл өткеннен кейінгі бүгінгі күнгі рөлі қандай?

Айталық, олар неге билікте жоқ? Сол оқиғаның ортасында болғандарға биліктен тым құрымағанда бір орын бұйыруы керек еді. Кейін, Тәуелсіздік алғанда...

Иә, Нұртай Сабильянов  бар. Бірақ, ол жалғыз өзі не шешеді? Мәселе тіпті Сабильяновта емес.

ab32cef8770b1290b4f6c5ce74e1fe57_bigСол оқиғаның нақты белортасында болғандардың барлығы болмаса да, біразы билікте отырса, Желтоқсан көтерілісіне деген көзқараста да дәп бүгінгідей болмас еді ғой, дейміз біз.

Бүгінгі көзқарас қандай? Мұны өзіңіз де білесіз. Болмаса, қазіргі билікте отырғандардың қаншасы 1986 жылдың 16 желтоқсанында алаңда болды, айтып бере аласыз ба?

Өзіңіз ойлаңыз, біз Желтоқсан оқиғасын жылына бір рет еске аламыз. Оның өзінде де аты бар, заты жоқ еске алу сықылды көрінеді. Жоқ, рас. Ар жағындағы Жаңа жылдың мысы басып кетеді де тұрады. Әңгіме Жаңа жылда да, желтоқсан тумай тұра құрылған да шыршада да емес, біздіңше...

«Біз әлі күнге дейін Желтоқсанның рухын сезіне алмай жүрміз» дейді әлдекімдер. Желтоқсанның рухын сезіну үшін сол оқиғаның көзі тірі куәгерлері көз алдымызда қалқайып жүруі керек еді, ең алдымен.

Олар қайда қазір? Шынымен қайда, не істеп жүр? Сайда саны, құмда ізі бар ма өздерінің?

Бас-басына жеке-жеке ұйым құрып алған дейді, олар. Демек, бас-басына би. Бір-бір қозғалыстың жетекшілері екен.

«Желтоқсан», «Желтоқсан ақиқаты», «Ұлы Желтоқсан», «Тәуелсіздік қырандары», жинақтап айтсақ жеті бірдей ұйым жұмыс істейтін көрінеді. Не үшін? Бұл кімге керек қазір? Одан бері отыз жыл өтті емес пе?

Одан қалды, мұншама қозғалыстың қажеті қанша? Мұның өзі желтоқсаншылардың өз арасындағы ауызбірліктің аздығын, араздықтың көптігін көрсетпей ме осы?

maxresdefaultЖелтоқсаншылардың әлеуетін осыдан отыз жыл бұрын пайдалану керек еді, негізінде. Пайдаландық та. Қамадық, ұрдық, соттадық, аттық, ақыры... тәуелсіздік алдық. Одан кештеу, Тәуелсіздің алғанда неге ескермедік? Қазір ме? Қазір кеш...

Керек десеңіз, жаңа тәуелсіздік алған Қазақстанның үкіметін, жалпы билікті бүтіндей болмаса да ішінара осы Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардан жасақтаса ұтылар ма едік?

Әйтпесе, сол желтоқсаншылардың Ауған ардагерлерінен несі кем? Біз Ауған ардагерлерінің мұң-мұқтажын жақсы білеміз. Себебі, үнсіз жатпайды. Бәрі де белсенді.

Айталық, сол оқиғаның ортасында болған желтоқсаншының бірі қазір Алматы қаласын басқарып отырса, бұдан кім кемістік көрер еді, айтыңыздаршы? Ол қаланы Есімовтен (Байбектің алдындағы әкім) кем басқарар ма еді? Әкім болуға лайықты желтоқсаншы жоқ дегенге сенбеймін.

Айтпақшы, Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов өзі «билік құрған» 8 жылда тап тұмсығының алдындағы Тәуелсіздік монументіне келіп тым құрымағанда бір ретте болса тағзым етуге, жарайды, тағзым етпей-ақ қойсын, дәл сол 16 желтоқсанда әлгі монументтің алдына барып көрініп кетуге де жарамапты.

Желтоқсан оқиғасына және соған қатысқандарға, сотталғандарға, қан төккендерге, құрбан болғандарға деген «құрметтің» көрінісі осындай деп білдік, біз. Әй, бірақ елдің өзі сезіне алмай жүрген Желтоқсанның рухын, Есімов қай түрімен сезінсін...
Анығында, бізде де Майдан болды ғой. Украинадағы майдан мұның жанында түкке тұрмайды (Желтоқсан көтерілісі күллі КСРО-ның құлауына алып келген екен). Бірақ, ол жақтағы көтерілісшілердің көшбасшылары да, еріктілері де (волонтерлерді айтамыз) ешқайда құрып кеткен жоқ. Жоғалған жоқ. Көпшілігі билікке барды.

Желтоқсаншылар неге билікте жоқ? Тағы  да соны ойлаймыз. Тағы да сол сауал мазалайды.

Желтоқсан туралы «Аллажар» фильмін, «Қызғыш құсты» көрдік. Біріншісі әлі күнге телеарналардан көрсетілмейді. Екіншісі әжептәуір. Бірақ бұл оқиғаны осы екі фильммен бітіруге бола ма? Бұл – азаттық жыры. Ол жайында қанша жазсақ та, қанша айтсақ та аздық етеді. Кейде батыстың осындай оқиғалар туралы том-том кітаптары мен мыңдаған фильмдеріне қарап, өзімізді аяймын. Біздің қаһармандар, шын мәніндегі ең аяулы қаһармандарымыз ұмыт қалып келеді. Кім кедергі оған?

Ресей ме? Жоқ. Билік пе? Олар неге желтоқсандық рухтан сескенеді? Түсінсе, билік желтоқсандық рухты дәріптеу арқылы өзінің кем-кетігін толтыруға тиіс еді ғой...

Анығында, бізде де Майдан болды ғой. Украинадағы майдан мұның жанында түкке тұрмайды (Желтоқсан көтерілісі күллі КСРО-ның құлауына алып келген екен). Бірақ, ол жақтағы көтерілісшілердің көшбасшылары да, еріктілері де (волонтерлерді айтамыз) ешқайда құрып кеткен жоқ. Жоғалған жоқ. Көпшілігі билікке барды. Яценюк Үкіметбасы, Кличко майданның ошағы болған Киевтің әкімі болып отыр. Министрліктегі ірілі-ұсақты қызметтің басы-қасында еріктілер жүр. Олар жаңа Украинаның қабырғасын қалауда...

P.S. Биыл Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толады. Былтыр Жеңістің 70 жылдығын, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығын дүркіретіп өткізгенбіз. Биыл қалай болар екен?

Думан БЫҚАЙ


 

Рекомендовать
Последние новости