Ұлттық банк Стати ісі жайлы: Швецияда бұғаттаулы Ұлттық қор ақшасы өз иелігімізге қайтарылды

Кәмшат Тілеухан 20 дек. 2024 16:34 1071

Күні кеше ҚР Ұлттық банкі, үкімет және Стати тараптары арадағы мұнай-газ секторына қатысты ұзаққа созылған дауды реттеу процесінің сәтті аяқталғанын хабарлаған болатын. Бүгін Ұлттық банк осы ретте маңызды мәлімдеме жасады, деп жазады Dalanews.kz.

"Реттеу нәтижесінде ҚР Ұлттық банкі Стати тараптарының Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтеріне қойған талаптарынан бас тартуына және Швецияда қамтамасыз ету шараларының ықпалында болған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін өз иелігіне қайтаруға қол жеткізді", делінген ресми хабарламада.

Орталық банк бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының ұзақ мерзімді кірістілігін жақсарту үшін жағдай жасауға ықпал ететін операциялық икемділікті арттыруға және әлеуетті инвестициялық серіктестердің барынша кең ауқымын тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады деп есептейді. 

Стати ісіне қатысты түпкілікті реттеу туралы келісімнің нақты шарттары жасырын болып табылатыны алдында хабарланған еді. 

Айта кетсек,2018 жылдың қаңтар айының басында Амстердам соты молдован кәсіпкерінің шағымы бойынша, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі KMG Kashagan BV голланд компаниясының 5,2 млрд доллар болатын акциясын бұғаттау туралы шешімін өзгеріссіз қалдырды. Ал бұл сот шешімі 2017 жылдың 8 қыркүйегінде шыққан еді. Стокгольм сауда палатасы бастамасымен құрылған сот қазақстандық тарапқа халықаралық міндеттемелерін бұзып, Статиге залал келтірген үшін 500 миллионнан астам доллар төлеуді міндеттеген. Ал желтоқсан айында Ұлттық қордың активіне қызмет көрсететін Bank of New York Mellon Қазақстан ұлттық қорының 22 миллиард долларын бұғаттаған еді.

Одан соң Ұлттық қордың ақшасын реттеуші Ұлттық банк еліміздің атынан қарсы шағым түсіргенін мәлімдеді. Бізге белгілі болғандай,Қазақстан молдован кәсіпкері Стати мен оның сыбайластарын алаяқтық әрекеттері үшін "Ұжымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы" АҚШ заңы аясында жазаға тартуды сұрады.


Рекомендовать
Последние новости