БҚО-да “қалталы” депутаттардың айласы ашылды

Сағыныш Сардарова 06 июл. 2025 19:08

Әлеуметтік желіде Батыс Қазақстан облысында мәслихат депутаттары мемлекет қаржысын өз құрылыс компанияларына бағыттап, бюджетті талан-таражға салу схемасын жүзеге асырып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Оян, қазақ!" арнасы мәліметінше, облыстық мәслихат депутаты Дінмұхамед Сәтбаев басқаратын UNISERV компаниясы 2023 жылы “Бөрлі – Аксай – Жымпиты” автожолының құрылысын 15,5 млрд теңгеге бағалаған.

"Алайда арада бірнеше ай өтпей жатып, сол жолдың құны аяқ астынан 27,5 млрд теңгеге дейін шарықтап шыға келген. Қымбаттатуға дауыс бергендердің ішінде Сәтбаевтың өзі де болған", - деп жазылған ақпаратта.

Жолдың сапасы мен құрылыстың неге кешігіп жатқанын тексерудің орнына БҚО әкімдігі мен облыстық мәслихат бұл жобаны бір ауыздан "қосымша қаржыландыру керек" деп шешкен.

"Мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаевтың жетекшілігімен өткен жиында депутаттар бюджеттен тағы 12 миллиард теңге бөліп беруге келісім берген. Нәтижесінде жол құрылысының жалпы құны 27,5 миллиард теңгеге жеткен. Ал жол әлі күнге дейін аяқталған жоқ.

Ең сорақысы, құрылыс құнының қымбаттауын негіздейтін құжаттарда өрескел бұрмалау, аудиторлық есептердегі сәйкессіздік, қала құрылысын бақылау басқармасы мамандарының жалған қолтаңбалары кездеседі. Соған қарамастан облыстық әкімдік жанындағы бюджет комиссиясы бұл мәліметтерге сүйеніп, қаржы бөлуді мақұлдаған", - деп жазылған деректе.

Депутат пен құрылыс компаниясы арасындағы бұл мүдделер қақтығысына құқық қорғау органдары да, мемлекеттік аудит те әзірге үнсіз. Ал "халық қалаулысының" мандаты мен мердігерлік компаниясының мүддесі қай кезде ажыратылады - ол жағы беймәлім.


Рекомендовать
Последние новости