"Стати әдейі істеді...". Билік бұғатталған миллиардтарға қатысты мәлімдеме жасады

Dalanews 11 қаң. 2018 10:21 821

ҚР Әділет министрлігі Ұлттық қордағы қаражаттың бұғатталуына қатысты ақпарат таратты.
"Жырақтағы Қазақстан активінің бұғатталуы заңсыз, сондықтан одан келген зиянды өтеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз"

делінген ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

«Арызданушыларға әлі бір тиын ұстатқан жоқпыз. Шетелдегі сотта Қазақстан Республикасының мүддесін қорғау үшін ең мықты заңгерлерді жалдадық. Шетелде бұғатталған Қазақстан Республикасына тиесілі ақшаға қатысты істі Әділет министрлігі басты назарда ұстап отыр. Қалай дегенмен де еліміз үшін қауіп арбитражды сот шешімінің сомасымен шектелуде», — делінеді ресми хабарламада.

Министрлік бұл іс бойынша арызданушы —
Анатолий Статидің осындай ұтымды әрі агрессивті амалды әдейі таңдап алғанын айтады. Өйткені ол ұлттық қор ақшасының бұғатталуы ел ішінде де, сол секілді сыртта да үлкен айқай-шу туғызатынын жақсы білген.

«Шетелдік баспасөзде жария боп жатқан бұл іске қатысты ақпараттар — агрессивті насихаттың көзі. Ол объективті ақпаратқа жатпайды», — делінеді министрлік таратқан мәліметте.
Сөз соңында Әділет министрлігі ұлттық қор ақшасының бұғатталуы уақытша шара екеніне сендіре отырып, бұдан бөлек қосымша ақпараттарды бере алмайтындарын өкінішпен жеткізіпті.

 

"Себебі қосымша мәліметтер сотта мағынасы майысып елімізге қарсы пайдаланылып кетуі мүмкін. Сондықтан министрлік бұл іске қатысты егжей-тегжейлі ешқандай ақпар бере алмайды. Бұл арада бәрінен дұрысы — "Әліптің артын бағу",  — депті құзырлы орган.

Айта кетелік, 2018 жылдың қаңтар айының басында Амстердам соты молдован кәсіпкерінің шағымы бойынша, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі KMG Kashagan BV голланд компаниясының 5,2 млрд доллар болатын акциясын бұғаттау туралы шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Ал бұл сот шешімі 2017 жылдың 8-қыркүйегінде шыққан еді. Стокгольм сауда палатасы бастамасымен құрылған сот қазақстандық тарапқа халықаралық міндеттемелерін бұзып, Статиге залал келтірген үшін 500 миллионнан астам доллар төлеуді міндеттеген. Ал желтоқсан айында Ұлттық қордың активіне қызмет көрсететін Bank of New York Mellon Қазақстан ұлттық қорының 22 миллиард долларын бұғаттаған еді.

Одан соң Ұлттық қордың ақшасын реттеуші Ұлттық банк еліміздің атынан қарсы шағым түсіргенін мәлімдеп еді. Бізге белгілі болғандай,
Қазақстан молдован кәсіпкері Стати мен оның сыбайластарын алаяқтық әрекеттері үшін "Ұжымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы" АҚШ заңы аясында жазаға тартуды сұрап отыр екен.

Айта кетелік, 2017 жылдың желтоқсан айындағы ҚР Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, Ұлттық қордағы қордың көлемі 57,3 млрд доллар болған. Демек, бұғатталған ақша — Ұлттық қордың тең жартысы (!).

Бұдан бұрын осы мәселеге қатысты пікір білдірген экс-премьер Әкежан Қажыгелдин осыншама ақшаның аяқасты шетел банкінен бір-ақ шыққанына қайран қалған болатын. 

«Билік әбден былғанған. Жемқорлықтың ұшар басына шықты.
Халық мұншама ақшаның шетел асқанынан хабарсыз.

Мұндай шешімді кім қабылдап жүр? Бұл – салым. Демек,  түскен түсім бар. Жылына жарты миллиард. Бұл кімнің қалтасында кетті?», – дейді Қажыгелдин.

Дайындаған, Кәмшәт СӘТИЕВА


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар