ҚазҰУ ұжымы Түркияға барып, тәжірибе алмасты

Dalanews 19 дек. 2022 11:15 922

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма ТөрағасыРекторы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен және ұйымдастыруымен ҚазҰУ ұжымы биыл екінші рет Түркияда тегін демалып, тәжірибе алмасуда.

14-21 желтоқсанға жоспарланған сапар аясында 50-ге жуық оқытушы-профессорлар Ақтеңіз, Білім университеттерінің қызметімен танысып, біліктілік арттырады.

Делегация құрамында комендант, іс басқармасы, өндірістік цех, кітапхана, арт орталығының қызметкерлері, IT мамандар мен журналистер бар.

Ақтеңіз университеті – Түркиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Түркияда академиялық зерттеулер негізінде жазылған ғылыми мақалалар бойынша Ақтеңіз университеті үздік бестікке кіреді.

Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан университет кампусында 250-ден аса ғимарат бар. Білім ордасының ғылыми-технологиялық базасы жоғары мүмкіндіктерге ие. Сондай-ақ логистикалық коммуникациясы жолға қойылған.

ҚазҰУ ұжымы түрік жоғары білім беру жүйесімен етене танысып, оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасатын болады. Сонымен қатар заманауи білім беру, инновациялық әзірлемелер мен оқытудағы озық технологиялар тақырыбында тренингтерге қатысады. Сондай-ақ іссапар барысында бірлескен білім беру бағдарламалар мен жобаларды іске асыру бойынша әріптестікті одан әрі нығайту көзделуде.


ҚазҰУ делегациясымен кездесуде Ақтеңіз университетінің Денсаулық сақтау саласын басқару ісі кафедрасының меңгерушісі Мұстафа Чобан сөз сөйлеп, алдағы уақытта да ҚазҰУ мен Ақтеңіз университеті арасында бірлескен жобалар жүзеге асатынын жеткізді.

«Ақтеңіз университеті – Түркиядағы ең үлкен университет. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен алдағы уақытта студенттерге ғылыми жетекшілік ететін көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мәселен, Ақтеңіз университеті медицина саласында ауқымды жетістіктерге ие, сүйекке, бетке пластикалық ота жасау мықты жолға қойылған. Тіпті, пластикалық ота арқылы бедеулікке ұшыраған әйелдерге ана болу бақытын сыйлайды. Туберкулезді зерттейтін арнаулы орталық жұмыс істейді», – деді Мұстафа Чобан.

Рекомендовать
Последние новости