Президент көтерген салық саясатын жетілдіру, бизнесті қолдау, мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін арттыру, цифрландыру және энергетикалық тапшылықты шешу мәселелері ел экономикасының алдағы дамуына тікелей әсер етеді. Экономист, R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов Мемлекет басшысы айтқан бастамалардың кәсіпкерлік ортаны жақсартып, экономиканың нақты секторын дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының сөзінше, салықтық әкімшілендіруді жетілдірумен қатар, кәсіпкерлерге түсетін бақылау жүктемесін азайту маңызды. Бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін тексерулерді қысқартып, мемлекеттік қызметтер мен әкімшілік рәсімдерді онлайн форматқа көшіру қажет.
"Бизнеске қатысты айтылған ұсыныстардың ішінде маған ұнағаны – келесі жылдан бастап түрлі тексерулерге қайтадан мораторий енгізу мүмкіндігі. Президент Үкімет пен Парламентке осы мәселені қарастыруды тапсырды. Мораторий бірнеше жылға, мүмкін үш жылға енгізілуі ықтимал. Сонымен қатар әкімшілендіру жүйесін жетілдіру қажет. Қазір тексерулер тым көбейіп кеткен. Осыған байланысты кәсіпкерлерден шағымдар түсіп жатыр, ал кей жағдайда мұндай тексерулер бизнестің дамуын тежейді. Президент мәселенің осы жағына да назар аударды", – деді Арман Байғанов.
Экономистің пікірінше, бизнесті қолдау тек тексерулерді қысқартумен шектелмеуі керек. Кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен байланысын цифрландыру, есептілік пен әкімшілік рәсімдерді жеңілдету де аса маңызды.
"Бизнес үшін тексерулер санын қысқарту, мораторий енгізу және әкімшілендіруді онлайн режимге көшіру маңызды. Ал тұрғындар үшін қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін одан әрі дамыту қажет. Менің түсінуімше, Президент Үкіметке осы бағыттағы шаралар мен нақты қадамдарды әзірлеуді тапсырды. Адам міндетті түрде кеңседе отырмай-ақ, ноутбук немесе смартфон арқылы жұмыс істеп, өзін-өзі жұмыспен қамти алуы керек", – деді қаржы кеңесшісі.
Арман Байғанов экономиканың нақты секторын дамытуда «Бәйтерек» холдингінің рөлі арта түсетініне назар аударды. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау өндіріс, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге бағытталуға тиіс.
"Президент “Бәйтерек” холдингі арқылы экономиканың нақты секторындағы бизнеске түрлі бағытта қолдау көрсетілетінін атап өтті. “Бәйтерек” даму институттарын біріктіретін холдинг болғандықтан, кәсіпкерлерді қаржыландыруда маңызды рөл атқарады. Әсіресе ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға және осы салаға көрсетілетін қолдауды күшейтуге басымдық берілмек", – деді ол.
Сарапшы бюджеттен қаржыландырылатын жобалардың санын көбейтумен ғана шектелмей, олардың нақты экономикалық нәтижесін бақылау қажет деп есептейді. Бұл мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
"Негізгі мәселенің бірі – түрлі жобаны бюджеттен қаржыландыру кезінде олардың сапалық жағын қадағалау. Қаражатты жай ғана бөліп қоймай, оның қаншалықты тиімді жұмсалғанын тұрақты түрде бақылау керек. Бұл жобалардың нәтижелілігін ғана емес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де тексеруді білдіреді. Яғни бюджет қаражатының тиімділігіне қатысты мониторинг бұрынғыдан да күшейтілуі қажет", – деді Арман Байғанов.
Экономист Президент көтерген цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі энергетика саласымен тікелей байланысты екенін айтты. Оның пікірінше, электр энергиясы тапшы болған жағдайда жаңа технологияларды кең көлемде енгізу және өндірістің қарқынын арттыру қиынға соғады.
"Президент бүгін әлем бетпе-бет келіп отырған сан қырлы әрі ауқымды мәселелерді қозғады. Ең алдымен цифрландыруға басымдық берді. Қазақстанда бизнес жақсы дамып келеді, алайда цифрландыру үдерісін одан әрі жеделдету қажет. Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді дамыту үшін электр энергиясына қатысты мәселені шешу керектігін атап өтті. Электр қуаты бизнеске де, заманауи технологияларды дамытуға да жеткілікті болуы керек. Қазір елімізде электр энергиясы өндірілгенімен, экономиканың қарқынды дамуы үшін оның көлемі жеткіліксіз. Мемлекет алдағы уақытта бұл бағытқа ерекше көңіл бөлмек. 2029 жылға қарай электр энергиясының профицитіне қол жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар атом электр станциясы кезең-кезеңімен іске қосылады. Президент баламалы энергетикаға да тоқталып, күн энергетикасын дамытуға басымдық берілетінін айтты", – деді сарапшы.
Байғанов Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану экономиканың басқа салаларын дамытуға да серпін беретінін атап өтті. Логистикалық бағыттар мен көлік тораптарының маңында жаңа өндірістер ашылып, отандық өнімнің экспорттық нарығы кеңеюі мүмкін.
"Қазақстан – Шығыс пен Батыстың арасындағы ірі логистикалық хаб. Сондықтан көлік және логистика бағыттарын одан әрі дамыту керек. Соның арқасында көлік хабтарының маңында орналасатын өндірістер мен басқа да сабақтас салалар өркендейді. Біз логистикалық артықшылығымызды тек транзит үшін ғана емес, өз өнімдерімізді осы бағыттағы мемлекеттерге және өзге елдерге сату үшін де пайдалануымыз қажет", – деп қорытындылады экономист.