БҰҰ-дағы қарсы дауыс: Тоқаев өзіне ұнамайтын шешімдерді қабылдауға мәжбүр – депутат

Dalanews 19 дек. 2022 10:46 981

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қазақстанның Ресейді Украинадағы соғысын тоқтатуға шақыратын БҰҰ резолюциясына қарсы дауыс беруіне байланысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.

Еске сала кетсек, өткен аптада Қазақстан Ресейді Украинадағы соғысын тоқтатуға шақыратын БҰҰ резолюциясына қарсы дауыс берген еді. Резолюцияның өзі «уақытша басып алынған Қырым автономды республикасы мен Севастополь қаласындағы (Украина) адам құқығы ахуалы» деп аталады. 15 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған құжатқа 82 ел қолдап дауыс берген, 14 ел қарсы шыққан, 80 мемлекет қалыс қалған.

Бүгін Қазақстанның осы қадамы туралы журналистер Мәжіліс кулуарында депутат Айдос Сарымға сұрақ қойды. «Бұл шешім Қазақстан халқы мүддесі тұрғысынан қабылданған шешім деп ойлайсыз ба?» деген сұраққа «әрине» деп жауап берді.

«Мынаны түсінейік. Қазақстан Қырымды, Донбасты мойындамаймын деп, үзілді-кесілді айтты. Қазір Украина мен Ресей арасында кескілескен соғыс жүріп жатыр. Әр тарап өз мүмкіндігін арттыру үшін Біріккен Ұлттар ұйымының мінберін пайдаланады. Заңды нәрсе.

Біздің мәселе – өз жағдайымызды ескеру. Көптеген жағдайда Қазақстан қалыс қалып отырады. Сол сияқты дипломатиялық ырым-жоралғыларды жасауға мәжбүрміз. Осы жағын да қазақстандықтарды дұрыс түсінуге шақырамын», – деді депутат.

Ал «мұның салдары Қазақстан үшін ауыр болып кетпей ме?» деген сұраққа «ауыр болмайды» деп жауап берді.

«Бұл жолы қарсы болса, келесі жолы қарсы болады. Амал жоқ, сөйтеміз. Қазақстанның жағдайын ескерсеңізші. Сіз мысалы үшін үлкен бір үйде тұрып жатырсыз дейік. Бір көршіңіз алқаш, бір көршіңіз нашақор, басқа дейік. Қалай болса да сіз олардың жағдайын ескеруіңіз керек қой. Немесе күшіміз жетсе солармен күресуіміз керек.

Біздің жағдайда Қазақстан қазір Ресейдің көңілін, жағдайын, ондағы қоғамдық пікірді, басқаны ескеріп отыруы тиіс.


Бұл соғыс бізге келгенін қалайсыз ба? Қаламаймыз. Сондықтан, осындай тірлік жасауға мәжбүрміз» – деп сұраққа сұрақпен жауап берді депутат.

Айдос Сарым БҰҰ-дағы Қазақстанның осы жолғы қадамын «соғысты қолдау» деп санамайтынын айтты.

«Қазақстан ол соғыс жайлы бірнеше рет мәлімдеме жасаған. БҰҰ қабылдаған барлық ірі шешімдердің астында Қазақстанның қолы бар. Дипломатиялық жолмен мәселе шешілуі керектігін күн сайын айтып жатырмыз. Біздің қолымыздан келетіні әзірге осы.

Қазір Тоқаевтың орнына кім келсе де, бір аптадан кейін дәл осы саясатты ұстануға мәжбүр болады.


Бұл біздің ойлап тапқан нәрсе емес. Өкінішке қарай, бұл ойында біздің ұпайымыз аса керемет емес. Сондықтан, көрпемізге қарай көсіліп, Қазақстанның ішкі және сыртқы жағдайын ескереміз.

Қазір енді Қазақстанға 5-10 жылдық тыныштық керек. Сол тыныштықты пайдаланып, Қазақстан өзінің реформаларын еселеп жүргізіп, қорғаныс саласын күшейтуі керек. Басқа да кезек күттірмейтін шаруалар бар. Соны орындау үшін кейде өзімізге ұнамайтын шешімдерді қабылдауға мәжбүр боламыз», – деп түйді Айдос Сарым.

https://dalainside.kz/12/manyzdy/19/2022/796

Рекомендовать
Последние новости