Биыл Нұр-Сұлтанда 7 мың бала мектеп бітірсе, 14 мың бала мектеп табылдырығын аттаған

Dalanews 06 окт. 2021 08:57 762

Елорданы дамыту жөніндегі басты стратегиялық құжат «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары болып саналады. Қала әкімі Алтай Көлгінов «Хабар 24» телеарнасынның «Национальный интерес» бағдарламасына берген сұхбатында жоспардың қандай бағыттарды қамтитыны туралы айтып берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz

– Елордамыздың басты құжаты – бас жоспар, оны негізге ала отырып, біз «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарын әзірледік. Елорда жаңа ғана көшкен кезде қалада шамамен 260-270 мың адам болды. Бүгінде халық саны 1 млн 200 мың адамды құрайды. Өздеріңіз білетіндей, бастапқыда бас жоспарда бұл жерде 800 мың адам өмір сүреді деп болжанған еді. Бірақ урбанизация процесі қарқынды дамып, адамдар қолайлы жағдайлар жасалған жерде өмір сүргісі келеді. Жыл сайын біз тұрғындардың 55-60 мың адамға өсетінін байқап отырмыз. Тиісінше мектептерді көптеп салуымыз керек. Мамыр айында 7 мың түлек мектеп бітірді, ал қыркүйекте 14 мың бірінші сынып оқушысын қабылдадық. Яғни, өсім 3 есе екенін байқауға болады. Демек, біз педагогтарды көбірек дайындауымыз қажет, оқушы орындарын көбірек ашуымыз керек, – деп атап өтті әкім.

Алтай Көлгінов сондай-ақ, елорданы дамытудың бас жоспары жаңа жағдайларды ескере отырып, әрбір 10 жыл сайын түзетіліп отыратынын атап өтті.

– 2010 жылы бас жоспарды түзету кезінде 2030 жылы елорда халқының саны 1 млн 200 мың адамды құрайды деп болжадық. Бірақ бұл көрсеткішке біз 2020 жылы қол жеткіздік. Қазір біз бас жоспарды қазіргі жағдайлар мен жаңа болжамдарды ескере отырып түзетудеміз. Мәселен, 2030 жылы 2 млн халық болады деп болжанып отыр. Бұл инженерлік, жол инфрақұрылымына қосымша салмақ. Қазір біз трафикті жеңілдету үшін қосымша көпірлер салып жатырмыз. Биыл көпірді жаңа вокзал жағына өткіземіз, Ұлы дала көшесін кеңейтеміз, Тәуелсіздік көшесіндегі көпірдің құрылысын бастаймыз, – деп түсіндірді қала басшысы.


Оның айтуынша, бүгінде елорданың әр ауданында 300 мыңнан астам адам тұрады. Осыған байланысты қалада әлеуметтік инфрақұрылым салынуда. Мәселен, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда 6 мектеп, 2020 жылы 11 мектеп салынды, осы жылдың соңына дейін 15 мектеп салынады, олардың басым бөлігі өз есігін айқара ашты, бұл 40 мың жаңа оқушы орындарын құруға мүмкіндік береді.

[video width="1920" height="1080" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2021/10/plan_6Amcf3gY.mp4"][/video]

Мастер-жоспар қолжетімді тұрғын үй құрылысының өсуін де көздейді. 2018 жылы қалада 1100 әлеуметтік пәтерге арналған тұрғын үй салынды, 2019 жылы – 2900 пәтер, 2020 жылы – 7 мың пәтер, 2021 жылы бұл санды 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

– «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары қандай? Қала ең алдымен адам үшін ыңғайлы болуы керек. Халықтың қажеттілігі, оның ішінде – қоғамдық кеңістіктерге, веложолдарға, жаяу жүргіншілер аймақтарына, қарапайым ғана саябақтарға, скверлерге, əлеуметтік және басқа да тіршілік ету нысандарына қажеттілік өсуде. Қала тұрақты, сау және экологиялық таза болуы керек. Бұл мәселелер бізді толғандырады, бұл қадамдарды уақыт талабына сай болу үшін жасап жатырмыз, – деп әкім сөзін түйіндеді.

 

Рекомендовать
Последние новости