Биыл зейнетақыны есептеу жүйесінде өзгеріс болады

Dalanews 07 февр. 2017 03:11 935

Қазақстанда зейнетақы және әлеуметтік төлемдер мөлшерінің жыл сайынғы артуы дәстүрлі үрдіске айналды.  Жаңа жылдан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көптеген қазақстандықтар зейнетақының 20 пайызға артуын күткен болатын. 2017 жылғы зейнетақы төлеміндегі жаңашылдықтар туралы Рrimeminister.kz сайтына ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтып берді.

Тұрақты түрде арттыру Еске салсақ, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Үкіметіне 2017 жылы зейнетақы көлемін 2016 жылғы деңгейден 20%-ға арттыруды, сондай-ақ 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала тууына байланысты бір реттік мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін 20%-ға ұлғайтуды тапсырған болатын. Бұл арттыру жалпы 2 млн 100 мың қазақстандықты қамтитынын айта кеткен жөн.

Зейнетақыны арттыру жайлы айта отырып, әлемдік экономикадағы дағдарыс құбылыстарына қарамастан Қазақстан әлеуметтік төлемдерін, оның ішінде зейнетақы мөлшерін арттыру бойынша әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауда. Зейнетақы уақытылы төленеді. Оның мөлшері, жұмыс істейтін халықтың жалақысына қарағанда, тұрақты түрде жыл сайын, оған қоса инфляция деңгейінен 2% алға кетумен артып келеді, бұл 2014 жылы қабылданған 2030 жылға дейін Зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына сәйкес келеді.

Әр жарты жыл сайын арттыру Зейнетақыны арттыру бойынша жұмыс жоспарлы түрде, сәйкесінше бюджеттің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізіліп келе жатқанын айта кеткен жөн. Сонымен, ынтымақты және базалық зейнетақы төлеміне шығын 2016 жылы 1,3 трлн теңгеден астамды құрады, ағымдағы жылы олар 1,5 трлн теңгеден астамды құрайды. «Базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 7%-ға артты, ал 2017 жылғы 1 шілдеден бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында тағы 13%-ға артады. Жалпы алғанда бұл оның 2016 жылға қатынасы бойынша 20%-ға дейінгі өсімін қамтамасыз етеді», - деді С. Жақыпова. Осылайша, 2016 жылы базалық зейнетақы мөлшері 11 965 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 7% артуды есепке алғанда оның мөлшері 12 802 теңгеге тең болды, ал 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 13%-ға артуды есепке алғанда 14 466 теңгені құрайды. Вице-министр түсіндіргендей, зейнетақы мөлшерін 20%-ға дейін арттыруды есепке алғанда, базалық зейнетақыны есепке алғанда зейнетақының орташа мөлшері 2016 жылғы 55 117 теңгеден 66 676 теңгеге дейін, ең аз мөлшері - 2016 жылғы 37 789 теңгеден 45 711 теңгеге дейін артады. «Биыл жыл басынан бастап ынтымақты зейнетақы көлемі кезекті рет 9%-ға ұлғайтылды.

Келесі кезеңде - биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап - ынтымақты зейнетақы мөлшері 11%-ға арттырылатын болады, бұл 2016 жылға қатысты алғанда барлығы 20%-ға дейінгі өсімді көрсетеді. Мемлекет басшысы өзінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында осындай тапсырма берген болатын», - деді С. Жақыпова.

Вице-министрдің айтуынша, зейнетақы төлемін алушыдан қосымша құжат талап етілмейді, себебі қайта есептеу жұмыстары зейнетақы ісіндегі бар деректер негізінде жүргізіледі.

Еңбек өтіліне сәйкес қайта есептеу Қазіргі таңда базалық зейнетақы барлық адамға еңбек өтіліне қарамастан бірдей мөлшерде тағайындалады, ал 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы тағайындаудың жаңа тәсілі енгізіледі. Сонымен қатар, зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту аясында әр зейнетақы алушының зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай, базалық зейнетақы мөлшері әр адамға дербес түрде қайта есептелетін болады.

«Егер азаматтың еңбек өтілі 10 және одан аз жыл болса немесе еңбек өтілі мүлдем болмаса, онда базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ын құрайтын болады, және бүгінгі мөлшерге тең болады. 10 жылдан кейінгі әр жылға базалық зейнетақы мөлшері 2%-ға өседі және 35 немесе одан да көп жылға базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-ын құрайтын болады», - деді вице-министр.

Мысалға, 20 жылдың еңбек өтілі кезінде базалық зейнетақы мөлшері  ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын, 30 жыл - 90%-ын құрайтын болады (егер 10 жыл болса - 12 802 теңге, 20 жыл - 17 122 теңге, 35 жыл - 24 459 теңге). С. Жақыпова бұл қазіргі және болашақ зейнеткерлерге де қатысты екенін айтып өтті. «Осы орайда, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап барлық базалық зейнетақы алушылардың алатын базалық зейнетақы мөлшері зейнатақы алушының зейнет ісінде көрсетілген еңбек өтілі туралы мәліметтері негізінде қайта есептелетін болады. 2018 жылдың бюджетінде осы мақсатта қосымша 116,3 млрд теңге қарастырылған», - деп сөзін қорытындылады С. Жақыпова.

 

Дереккөзі: Қазақпарат

Рекомендовать
Последние новости