ЕАЭО нарығына жол ашылады: қазақстандық бизнеске жаңа мүмкіндік

ЕАЭО нарығына жол ашылады: қазақстандық бизнеске жаңа мүмкіндік
gov.kz

Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң екі оқылымда қабылданды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құрылтай мәліметінше, құжат ЕАЭО аясындағы құқықтық реттеуді жетілдіруге, заңнамадағы олқылықтарды жоюға және мүше мемлекеттердің өзара іс-қимыл тетіктерін нақтылауға бағытталған.

Хаттамада Одақтың ішкі нарығы, техникалық реттеу, қызметтер саудасы мен инвестициялар, бәсекелестік, мемлекеттік сатып алу, ортақ электр энергетикасы нарығы және көліктік бақылау салаларын қамтитын 30-ға жуық түзету қарастырылған.

Өзгерістердің бірі – ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде банктік кепілдіктерді өзара тану. Бұл мүше мемлекеттердің кәсіпорындарына өзге елдердің мемлекеттік сатып алу нарықтарына қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық комиссияның ішкі нарықтағы кедергілерді бағалау және жою жөніндегі өкілеттіктері нақтыланып, техникалық регламенттерді біркелкі қолдану мен ортақ электр энергетикасы нарығын реттеу тетіктері жетілдіріледі.

Қабылданған заң ЕАЭО аясындағы экономикалық ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін нығайтып, интеграциялық рәсімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.