Бозымбаев: «Жетісуда туризм экономиканың драйверіне айналды»

Dalanews 24 февр. 2022 08:24 831

Қанат Бозымбаев Алматы облысының даму преспективалары туралы айтып берді. Әкімнің айтуынша, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту және табысын арттыру мақсатында облыста бар әлеуетті негізге ала отырып, іс-қимыл жоспары әзірленген.

Бұл жоспарда өңірлік саясат дәстүрлі салаларға да, жаңа бағыттарға да – қазбаларды өндіруге, көлік-логистика саласына, жаңартылатын энергия көздері мен туризмге де сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға негізделетін болады.

Брифинг кезінде аймақ басшысы облыстың баламалы энергия көздерін пайдалана отырып энергетика саласын дамытудағы мүмкіндігінің мол екенін атап өтті.

2025 жылға дейін жалпы қуаты 398 МВт болатын 320,2 млрд теңгеге 26 жобаны іске асыру және ЖЭК үлесін 42%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Оның ішінде биылғы жылы 179,5 МВт құрайтын 6 нысан іске қосылады. Облыстың электр энергиясын тұтынуы 730,65 МВт, оның ішінде меншікті өндіріс 313,18 МВт, ЖЭК үлесі – 78 МВт немесе 25%.


Экспорттық, сондай-ақ импорттық бағытта жүктерді ауыстырып тиеуге, сақтауға және қоймалауға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Мысалы, «DAR RAIL Infrastructure» компаниясының Достық станциясындағы құны 25 млрд теңге болатын, 150 жұмыс орнын құраты жүк тиеу терминалының құрылысын айтуға болады. Жоба Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы өтетін жылына 9 млн тоннаға дейін жүк пен 300 мың контейнерді тиеуді, сақтауды және қоймалау көзделген.

Минералдық шикізатты өндіру және қайта өңдеу саласына да баса назар аударылатын болады. Облыста уран-көмір кен орындарының бірегей қорлары, сондай-ақ марганец, вольфрам, алтынның бекітілген қорлары, пайдалы қазбалардың үлкен көлемді кен орындары бар.

– Дұрыс жұмыс жүргізе отырып, туризм саласын экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға болады. Алматы тау кластері, Алакөл және Балқаш жағалауларын, ұлттық табиғи саябақтардағы экологиялық туризмді дамыту басымдылыққа ие салалар болып табылады. Алматы тау кластері аясында жалпы сомасы 546,7 млрд теңгеге 8 жобаны жүзеге асыру және 6 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнімдегі туризмнің үлесі 6% - ға дейін артады, – деді спикер.

Жалпы облыстың 2025 жылға дейінгі инвестициялық портфелі құрылып, оған 19 мың адамға жұмыс беретін жалпы сомасы 2,8 трлн. теңге болатын 289 жоба енгізілді.

Рекомендовать
Последние новости