БҚО-ның Бөрілі ауданында Республика күні қарсаңында 108 орындық жаңа мектеп ашылды

Қаракөз Амантай 23 окт. 2024 16:52 3184

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданына қарасты Жарсуат ауылында Республика күні қарсаңында 108 орындық жаңа жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мектеп КПО компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары аясында салынған. Оқу ордасы оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасап, жоғары сапалы білім беру үшін қажетті барлық жабдықпен қамтыған.

Жаңа ғимаратта 12 заманауи оқу кабинеті бар, оның 10-ы интерактивті тақталармен жабдықталған. Сонымен қатар мектепте 2 шеберхана, информатика кабинеті, спорт залы, 70 орындық акт залы және 30 орындық асхана қарастырылған. Мектеп ауласында ойын алаңы, футбол және баскетбол алаңдары, жүгіру жолы, спорттық алаңы және демалыс аймағы бар.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы жаңа мектепті аралап, мұғалімдер мен оқушыларды және олардың ата-аналарын осы маңызды оқиғамен құттықтады. Аймақ басшысы ауылдық жерлердегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.

“Президент ауыл мектептерін жаңғыртып, оларды қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етуге нақты тапсырма берген. Бүгін осы жоспарлардың жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Бұл жаңа мектеп балалар үшін білім мен даму орталығына айналсын. Ол оқушылардың болашақтағы жетістіктеріне жол ашатынына сенімдімін”, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Айта кетейік, жаңа мектепте 29 педагог еңбек етіп, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие береді. Мектептің ашылуы ауылдық жерлердегі білім сапасының артуына үлес қосады.

Бөрлі ауданының білім беру ардагері Роза Ахметова жаңа мектептің ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш екенін атап өтті.

“Жаңа мектеп – ауыл балалары үшін үлкен қуаныш. Бұған дейін олар ескі мектепте білім алып келді. Мемлекет басшысына ауылдық жерлерге көрсеткен қолдауы үшін алғысымыз шексіз”, – деді Роза Ахметова.


БҚО-да қазіргі таңда Президенттің тапсырмасы бойынша "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 8100 орындық 9 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 3-еуі биылғы жылдың соңына дейін тапсырылмақ.

КПО компаниясының бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев өз сөзінде компанияның облыстық әкімдікпен бірлесіп ауылдық жерлерде 15-ші мектеп салынып жатқанын айтты.

“Облыс әкімі бастамасының аясында 2023 жылдан бастап ауылдық жерлерде мектеп салу және жаңғырту жобасын жүзеге асырып келеміз. Ауыл балаларының сапалы білім алғаны біз үшін маңызды. Бүгінгі мектеп – біздің компанияның Батыс Қазақстан облысында салған 15-ші мектебі”, – деді Мұхтар Манкеев.

Айта кетейік, КПО компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары аясында 4 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.


Рекомендовать
Последние новости