БҚО тұрғыны емханада жанжал шығарғаны үшін айыппұл төлейтін болды

Қаракөз Амантай 28 окт. 2024 09:34 1793

БҚО тұрғыны емханада жанжал шығарғаны үшін айыппұл төлейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Батыс Қазақстан облысында емханада жанжал шығарған тұрғынға айыппұл салынды. Бұл туралы жергілікті “Мой город” басылымы жазды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Бәйтерек ауданының №2 аудандық сотында қаралды. Тұрғынға ҚР ӘҚБтК 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша айып тағылды.

Оқиға 24 қыркүйек күні Асан кентіндегі емхана ғимаратында орын алған. БҚО сотының мәліметінше, әйел дәрігерге қатысты әдепсіз мінез көрсетіп, үстелді ұрып, айқайлаған. Медициналық қызметкердің кәсіби жұмысына кедергі келтірген тұрғын дәрігерге құрметсіздік танытқан.

Сотта әйелдің өзі кінәсін мойындаған жоқ және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспейтінін айтты.

“Осы уақытта дәрігер дәлізге шығып, қасында отырған қарттарға жарықтың сөнгенін ескертіп, анықтама алу үшін келгендердің күтпеуін өтінген. Айыпталушы әйел дәрігерден қызын тексеруді сұраған, ал дәрігер сол сәтте оған назар аудармаған. Сол жерде тұрған бір әжей кезексіз кіріп кеткен. Ал дәрігер маска тағып, бұрылып, айыпталушыға қарамай кеткен. Осы кезде ол дауысын көтеріп, дәрігерге айқайлады, дәрігердің үстелін ұрды, бірақ балағат сөздер айтпады”, - делінген сот хабарламасында.

Сот шешімімен әйел кінәлі деп танылды. Оған 110 760 теңге айыппұл салынды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.


Рекомендовать
Последние новости