Сапарбаев баспен «жұмыс істемейтін» шенділерді сынады

Dalanews 07 февр. 2017 02:58 833

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың аудан, ауылдардағы әлеуметтік нысандардың сырт келбетіне көңілі толмайды. Облыстық құрылыс және сәулет басқармасының басшысы Серік Төленбергеновтың есебін тыңдаған ол өз қол астындағыларға ғаламторды ақтарып, тың идеялар іздеуді ұсынды, – деп хабарлайды Baq.kz.

– Мына дүниелерді көрсетуге ұялсаңдаршы. Сендерде ой жоқ па? Баспен жұмыс істемейсіңдер, ойланбайсыңдар. Ауыл мен қалада тұрғызылатын білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарының ғимараты аула ішіндегі сарай сияқты. Еш идея жоқ, жобалаушылардың біліктілігі жетпейді. Болмаса ғаламторды қараңдар, – деді Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбеде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды бақшамен қамту 92 пайызды құрап отыр. Биыл бүлдіршіндерді мектепке дейінгі ұйымдарға орналастыруды өңірде 97 пайызға жеткізу керек. Мұндай тапсырманы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбековаға тапсырды.

– Егер біз мемлекеттік-жеке кәсіпкерлік жүйесі бойынша жұмыс жасасақ, бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуды осы жылы 97-98 пайызға дейін жеткізумізге болады. Ақтөбе қаласынан басқа, аудандардың барлығында балаларды бақшамен 100 пайыз қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Ол үшін мектептерді қарап, балалар саны есепке алынуы тиіс. Кейін жоспар құрылсын. Мұны мен бұған дейін де тапсырғанмын. Алайда еш нәтиже жоқ, –дейді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Биыл аймақта 8500 балаға арналған 20 мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Осы жылы 14 құрылыс жұмысы аяқталып, алтауы 2018 жылы пайдалануға беріледі. Жаңа мектептер бой көтеріп, ескілері бос қалады. Өңір басшысы ескі білім мекемелерін жөндеуден өткізіп, одан әрі балабақша ретінде пайдалануды тапсырды. Былтыр Ақтөбеде 32 әлеуметтік нысанның құрылысы басталып, 23-і пайдаланылуға берілді. 9 нысанның құрылысы биыл жалғасады. Ал, барлығы 650 шаршы метр тұрғын үй беріледі.

 

Рекомендовать
Последние новости