Павлодар облысындағы құтқарушылар зейнетке шығу жасын 63-тен 55-ке дейін төмендетуді талап етуде. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазір елімізде құтқарушылар жалпы тәртіп бойынша 63 жаста зейнетке шығады. Алайда саланың мамандары мұндай ауыр әрі қауіпті қызметке мұнша уақытқа дейін шыдаудың қиын екенін алға тартады.
"Қазіргі құтқарушылардың көбі қызметке 2000-жылдардың басында келген. Қазір олардың жасы 50–57 шамасында. Павлодардағы жедел-құтқару жасағы қызметкерлерінің орташа жасы – 47. Ең үлкеніміз – 61-де. Бұл жаста альпинизммен айналысып, суға сүңгіп, өңірлерге іссапарға барып, адамдарды құтқару оңай емес. Біз дене дайындығын сақтаймыз, бірақ физиология заңына қарсы тұру қиын. Осындай жағдайда ең болмаса 55 жаста зейнетке шығуға мүмкіндік берілсе дейміз", – дейді Павлодар облыстық ТЖД құтқару бөлімінің басшысы Валерий Архипов.
Құтқарушылардың айтуынша, олар МЧС-тің өзге құрылымдарынан айырмашылығы – аттестатталған қызметкер саналмайды. Сол себепті, «еңбек сіңірген жылдар» үшін берілетін зейнетке ерте шығу құқығы қарастырылмаған.
"Қазір техникалық жарақтандыру, құрал-саймандарды жаңарту жағынан ілгерілеу бар. Бірақ зейнет мәселесі көп жылдан бері шешімін таппай келеді, – дейді олар.
Құтқарушылар өз өмірін қауіпке тігіп, төтенше жағдайлар кезінде алғы шепте жүретін мамандардың еңбегі лайықты бағалануы тиіс деп санайды.